Бетперде кию – енді тұрақты норма
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстанда 5 шілдеде қатаң карантин шектеулері енгізілгелі бері КВИ таралуы 29%-ға төмендеген. Осы 3 апта ішінде елде 35 951 жаңа сырқат тіркелді. COVID-19 дертіне шалдығу деректерінің өсу қарқыны орта есеппен тәулік сайын 1 600 адам деңгейінде тұрақтанды. Яғни, кесел жұқтыру жалғасуда, бірақ әлемді таңғалдырған алапат екпіні бәсеңдеді. Бұл биліктің шектеу шараларын әлсіретуіне негіз болды. А.Цой коронавирус пандемиясы алда қайта өршіп кетуі мүмкіндігін жоққа шығармады. Ал оған жол бермеу үшін мемлекет пен халықтың үш бағыттағы қимылы өзара үйлесімде жүруі тиіс. – Ерекше атап өткім келеді: COVID-19 індетімен аурудың және өлім-жітімнің әрі қарайғы ахуалы экономиканың барлық секторының үйлесімді жұмысына тәуелді болады. Қабылданатын тұрақтандыру шараларының тиімділігі тек 30%-ға ғана медициналық көмек пен эпидемиялық іс-шара сапасына байланысты. Қалған 30%-ы – адамдардың үйден тысқары жерде жаппай бетперде кию режимін және қол гигиенасын сақтауына, тағы 40%-ы – әлеуметтік қашықтықты ұстануға байланысты болады, – деді А.Цой. Ол барлық қазақстандық үшін коронавирус емес, қауіпсіздік пен саламатты өмір салтының әдеттері «жұқпалы» болуы керек деген көркем теңеу келтірді.Қандай шаралар қабылданады?
Біріншіден, мүдделі меморгандар мен жергілікті билік жұмылып, бетперде тағу режимін сақтау үшін бизнесті бақылайды, бизнесмендердің осыған деген жауапкершілігін бірлесе күшейтеді. Мысалы, сауда орнына, дүкеніне бетпердесі жоқ адамның кіріп кетпеуіне кәсіпкер жауапты болады. Бұл ретте бірер жыл бұрын жүрген «жеңіл көлікте қауіпсіздік белдігін міндетті түрде қолдану» науқаны үлгіге алынады: қасындағы жолаушы белдікті тақпағаны үшін жүргізушілер айыппұлмен жаппай жазаланғаны есте. Нәтижесінде, автокөлік иелері бұл тәртіпті өзі ғана сақтап қоймай, өзгелерден де соны талап етуді жақсы әдетке айналдырды. Екіншіден, қазақстандықтар бас сұғатын барлық қоғамдық орында қолды залалсыздандыратын санитайзерлерді орнату уақытша емес, бұдан былай тұрақты талап болып есептеледі. Үшіншіден, барлық ақпараттық арнаны жұмылдыра отырып, халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Төртіншіден, адамдардың 1,5-2 метрлік өзара алшақтық сақтауы – жаңа өмір шындығының тұрақты нормасы ретінде бекиді. Бесіншіден, кеңселер әрі қарай қашықтан жұмысын жалғастырады: қажет болса, қызметкерлер мен жұмыскерлердің 20 пайызы ғана келеді, 80 пайызы үйінен жұмыс істейді. Оқушылар мен студенттерді қашықтан оқыту жалғастырылады. Алтыншыдан, бұқаралық іс-шаралардың барлық түріне тыйым салынады. Себебі той не концерт үстінде адамдардың бәрінің аузын бетпердемен тұмшалап отыруы мүмкін емес.Кімдердің жұмысына рұқсат етіледі?
Денсаулық сақтау министрлігі Мемкомиссияға 3 тамыздан бастап келесі инфрақұрылымдық нысандардың қайта ашылуына мүмкіндік беруді ұсынды. Біріншісі – ірі сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері, жабық азық-түлік және азық-түліктік емес (киім-кешек, көліктердің запастық бөлшектерін, құрылыс материалдарын және басқасын сататын) базарлар. Олардың жұмыс режимі сағат және күн бойынша шектеледі. Екіншісі – балаларға арналған түзету-коррекция кабинеттері, білім беру орталықтары, балаларды дамыту орталықтары. Олардың топтары 5 баладан аспайтын үйірмелерге бөлінуі тиіс. Үшіншісі – балабақшалар және шағын орталықтар: оларда тек кезекші топтар ашылады. Төртіншісі – сұлулық салондары, шаштараздар, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен салондар, маникюр және педикюр салондары: олар алдын ала жазылған клиенттерін ғана қабылдауы керек. Бесіншісі – мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар ашылады. Оларда кеңсе қызметкерлерінің кемінде 80%-ы қашықтан жұмыс істеу режимінде қала береді. ДСМ басшысы әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, далада, табиғат аясында, парктерде жеке және топтық жаттығу жасауға рұқсат етілетінін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық құрамалар 30 адамнан аспайтын құраммен спорттық жаттығуларға қайта кіріседі. Халық көшеде, саябақтарда, скверлерде және жағалауда 3 адамнан артық топтасып жүрмеуі қажет. Автобустар қайта жүре бастайды: оның жұмыс уақыты шектеледі, іші жолаушыларға 50%-дан артық толмауы тиіс. Кондуктордың болуы міндет. Барлық адам автобусқа тек бетперде тағып кіруі керек.Қандай есіктен құлып алынбайды?
Ел Үкіметі бірқатар нысандарды жабық күйде қалдыруға ұйғарды. Тарата айтсақ, көпшіліктің қатысуымен өтетін барлық бұқаралық іс-шараларға, сондай-ақ ойын-сауық мекемелерінің, кинотеатрлардың, фудкорттардың, банкет залдарының жұмысына 3 тамыздан кейін де тыйым салынады. Карантин біткенімен, мейрамханалар, барлар, түнгі және ойын клубтары ашыла алмайды. Бұған қоса, мәдениет нысандарының, музейдің жұмысын, сонымен қатар конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуді де кейінге шегеру көзделіп отыр. Бұдан өзге, спорт залдарының, фитнес-орталықтардың, бассейндердің, аквапарктердің, жағажайлардың жұмысына тыйым салынады. Мешіттер, шіркеулер, синагогалар өз жамағатына есігін аша алмайды. Қала маңындағы жолаушылар пойыздарының, «электричкалардың» қозғалысына, қалааралық автобустар мен микроавтобустардың қатынауына жол берілмейді.Айхан ШӘРІП