Абай ілімін әлем танысын
Абай ілімін әлем танысын
365
оқылды

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста». Абай даналығына таң­­данасың, сүйсінесің. Адам болу мен жол табу аралығында айт­қандары – өмірлік үлгі. Бұл формуланы тек біздің білгеніміз жара­­мас. Әлем Абай философиясының тереңіне бойлауы қажет. Осы мақсатта Бақтыгүл Маханбетова бастаған топ игі бастама көтеріпті.

«Абайдың дара жолымен» қо­ғам­ды ізгілендіруге үлес қос, қазақ бала­сы». Бастама бастауы – осы. Абай ілімі әлемді араласын дегендер бағдарламаға үлес қоса алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 30 ма­мыр­­­­дағы №55 жарлығында хакім Абай­­дың 175 жылдығын Біріккен Ұлт­­­­тардың Білім, ғылым және мәде­ниет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕС­КО) мен Халықаралық түркі мә­дениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) ая­сын­да тойлауды ұйымдастыру мәсе­ле­сін көтерді. Абай мен әлем тоғысуы үшін нақты бағдарлама жоспары қа­жет. Осыған орай, әдеби агент Ба­қыт­гүл Маханбетова, Диляра Линд­сей, Марат Омаров, Ксандра Си­ланть­е­­нің турне өткізсек деген ниеті бар.

«Абайдың дара жолымен» мега-фестивалі әлемнің 10 елінде турне ұйымдастырмақ. Жоба мақсаты – шығармалары жаһанның отыздан астам тіліне аударылған ақынның «Толық адам» ілімін алты құрлыққа таны­ту. Фестиваль жұмысын ұйым­дас­тыруға абайтанушы ғалымдар, әде­биеттанушылар, жазушылар, ақындар, суретшілер, өнертанушы­лар, мәдениеттанушы­лар, музыкант­тар атсалысады.

«Халықаралық деңгейдегі іс-шара­ның уақытылы қолға алынып, қол­дауға ие болуы мемлекеттік ма­ңы­зы бар іс екеніне сенімдіміз. Жоба аясында 2019 жылдың қазан айынан бас­тап 2020 жылдың шілдесі ара­лы­ғын­да 10 елді, атап айтар бол­сақ,Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Еги­пет, Қытай, Армения, Венгрия, Жапония, Россия, АҚШ, Грузияға сапар шегеміз. Жалпы бағдарламаға қыс­қаша шолу жасайын. Әдебиет­ші­лер үшін эсселер байқауы, ақын­дар­дың Абайға арнауы өз алдына бір бәйге ретінде қарастырылған. Абай­та­ну­шылар үшін дөңгелек үстел, ғылыми-практикалық конференция, форум жоспарда тұр. Абай ауданы зия­лы қауымы ұлы ақын елінен сәлемін жолдап, Абай мұражайынан тікелей эфирге шығып тұрады. «Абай оқуларының» 20 жылдығына орай, көркемсөз оқу шеберлеріне жақсы бір мүмкіндік туып тұр. Абай поэзия­сын жатқа білетін, «Қара сөздерін» жүрегімен сезінген жандар үшін де арнайы бәйге бағыты бар. Қолөнер шеберлері көрмесін өткізсе, сурет­ші­лерге Абай поэзиясы бойынша тақырыптық иллюстрациялар, порт­рет­­тер байқауы жарияланады.   Мә­де­­­н­иет бөлімі бойынша «Абай әнде­рі­нің тарихы» және «Бірге ән сала­йық», қазақтың өнер шеберлерінің және танымал композитор Марат Омаровтың концері өткізіледі. Абай ән­дерінен флэшмоб ұйымдастыры­лад­ы. 2020 жылдың тамыз айында елі­міздің бас қалаларында, ұлы Абай­дың елінде қорытынды форум, фес­тиваль өткізіледі. Арнайы әділ­қа­зылар алқасы жоба барысындағы бәйге жеңімпаздарын анықтайтын болады. Он ай бойы өткен шарадан деректі фильм түсіріледі. Ақындар арна­уынан жинақ шығады. Абайта­ну­шы ғалымдардың зерттеулері шет тілдерге аударылады» дейді Бақытгүл Маханбетова.

Абай тұжырымын әлемнің жа­қы­нырақ тануы, жобаның жүзеге асуы үшін қолдау қажет. Ұйымдас­ты­­­рушылар БАҚ өкілдерінен ақпа­рат­­тық қолдау күтеді. Жанашыр аза­маттардың жобаға атсалысқанын қалайды.

«Абайды оқы, таңырқа» дейміз. Біздің ақын кемеңгерлігіне көзіміз жетеді. Енді Абай ілімін оқып, әлем таңдансын. Таңданып, Абай туған топыраққа ат басын бұрсын. Осы­лай­ша, әдебиет экономика әлеуетін көтер­сін.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ