«Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» дейді халық даналығы. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі, тіпті, артық. Әсіресе, медицина – жүгі ауыр салалардың бірі. Оның ерекшелігі сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сондықтан олар ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болады. Кейіпкеріміз Нұрлан Батпенов те адал еңбегімен абырой тұғырына көтеріліп, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын қолы алтын дәрігер.
Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жан – жастарға үлгі етуге әбден лайықты еңбек адамы. Мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы қасиетті ұғым болып саналады. Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған. «Денсаулық – басты байлық» ұстанымын жүрегіне бекітіп, емдеу саласында жемісті еңбек еткен Нұрлан Батпеновті антына адал, абыройлы жан десек артық айтқандық емес.
Ол 1949 жылы 29 тамызда, Ақмола облысы, Сандықтау ауданы, Балкашино ауылында дүниеге келді. Кез келген міндетті шешуге ұмтылған ақыл, жоғары кәсіпқойлық пен шығармашылық көзқарас – оның басты қасиеті. Адамдарға және өз еліне пайда әкелетін зор шығармашылық әлеует пен ұмтылыс оны қазақстандық Травматология мен ортопедияның көшбасшысы етті.
1972 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын бітірген жас дәрігер Нұрлан Батпенов еңбек жолын Целиноград қаласындағы облыстық клиникалық аурухананың травматолог-ортопедия бөлімінің дәрігер-ординаторы болып бастады.
Үнемі даму үстіндегі Нұрлан Жұмағұлұлы дәрігерлік тәжірибесін институт қабырғасында ғылыми-педагогикалық қызметпен табысты ұштастырды. Ассистенттен бастап проректорға және травматология, ортопедия және әскери-далалық хирургия кафедрасының меңгерушісіне дейінгі жолдан өтті. Ғылыми қызметпен қатар, ол ірі буындардың артроздарын емдеу және диагностикалау саласында бірнеше маңызды практикалық бастамаларды енгізді. 1994 жылы Солтүстік Қазақстанда тізе буынына артроскопиялық зерттеуді енгізіп, 1996 жылы Қазақстанда алғаш рет неміс және швейцариялық протездермен жамбас буынын эндопротездеу әдісін қолданды.
Нұрлан Жұмағұлұлының мінез-құлқының ерекшеліктерінің бірі – сан қырлы ойы мен көрегендігі. Ол Қазақстанда Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтын құру идеясына атсалысып, оны 2001 жылы толығымен жүзеге асыруға көмектесті.
Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Батпенов институт қызметкерлерімен бірге халықаралық форумдарға, конгрестерге, мастер-класстар өткізуге үнемі қатысады. Sicot және EFORT ортопедтер-травматологтардың халықаралық және Еуропалық ассоциациясының мүшесі бола отырып, емдеудің жаңа тиімді әдістерін іздеуде Нұрлан Жұмағұлұлы таяу және алыс шетелдердің жетекші клиникаларымен ғылыми және шығармашылық ынтымақтастықты дамыта отырып, шетелдік ғалымдар мен мамандарды тартады. Соның арқасында Германия, АҚШ, Австрия, Бельгия, Польша, Түркия, Ресей, Украина, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің ғалым-дәрігерлерімен және клиникаларымен тығыз байланыс орнатылды.
Бүгінде институттың мақтанышына айналған неміс ImplantCast компаниясымен бірлесіп әзірленген «ҚазҒЗИ» цементсіз бекіту үшін жамбас буынының эндопротезінің жаңа үлгісі де осы кейіпкеріміздің моделі. Оны әзірлеудің арқасында, 2015 жылы Батпенов бастаған авторлар ұжымы Қазақстан Республикасының Ғылым және техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екені – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. «Ауырмай тұрып денсаулығынды бағала» дегенді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру баршаның борышы.
Профессор Батпенов – «Травматология және ортопедия» журналының редакторы, 2012 жылы өзінің бастамасымен құрылған Қазақстан травматолог-ортопедтер қауымдастығының президенті. Сондай-ақ 2014 жылы директордың бастамасымен институтта Эндопротездеу және артроскопия және спорттық жарақаттар республикалық орталықтары, 2017 жылы республикалық Омыртқа патологиясы орталығы құрылды.
Травматология және ортопедия ҒЗИ жетекші ғылыми-практикалық және ұйымдастыру-әдістемелік орталығы болып табылады. Институт еліміздегі ортопедиялық-травматологиялық қызметті дамытуға елеулі үлес қосуда. Институтта ашылған күннен бастап жоғары технологиялық операциялар, соның ішінде буындарды эндопротездеу сәтті жүргізілуде. Өңірлерде көптеген жағдайларда стандартты операция – бастапқы қарапайым эндопротездеу, ал республикалық буындарды эндопротездеу орталығы базасында негізінен алғашқы күрделі эндопротездеу жүргізіледі.
Осылайша, профессор Батпеновтың басшылығымен институт күрделі операциялар көлемін арттырып, диагностика мен емдеудің ең жаңа әдістерін енгізіп, медициналық қызметтер спектрін кеңейте отырып қарқынды дамып келеді.
Дарынды хирург, тамаша ғалым, отандық медицинаның дамуына түрткі болған және аталмыш саланы басқарған Нұрлан Жұмағұлұлы – бүгінде сүйікті әке мен ата. Оған жақындары, үлкен әрі тату отбасы – аға-інілері, апа-қарындастары, немерелері қолдау көрсетіп келеді. Зайыбы Гүлнар Рыскелдіқызы отағасына ұл-қыз сыйлап, бүгінде тәтті немерелердің қызығын бірге көріп отыр.
Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екені – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. «Ауырмай тұрып денсаулығынды бағала» дегенді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру баршаның борышы.
«Денсаулық – адам жаны мен тәнінің амандығы. Дені сау адам өзі үшін де, ол өмір сүріп жатқан қоғам үшін де керек. Қоғамдағы не бір жұмысты да сол денсаулық иесі ғана атқара алады. Біз осы мақсатта ерінбей еңбек етіп, талмай жұмыс істеп келеміз. Ең бастысы, халықтың алғысына ие болсақ, соның өзі мен үшін үлкен марапат» дейді өзін үнемі еңбек етумен жетілдіріп келе жатқан білікті дәрігер. Иә, қандай атаққа ие болса да, ең бастысы халықтың берген батасы мен алғысына жетпейтіні рас. Ол кісі халық разылығын алып отыр. Халық алғысына бөленген жан бақытты болатыны сөзсіз. Еңбекқор әрі ізденгіш, абырой-беделі үлкен дәрігердің бақыты да, мұраты да осы болса керек.
Нұрлан Жұмағұлұлын өмірде кездестірген кез келген адам оның жай ғана дәрігер емес екенін түсінеді. Өйткені барлық күш-жігерін адамдарға, көптеген жылдар бойы отандық травматология мен ортопедияның қарқынды дамуына жұмсаған адам. Халықтың құрметіне бөлену – елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе. Бұл жерде, ең алдымен, айналаға адамгершілік қасиет әсер ететіні ақиқат. Өйткені адал еңбек ету қажеттіліктен тумайды, ол үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын қолынан іс келетін азаматтардың мойнына алған жауапкершілік жүгінен аңғаруға болады. Нұрлан Жұмағұлұлы бүгінде Травматология және ортопедия ҒЗИ-ның директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасының Ғылым және техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері және еңбек сіңірген өнертапқышы, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас травматолог-ортопеді, Қазақстан травматолог-ортопедтер қауымдастығының президенті, жоғары білікті санатты травматолог-ортопед дәрігер.
Демек, Нұрлан Батпенов ақ халатты абзал жан, өңірдегі денсаулық саласында шаршап-шалдықпай адал еңбек еткен абыройлы жан, мерейлі отбасының басшысы. Адал еңбегінің арқасында елдің алғысына бөленген берекелі де бақытты «Батпеновтер» мерейлі әулетке айналды. Мамандығын мақтаныш еткен жан үшін бұдан артық бақыт жоқ шығар, сірә.
Аңсаған ЕРМЕК