– «Nur Otan» партиясы жариялап, өткізгелі отырған праймериз біздің еліміз үшін жаңалық болғалы тұр. Әуелі осы институттың тарихына тоқталып, халықаралық тәжірибесін айтып өтсеңіз.
– Ең әуелгі праймериз 1842 жылы АҚШ-тың Пенсильвания штатында өткен. Алайда праймериз туралы алғашқы заң 1901 жылы Флорида штатында қабылданыпты. Байқап отырғаныңыздай, бұл институттың түпкі отаны – Америка. Ол кезден бері қанша заман өтті. Праймеризді өткізу тәсілдері дамып, түрлі жаңа қағида қалыптасты. Әрбір мемлекетте праймериз сол елдің саяси мәдениетіне сай ерекшеліктерге ие. Десек те, оның басты мақсаты өзгеріссіз қалды. Праймериз – саяси партия атынан сайлауға түсетін үміткерлерді алдын ала дауыс беру арқылы іріктеп алу механизмі ретінде қалыптасты. Халықаралық тәжірибеде бұл процесс «алдын ала сайлау», «бастапқы сайлау» атауымен де таныс.
Өткен ғасырдың соңынан бастап бұл институт әлемде кеңінен тарай бастады. Әсіресе, Еуропа елдерінің саяси партиялары праймеризді саяси ұйымды нығайтудың құралы ретінде кеңінен пайдалана бастады. Бүгінде көптеген елде ол сайлау науқанының ажырамас бөлігі. Германия, Түркия, Аргентина және Уругвайда үміткерлерді алдын ала іріктеу – партияның сайлауға қатысуының міндетті шарты. Ал Канада, Франция, Италия, Оңтүстік Корея және Ресейде праймериз саяси партиялардың өз бастамасымен өткізіледі.
– Өткен ғасырдың соңынан бастап праймеризге қызығушылықтың артқанын айтып отырсыз. Бұған не себеп болды?
– Басты себеп шетелдердегі жетекші саяси партиялардың қоғамда туындап отырған сұраныстарға лайықты жауап беруге талпынысы дер едім. Әлемдік саяси партиялардың тарихына қарасақ, праймеризді өз елдеріне алғаш алып келген де сол уақыт сынына дер кезінде жауап бере алған саяси ұйымдар. Мәселен, жарты ғасырдан аса уақыт бойы Жапонияның билеуші саяси күші болып келе жатқан Либералды демократиялық партия 80-жылдардың ортасынан бастап төмендей бастаған рейтингін нығайту үшін партияішілік сайлауды қолдана бастады. Бұл партия ішінде кадрлық шешімдер қабылдауды демократияландыру арқылы саяси ұйымға сайлаушылардың сенімен арттыруға бағытталған еді. Нәтижесінде партияның беделі артып, ықпалы кеңейе түсті.
Екіншіден, бұл саяси коммуникация құралдарының кеңейуімен байланысты. Азаматтық сана дамыған ақпараттық қоғамда саяси партиялардың сайлау кезінде ғана көпшіліктің алдына шығуы арқылы билікке жетуі, көпшіліктің сенімін қалыптастыруы мүмкін емес.
Оның үстіне, үміткер мен сайлаушы арасында алдын ала коммуникация болмағаннан кейін кейбір үміткерлер сайлау науқаны кезінде тұрғындардың нақты мәселелерін жете білмей жатады.
Ал праймериз – үміткерді электоралды науқан басталғанға дейін өз сайлаушыларымен диалог орнатуға, тұрғындардың түйткілдерімен тереңірек танысуға итермелейді. Ол сайлаушылардың үміткерге және партияға сенім деңгейін сайлауға дейін қалыптастыруға жол ашады.
Мәселен, АҚШ-та президенттікке үміткерлерді «бастапқы таңдау» процесі сайлау науқаны басталғаннан жарты жыл бұрын қыза түседі. Партия атынан президенттікке үміткер бірнеше тұлға өз бағдарламаларын ұсынып, қоғам алдында ашық түрде өзара тартысқа түседі. Америкалықтардың неғұрлым көбірек қолдауына ие болған тұлға жалпыұлттық сайлауда партия атынан додаға түседі.
Демек, праймериз арқылы саяси ұйымдар біріншіден, додаға түсетін, көпшіліктің қолдауына ие шын жүйрікті анықтауға қол жеткізеді. Екіншіден, үміткерді сайлау алдында тағы бір шыңдап, ашық саяси сайысқа дайындап алады. Үшіншіден, партияның бағдарламасын сайлаушыларға алдын ала таныстыруға, оны көпшіліктің талап-тілектерін ескере отырып сайлауға дейін пысықтап алуға мүмкіндік алады.
– Қазірдің өзінде әлеуметтік желілерде, жалпы қоғамда азаматтардың «Nur Otan» праймеризіне деген қызығушылығы артып отырғанын байқап отырмыз. Праймериз партия өміріне қаншалықты жаңалық алып келеді?
– «Nur Otan» өткізгелі отырған праймериз тек партия үшін ғана емес, тұтас еліміздің саяси өміріне түбегейлі жаңаша дем береді деп айтар едім.
Өзіңіз қараңызшы, осы күнге дейін Қазақстандағы саяси партиялар сайлауалды тізімдерін партиялық көпшілікпен келіспей жасап келеді. Тізімдер партия съезінде ғана жарияланып, бекітілетін. Бұл – барлық партияларға қатысты.
Нәтижесінде сайлауға түсіп депутат болсам, ел мүддесіне қызмет етсем деген ой-ниеті, ерік-жігері бар адамдар тасада қалып қойды. Қабілеті де, білімі де Парламент депутаты болып көпшіліктің атынан өкілдік етуге жетерлік, талпынысы да бар азаматтар біздің елде жетерлік. Қазір біз осындай азаматтардың дауысын өкілетті органдардан емес, басқа жерлерден естіп жүрген жайымыз бар.
«Nur Otan» осы азаматтарға жол ашуды көздеп отыр. Праймериз – елдің ықыласына бөленген, ерік-жігері ерен, жергілікті жерлердегі көпшіліктің мұраты үшін күресуге, партия атынан тұрғындарды мазалап отырған мәселелерді шешумен айналысуға дайын адамдарды іріктеп тізімге енгізуді көздейді.
Осылайша, еліміздің саяси тарихында алғаш рет Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлерді іріктеу ашық бәсеке жағдайында өтпек. Бұл – үлкен өзгеріс және көпшілік көптен күткен оқиға десем артық болмайды.
Ол праймериз өткізудің әлемдік тәжірибесінде кездесетін дебат, тұрғындар арасында ашық үгіт-насихат өткізу, рейтингтік дауыс беру сияқты демократиялық элементтермен толықтырылған. Сонымен қатар алғаш рет праймериз нәтижесінде жасақталатын партиялық тізімнің 30%-ы әйелдер, 20%-ы жастар болуы тиіс деген ұстанымдар жарияланып отыр.
Ең бастысы, праймеризге саяси ұйымның мұраты жолында күресуге дайын кез келген азамат өзін-өзі ұсынып, қатыса алады.
– Коронавирус пандемиясы бүгінде өмірдің барлық саласына ықпал етіп, өзгеріс енгізіп жатар. Осы орайда, ел тарихындағы бастапқы партиялық сайлау–праймериздің өзі онлайн форматта дауыс беру арқылы өтпек. Партия бұған қаншалықты дайын?
– Өзіңізге белгілі, коронавирус пандемиясы әлем елдерінде көпшілік қатысатын шаралардың шектелуіне алып келіп отыр. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясы праймеризді онлайн форматта өткізуге тиянақты дайындық өткізді. Мұндағы басты ұстаным – азаматтардың денсаулығына қауіп төндірмеу, сонымен бірге қазіргідей күрделі кезеңге қарамастан, олардың елдің қоғамдық-саяси өміріне араласуына мүмкіндік жасау.
Жуырда партияның Саяси кеңесі праймериз өткізу ережесіне партияішілік сайлауда онлайн форматта дауыс беру механизмін пайдалану жөнінде толықтыруларды қабылдады.
Осы орайда, онлайн сайлау өткізудің әлемдік тәжірибесі мұқият зерделенгенін атап айтқым келеді. Мұндай тәсіл көптеген елде қолданылып келеді. Онлайн дауыс беруді тәжірибеге енгізген елдер қатарында АҚШ, Аустралия, Үндістан, Испания, Тайланд, Оңтүстік Корея, Финляндия, Швецария, Эстония және Ресей бар. Украина да бұған дайындық үстінде.
Мәселен, АҚШ-та 2000 жылдың өзінде демократиялық партия жекелеген штаттарда президенттік праймеризде интернет арқылы дауыс беру өткізді.
Партияның тапсырысымен әзірлеген «Праймериз» арнайы ақпараттық жүйесі партияішілік сайлауды өткізуді, соның ішінде дауыс беру, дауыс санау, сайлау нәтижесін шығару процестерін автоматтандыруға бағытталған. Бұл жүйеде дауыс берудің қауіпсіздігін, яғни бөгде адамдардың сайлау процесіне араласуына, әсер етуіне жол бермеу мәселесі қатаң ескерілген. Жеке деректер мен берілген дауыстардың құпиялылығына кепілдік беріледі.
– Партияның праймеризге, оның онлайн форматта өтуіне дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде екені туралы партияның басшылығы аз айтып жүрген жоқ. Сонда да болса алдағы праймериздің ең маңызды тұсы не деп ойлайсыз?
– Бұл сұрақтың астарын түсініп отырмын. Әрине, ең басты мәселе және праймериздің нәтижелі өтуінің басты көрсеткіші – ол оның ашық және шынайы бәсеке жағдайында өтуінде. Партия басшылығы, өңірлердегі партия мүшелері бұған мүдделі. Бұл праймериз тек партия шеңберіндегі ғана емес, ол жалпыұлттық сипаттағы жоба. Осыны ұғынғандықтан, еліміздің белсенді азаматтары, танымал қоғам қайраткерлері партияны қолдаушылар лигасының төңірегіне жиналып праймериздің әділ, ашық өтуіне бақылау жасауға бел буып отыр. Бұл – қуанышты жағдай. Осындай бастамашылдықты еліміздің әрбір азаматы көрсетуі тиіс деп ойлаймын.