«Біз әрине, қолұшын берген барлық мемлекетке ризашылық білдіреміз, бірақ қазір сыртқы көмекке сонша зәру емеспіз». СҚ-Фармация басшылығының байламын бір сөйлеммен осылай түюге болады. Мемкомиссияның шешіміне сәйкес, дәл осы ұйым гумкөмекті қабылдау және бөлу жөніндегі бірыңғай оператор ретінде айқындалғаны мәлім. СҚ-Фармация ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев Қазақстан дәрі-дәрмекпен өзін-өзі қамтамасыз ете алатынын атап өтті: «Гуманитарлық көмек – серіктес елдердің ізгі ерік-жігерінің нышаны, бірақ Денсаулық сақтау министрлігі соған қатты сүйеніп отырған жоқ».
Қолұшын созған қос алпауыт
Қазақ еліне ізгілік көмек көрсетуде Қытай белсенділік танытып келеді. Шығыс көрші бізде 16 наурызда төтенше жағдай режимі жарияланғанда іске кірісіп кетіпті. 20 наурызда Нұр-Сұлтанға 9 935 бетпердеден, 409 қорғаныс көзілдірігінен, 100 000 қолғаптан тұратын алғашқы партия келіп жетті. 2 сәуірде Алматыға Шанхайдан коронавирусты анықтайтын 84 тест-жүйе, 1 мың комбинезон, 500 инфрақызыл термометр, 1 мың көзілдірік, 1 мың хирургиялық қолғап жөнелтті. Бұдан Шыңжаңдағы мұсылман бауырлар да тыс қалмады: 9 сәуірде Шыңжаң-ұйғыр автономды ауданы елордаға 2 мың қорғаныс костюмін, 54 380 медициналық бетперде, 700 Иджихао түйірін, 1 400 Лянхуа Чинвэн капсуласын, 1 400 Зукаму түйірін, 467 азитромицин, 112 хлорохин фосфат таблеткасын және 2 инвазивті емес желдеткіш жіберіпті. Шың елі ары қарай өз жәрдемін Alibaba Group, Huawei Technologies, AstraZeneca, Miniso компаниялары арқылы көрсете бастады. Оның арасында 5 010 қорғаныс костюмі, 629 мыңдай әртүрлі марка мен мақсаттағы бетперде, 50 мың қолғап, 600 термометр, 500 комбинезон, 30 желдеткіш, 50 016 коронавирус РНК-сын анықтауға арналған жинақ бар. Көршінің соңғы көмегі 24 шілдеде Алматыға жеткізілген. Осылайша, бізге берген гуманитарлық жүк көлемі жөнінен ҚХР алдына қара салмайды. Дегенмен, ақпарат құралдарына пікір білдірген сарапшылар мен саясаттанушылар SARS-CoV-2 вирусы төрткүл дүниеге Қытайдан тарағандықтан, бұл мемлекеттің өзгелерге жәрдемі «ізгілікке» емес, әлдебір «құн төлеуге» көбірек келетінін айтуда. Бұл ретте ҚХР-ды өзге елдерге келтірген шығынын өтеуге мәжбүр ету идеясын АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған болатын. Жақсының жақсылығын айт деген, Қазақстан бауырлас түрік елінен қуатты қолдау көруде. Түркия да республикамызда індеттің таралғаны анықталып, сырқаттар саны өсе бастағанда мейлінше тез көмекке келіпті. 30 наурызда Нұр-Сұлтанға дәрігерлерге арналған 1 000 бірлік FCV4153 Easy flow жинағын, 1,5 мың бетперде, 750 қолғап, костюмдер жіберді. 18 сәуірде түркиялық Nobel İlaç фармкомпаниясы атропин сульфаттың 400 ампуласын, екпеге арналған тазоджект ерітіндісінің 500 флаконын, 1 500 азакс таблеткасын, 150 рифампицин ампуласын, 3 200 мукозеро таблеткасын, 5 000 асимплекс ұнтағын, 500 диклорон SR таблеткасын Алматыға жеткізіп берді. Осы елдің Abdi Ibrahim фармкомпаниясы 18 наурызда 1 760 комбинезонды, ал 11 мамырда – 7 500 ацетилцистеин және 100 000 бірлік Kutlu (хлорохин) әкелді. Түркиядан 14 мамырда Алматыға – 149 900 маска, 50 қорғаныс экраны, 100 көзілдірік, 295 комбинезон, 200 дезинфекциялық құрал, 14 шілдеде Нұр-Сұлтанға – 261 500 бетперде, 34 420 комбинезон, 1 996 қорғаныш экраны, 2 ПТР құрылғы, 30 мың ПТР-ға арналған тест жинағы, вирустың нуклеин қышқылын бөлуге арналған 30 мың жиынтық, 10 000 гидроксихлорохин таблеткасы, 29 өкпені жасанды желдету аппараты, 26 оттегі концентраторы тиелген ұшақ қонды. Жәрдем одан кейін де толастаған емес: Алматыға 31 шілдеде 200 мың маска, 1 тамызда 1 000 бірлік фавипиравир, 50 мың бетперде келіп жетті.Ауқымынан дақпырты үлкен болды
Алдымен биылғы 1 сәуірде ресейлік және отандық ақпарат құралдарында: «Қазақстан коронавирусқа байланысты Ресейден гуманитарлық көмек сұратты» деген ақпарат тарады. 10 шілдеде «көптен күтілген» сол көмекке де қол жетті. Бұл оқиға әсіресе, Ресейдің федералдық телеарналарында, сондай-ақ еліміздегі орыстілді басылымдарда кеңінен дәріптелді. Тіпті, тегін бір сөз айтпайтын блогерлер жамырай үн қосты. Солтүстік көршіге және жеке В.Путинге алғыс айтушылар көбейді. Бұдан шошынса керек, Мемдума депутаты, ЛДПР басшысы В.Жириновский Қазақстанға гумкөмек жіберу ісін қатаң сынға алды: «Өзге елдерге, Қазақстанға, Қырғызға және басқасына көмек көрсетуге түбегейлі қарсымыз. Егер күшімізді шетелге шаша берсек, өзімізге аз тиеді. Бірінші өз өңірлерімізді дәрімен, ӨЖЖ аппаратымен қамтып алайық!» – деді даукес саясаткер. Қынжылтатыны сол, елордада әуе көлігінен түсіріліп жатқан ресейлік қораптарда не бар екеніне мән берген ешкім болмады. Шындық енді ашылып отыр. Уәде нардай, аты дардай, ал заты «тарыдай» ғана болып шықты. Сонымен, «СҚ-Фармация» дерегінше, Ресей Федерациясынан келген гумжүкте 44 775 синтетикалық киім жиынтығы, 370 мың бірреттік медициналық бетперде, сынақтан өткізу үшін 3 928 коронавир таблеткасы, сонымен қатар қазақстандық сырқаттардың клиникалық материалынан РНК/ДНК бөлуге арналған 500 реагент жинағы, РНК*Реверта-L матрицасында ДНК алуға арналған 500 реагент жинағы, 500 ПТР-ге арналған реагент жинағы ғана болды. Байқап отырсаңыз, көрші алпауыттың ізгілік жүгі, шынында төл вакцинасын сынап көруге және оның нәтижелерін тіркеуге арналғаны аңғарылады. Ол сынақ қорытындысын көрші ел жария етпеді. Ресейлік ақпарат агенттіктері коронавир вакцинасының пайдасынан зияны көп екенін, мысалы әйел бойындағы ұрықты өлтіретінін жазды. РФ құқықтық ақпарат ресми порталында Қазақстанға бұл көмек 900 млн теңгеге бағаланыпты. 17 шілдеде Ресейден бірер қорап көлемінде тағы да көмек тасымалданды: ол жаңа сынақ препараттан – 320 қорап коронавирден тұрады. Оған бірер мың бетперде мен костюм қосылыпты.Ізгілік таныту – ырымға жақсы
Біріккен Араб Әмірліктерінен 6 сәуірде Нұр-Сұлтан – 14 400 комбинезон, 15 000 қорғаныс киімін, 500 мың қолғап, 32 мың бахила, 6 мың санитайзер және 20 мың бетпердені, ал 26 шілдеде Шымкент – 1 млн 999 мың 340 бетперде, 50 желдеткіш және 1 250 шипалы шай алды. Қос мегаполис осы заттарын әр өңірдегі 17 қаламен бөлісті. Пәкістан қазақ еліне – 60 мың,ал Үндістан 30 мың гидроксихлорохин препаратын жіберді. Безгек-малярияға қарсы осы медикамент бүгінде COVID-19 инфекциясын емдеудегі ең басты дәрінің біріне айналды. Жапониядан 30 наурызда елордаға – 200 комбинезон, 32 қорғаныс көзілдірігі, 2 мың тестер, 14 мамырда Алматыға 12 200 қорап авиган (фавипиравир) вакцинасы келді. Германия 16 шілдеде елордаға 1 мың бетперде, 597 бірлік парацетамол, 59 ASS Ratiopharm медикаментін, 67 ибупрофен, 30 азитромицин, 20 тамифлю, 40 амоксиклав жөнелтті. Мейірімділік акциясынан қалыс қалмау үшін АҚШ елшілігі әр өңірдегі ауруханаларға теңдей бөліп, жалпы саны 200 комбинезон, 200 бахил, 200 көзілдірік, 2 625 бетперде, 10 199 қолғап таратты. Грузия – 60 мың медициналық бетперде, 400 биоқауіпсіздік костюмін, 60 медициналық костюмді; Польша – 8 550 демезон (дексаметазон) және 2 400 мепрелон (метилпреднизолон); Словения – 1 мың гидроксихлорохин; Чехия – 10 оттегі конденсаторын, 641 костюм, 700 бетперде, 1 мың қолғап, 300 бетке арналған қорғаныс экранын; Израиль – 350 қорғаныс костюмін (бұл елден тағы 10 өкпені жасанды желдету аппараты, 10 мың бетперде келе жатыр), Сингапур – 15 ОТ-ПТР-тест, Тайвань – 3 экспресс-тест жіберген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көмегі де елеулі. Нақтылай кетсек, 20 мамырда ұйым Нұр-Сұлтанға 56 000 қолғап, 3 900 халат, 50 инфрақызыл термометр, 4 мың хирургиялық баскиім, 2 700 бірлік биологиялық қауіпті қалдықтарды утилизациялауға арналған қап, 36 мың бетперде, 2 400 респиратор, 6 мың дана бетті қорғайтын мөлдір қалқан, 750 қорғаныс көзілдірігін, 4 мың бахила тапсырды. 11 шілдеде Алматыда ДДСҰ бюросы 431 200 бетті қорғайтын қалқан, 62 600 көзілдірікке арналған қорғаныс құралын, 115 500 медициналық халат, 312 000 бетперде, 879 000 респиратор, ал 3 тамызда 80 оттегі концентраторын табыс етті. Тағы 500 ПТР-тестін қоса ұсынды.Коррупциямен күресушілер бақылап отыр
«СҚ-Фармация» мәліметінше, гуманитарлық көмек басым көпшілігінде өңірлер арасында біркелкі бөлінді. Әйтсе де, астана және Алматы қалаларына кейбір заттар көбірек тигені аңғарылады. Мәселен, Түркиядан түскен тегін комбинезондар өңірлерге 100 данадан үлестірілсе, қос ірі мегаполис – 400-680-нен алыпты. Қытайдың медқолғабы өзге өңірлерге 5-10 мыңнан, ал бұл қалаларға 20 мыңнан тиіпті. БАӘ-нің қолғабынан елордаға 260 мыңы берілген, басқасына 15 мыңнан ұсынылған. Ортаға мол қытай бетпердесі тасталғанда елордаға 12 мыңы, қалғанына 2 мыңнан келіпті. Бірыңғай оператор кестесінде көрсетілгендей, батыс өңірлер – Ақтөбе, Атырау, Орал, Ақтау қалалары азырақ алған екен. «СҚ-Фармация» гуманитарлық жүкпен келген дәрі-дәрмекті және медициналық бұйымдарды нарықта, дәріханаларда сату туралы фактілер расталмағанын хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігі гумкөмекті қабылдау және өңірлер арасында бөлу мәселесін «қатаң бақылауға алды». Облыстарға және үш мегаполиске жеткізілгесін ізгілік жүктің одан әрі ауруханалар және стационарлар арасында таратылуын әкімнің жауапты орынбасары қадағалайды. Олар ДСМ-ге және Үкіметке есеп ұсынып отырады. Шетелдік өтеусіз гуманитарлық көмектің із-түзсіз жоғалып кетпеуін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік бөлімшелері бақылауға алды. Оның қызметкерлері волонтерлермен бірге тауарлардың әр өңірде ақырғы тұтынушыға – медұйымға дейін тасымалдануын назарға алып, жүкке ілесіп жүреді. Сонымен қатар агенттік өкілдері Денсаулық сақтау басқармалары мен медициналық ұйымдар ұжымы арасында профилактикалық жұмыс жүргізіп, гумкөмектің талан-тараж болуына жол берілмейтінін, оны тек аурухана аясында ғана жұмсау керегін түсіндіруде. Ал ізгілік жүгінің бұйымы ұрланбауы және сатылмауы үшін оның әр қаптамасына «Гуманитарлық көмек – ТЕГІН» деген таңба басылады. Әзірге гумкөмектің қолды болуына қатысты қылмыстық істер қозғалған жоқ.