Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке коронавирустан қайтыс болғандарға арналған ұлттық аза тұту күніне байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Қырғызстан президентінің ресми сайты.
"Қазақстан халқының және өзімнің атымнан коронавирус пандемиясының құрбаны болған бауырлас Қырғызстан азаматтарына ұлттық аза тұту күні қолдау білдіріп, қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтамын. Қиын сәтте індетпен күресіп жатқандардың бәріне сауығып кетуін тілеймін", - деді Тоқаев жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев қабылданып жатқан шаралар мен қырғызстандықтардың бірлігі алдағы уақытта елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына мүмкіндік жасайтынына сенім білдірді. Ол Қазақстан бауырлас Қырғызстан халқына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.