Балаңызды кибербуллингтен қалай сақтайсыз?

Балаңызды кибербуллингтен қалай сақтайсыз?

 

«Әлеуметтік желідегі қудалау өте қорқынышты»...

Мамыр айының соңында жапониялық жас қыз Хана Кимура өзіне қол жұмсаған. Әлеуметтік желіде жазған соңғы жаз­баларының бірінде ол қудалау мен үркітіп-қорқытуға тап болғанын жеткізген. Жас­өспірімдер мен жастар арасындағы суицид тек Жапония үшін ғана емес, Қа­зақстан үшін де аса өзекті. Бүгінде әлемнің 38 елінде суицидтің алдын алу үшін мемле­кеттік деңгейде арнайы бағ­дарла­малар қабыл­данған. Мұндай бағдарламалар өз нәти­жесін беріп те жа­тыр. Бүгінде Еуро­па елдерінде мұндай теріс статистика азайған. Жалпы, оффлайн буллинг мен кибер­бул­лингтің бала пси­хикасына әсері қандай? Буллингті қалай тануға болады? Кибер­буллинг, моббинг немесе троллинг – ағыл­шын сөзінен шыққан сөздер, ол электрон­ды комму­никация құралдары арқылы, атап айтсақ, әлеуметтік желі, электронды хаттар мен SMS-хабарламалар арқылы адамды үркітіп-қорқыту, қоқан-лоққы көрсету, ар-намысына тию, жалған жала жабуды, тіпті харрассментті білдіреді. Мамандардың айтуынша, оң-солын енді танып жатқан бала үшін кибербуллинг шешілмейтін мәселедей көрінуі мүмкін. Егерде аула, мектепте болатын қудалау факті­лері бала үйге келгенде тоқтаса, интернет моббингтің бір жаман жері – ол аптасына 7 күн, тәулі­гіне 24 сағат бойы географиялық алшақтық­қа қарамастан үздіксіз қайталана беріп, бала психикасына кері әсер етуі мүмкін. Қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша подкаст, яғни интернетте теле-радио­бағдар­ламалар стилінде аудио-бейне­файл­дар тарату ісіне белсене араласып жүрген психоаналитик Анна Құдиярова баланы қудалау фактілерін дер кезінде байқаудың маңызын айтады. – Бала кішкентай болсын, үлкен бол­сын, әлеуметтік желілерде қудалау өте қор­­қынышты. Әсіресе, бала кім боламын деп ойлана бастаған жасөспірім кезінде қиын. Бәлкім, әлеуметтік желіде бір баланың достығында небары 250 адам бар шығар. Бірақ жасөспірім кезінде, әсіресе қыз балаға оның ішкі сырын бүкіл әлем білетіндей көрінеді. Егер сіз балаңыздың бойына өзіне деген сенімін арттыра біл­геніңізде, сіздің балаңыз мұндай қиын жағ­дайға тап болмас еді. Бала бәрін біліп өседі, «желіде менің аяқтарым қисық деп жаза беріңдер, бірақ әкем үшін мен хан­шайыммын. Менен артық ешкім жоқ» дейді де, мәселені ешбір салдарсыз жаба салады. Яғни, «Ит үреді, көш жүреді» деген ұстанымда болады, – дейді. Бірақ білікті маманның айтуынша, буллингке шыдамай, төтеп бере алмайтын балалар баршылық. Бұған қатысты Анна Құдиярова: – Ең қорқыныштысы – ит үргенде, жасөспірімнің оған шыдамай, сүрініп-құлауы. Бұған ата-аналар кінәлі. Неге баланың 3-5 жасынан бастап, тіпті көзін ашқан күннен бастап, оның көздерінің әдемі екенін, білегінің күшті екенін айт­падыңыздар? Әке-шешесіне жақын бала қандай мәселе туындамасын, жақын­дары­на жүгіріп барады. Сондықтан әке-шешесі баласының қандай қиындыққа тап болға­нын дер кезінде біледі, – дейді. Ұзақ жылдан бері психоанализбен айналысып жүрген маман мектеп, үй ауыстырғанда,  буллингке дайын болып, баламен бұл туралы ашық сөйлесу қажет­тігін алға тартады. Қудалаудан әлсіз баланы кім қорғай алады? Ең алдымен, жанашыр, дұрыс тәрбие алған сынып­тастары қорған бола алады. Өйткені қор­қытып-үркіту фактілері олардың көз ал­дын­да өтеді. Екіншіден, ата-аналар бала­ларымен мектептегі, ауладағы, желі­дегі соңғы жаңалықтарды талқылап, кіммен дос болып жүргенін, кіммен ренжі­сіп қалға­нын, неге туған күнге бір баланың келмегенін, бәрін-бәрін анықтап сұрап, қоғам тынысының тамырын басып отыруы керек. Кейде ата-аналар коми­тетіне кіре­тін белсенді аналар да жағдай­дың ретте­луіне сеп болуы мүмкін. Бұл тұрғыдан білік­ті маман соңғы кезде психо­логиялық сауатты жас ата-аналардың көбейіп жат­қанына қуанады.    

Кибербуллинг үшін заңға тиісті жаза енгізілуі керек

IT маманы Аршат Ораз білім жүйесінің оффлайннан онлайнға өткен заманында кибербуллингтен сақтану үшін интернетті шектеудің мүмкін емесін айтады. Бүгінгі таңда интернет балалар үшін тек ақпарат пен байланыс құралы ғана емес, білім алу тетігі боп тұр. – Сондықтан балаға ненің не екенін ашық түсіндіруіміз керек. Ол өзіне ұнама­ған нәрсені, әрекетті, реакцияны ата-ана­сына ашық айтуы тиіс. Яғни, балаға ата-анасы онлайн мазақ, қорқыту, үркіту­дің не екенін әрі оның жауап­кершілігін түсіндіруі керек. Тек мектеп психологі емес, үйде де психолог керек екенін түсі­нуі­міз қажет, – дейді. Маманның айтуынша, қазірше мұның нақты жазасы жоқ. – Әлеуметтік желілер де тек қол­дану­шы шағымдарын қабылдап, сол бойынша тиісті шаралар қолданады. Заңды тұрғы­дан мұның қылмыс екенін мойындап, тиісті жаза енгізу керек. Балаға интернет қол­дануға тыйым салғаннан көрі желі әдебін түсіндірген жөн, – дейді Аршат Ораз. Расында да, дамыған елдерде кибер­буллинг Қылмыстық кодекспен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексімен реттелетін заң бұзушылық болып санала­ды. Оңтүстік Кореяда 2007 жылдан бері интернеттегі қудалаумен күресетін арнайы заң бар. Германияда кибермоббинг ұйым­дастырған ересек адам  10 жылға дейін, жасөспірім  5 жылға дейін сотталуы мүм­кін. Интернетте басқа баланы қудала­ған кибербуллерді түзету жұмыс­тарына тарту да қарастырылған. Биылдан бастап Германияда кәмелетке толмаған балалар­мен порно­графиялық сурет алмасқан, анайы әңгіме жүргізген қолда­нушылар үшін жаза тіптен қиындады. Егерде бұрын­ғы заң бойынша, баламен сексуалды си­пат­тағы әңгіме құрған азаматтар қыл­мыстық жазаға тартылса, қазіргі заң бойын­­ша жұмыс бабымен баланың аты­нан  аккаунт ашқан полиция қызметкерімен анайы әңгіме құрғаны үшін де желі қол­данушысы қамауға алынады. Сондай-ақ кибербуллинг үшін Англия, Франция, Канада мен АҚШ-тың бірқатар штатында қылмыстық жауаптылық бар. Посткеңестік елдер үшін интернеттегі қудалау әлі де таңсық нәрсе. Соңғы жыл­дары Ресейде бұл мәселе жоғары деңгейде талқыланып, тіпті «Интернеттегі қауіп­сіздік сабағы» барша мектепте өткізілген еді. Таяуда Facebook қудалауды алдын алу орталығын қайта жүктеді. Бұл ақпараттық ресурс қолданушыларға кибербуллингтен өзін және жақындарын сақтандыруға мүмкіндік береді. Пікірлерді модерациялау қызметі, бейтаныс адамды банға тығу сияқты қосымша қызметтер тағы бар. Бұл тұрғыдан әлеуметтік желі мамандары жыл сайын буллингтен сақтандыру амалдарын жетілдіріп келеді. Қазақстанда әлі күнге дейін кибер­буллинг тиісті заңдарда арнайы көрсетіл­меген. Негізгі арқа сүйейтін бап – Жала жабу бабы. Естеріңізге сала кетсек, биыл­дан бастап президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Жала жабу бабы Қылмыстық кодекстің 130-бабынан Әкім­шілік құқық бұзу­шылық кодексіне ауыстырылған еді. Оған сәйкес, заң бұзу­шы азамат ең кемі 424 000 теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Тіпті, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің тиісті бабы бойын­ша, 2 000-нан 7 000-ға дейінгі АЕК көле­мін­де айыппұл төлеу көзделген. Заңгерлер буллингке тап болған бала­лар мен ересектерге қандай да бір хат келме­сін, оны скриндеп, яғни көшіріп, сақтап отыруға кеңес береді. Әрине, скриншоттың заңи тұрғыдан салмағы болмауы да мүмкін. Бірақ егер сіз өзіңізге қарсы жазылған үркітіп-қорқыту, жала жабу, жеке басқа тиісу хаттарын сақтап, оны нотариуста бекітіп, мықты сарапшы-филологтан әрбір сөздің мән-мағынасын түсін­дір­месімен жаздырып алсаңыз, мо­раль­дық құқыңызды қорғау үшін сотқа жүгіне аласыз. Заңгерлер кибербуллинг үшін тиісті заңдарға арнайы бап енгізу қажеттігін қолдайды. Өкінішке қарай, көп жағдайда интернетте қудалап, суицидке итермелеген адамдар жеңіл жаза – айып­пұлмен құтылып отырады. Психо­логтар «ар жазасы біреуде бар, біреуде жоқ» дейді. Яғни, киберқылмысты біреудің арына қалдыруға тағы болмайды. Еуропа мен АҚШ елдеріндей кибер­буллингті зерттеп, заңға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу – уақыт талабы.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ