Алыс-жақын шетелдердегі этникалық қазақтар мен тарихи Отаны Қазақстанға қайта оралған қандастарымызға мәдени, білім беру және құқық салаларында қолдау көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы елімізде «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылғаны баршаға мәлім. Осы «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бірлесе отырып биылғы жылдың ақпан айында «Ана тілім – ардағым» халықаралық шығармашылық байқауын өткізген болатын.
Қор ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және ұлтымыздың ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнап 1-21 ақпан аралығында алыс-жақын шетелдердегі этникалық қазақ балалары арасында қандастардың қазақ тілі мен әдебиетіне құштарлығын арттыра түсу үшін шығарма жазудан жаһандық байқау жариялады. Жоспарлы жобаның шартына сәйкес конкурсқа 8-11-сыныпта оқитын қазақ балалары қатысып, талапкерлер Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының ғаламдық тұлғасы мен шығармашылығын дәріптеп жазған шығармаларын қордың электронды поштасы арқылы қазылар алқасының қарауына жолдады. Шекараның арғы шебіндегі қазақ балаларының қарым-қабілетін, тіл білімі мен әдеби танымын танытатын конкурсқа Моңғолия, Өзбекстан, Иран және Беларусь елдерінде тұратын ұлты қазақ мектеп оқушыларынан ұзынсаны 35 шығарма қабылданды. Негізінен, бағалы 6 жүлдені алған көршілес Өзбекстан мен Моңғолиядағы Баян-Өлгей аймағының өрендері. Алдын ала ақпарат таратылып, жаһанға жар сала жарнама жасалғанымен, отандастардың байқауға қатысу белсенділігі төмен болғанын ашып айтқан жөн. Шығарма жазуға шынайы ниеті болғанымен, тіл білімінің таяздығынан сайысқа қатыса алмаған қандастардың қарасы қалың.
Осы бағытта өткен байқаудың тағы бірі – «Абай әлемі». «Отандастар қоры» онлайн форматта қолға алған бұл жоба әлеуметтік желілер арқылы #OtandastarAbai175 хэштегімен бейнежазба (видеоролик) жолдау әдісі бойынша жүргізілді. Алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыздың және өскелең ұрпақтың ұлттық жадын жаңғырту және жасампаз тұлғаны жаһанға ұлықтап, әлемдік деңгейде әйгілей түсу мақсатында өткізілген «Абай әлемі» халықаралық байқауында басты Абай өлеңдерін, қара сөздерінен үзінді оқу және әндерін орындау талабы қойылған-ды.
Екі айға созылған байқауға Моңғолия, Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қарақалпақ Республикасы, Украина, Беларусь елдерінде тұратын этникалық қазақ жастарынан (18 бен 35 жас аралығындағы) ұзынсаны 40 бейнеролик қабылданды.
Халықаралық ауқымда өткізілген екі байқауда да байқалған басты түйткіл– шетелдердегі этникалық қазақтардың, оның қатарында қандас жастардың ана тілін жетік меңгермегені, тіл білімінің төмендігі салдарынан қазақ әдебиеті мен тарихын терең танып-білмейтіні тайға таңба басқандай айқын аңғарылды. Бұл – теріс тенденция, ол әсіресе кәмелет жасына толмаған жеткіншектер арасында белең алып келеді.
Көршілес Өзбекстан Республикасы мен Моңғолиядағы қандастардың қазақ тілін меңгеруі мейлінше көңіл көншітерлік деуге болады. Өйткені аталған екі елдегі этникалық қазақтар қалың шоғырланған аймақтарда мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті аптасына екі сағат оқытылады, бірақ Қазақстан тарихы пәні оқытылмайды. Бүгінде бейресми дерек бойынша, Өзбекстанда 1,5 миллион қазақ тұрады, алайда ресми статистикаға сүйенсек, көршілес елде 850 мың қандасымыз мекендейді. Мұнда қазіргі таңда 372 қазақ мектебі бар. Аталған мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті аптасына 2 рет, әрқайсысы 1 сағаттан өткізіледі.
Ал Моңғолия еліндегі этникалық қазақтардың жалпы саны 150 мыңға жуықтайды, оның 100 мыңы Баян-Өлгей өлкесінде тұрады. Мұнда да ұлттық мектептерде ана тілі сабағы аптасына 2 рет өтеді.
«Отандастар қоры» жоғарыда аталған мемлекеттердегі мектептер мен кітапханаларға оқулықтар, методикалық құралдар және көркем-әдеби кітаптар жеткізіп беруде шама-шарқынша қолдау көрсетіп келеді. Жалпы, Өзбекстан мен Моңғолияда қазақ тілін оқытып-үйрету жүйелі түрде жүзеге асып жатқанымен, алдағы кезде үкіметаралық келісімдер барысында ұлттық мектептердегі оқу бағдарламасын жетілдіріп, ана тіліне бөлінетін сағат санын екі есе арттыру, яғни қазақ тілі мен әдебиетін аптасына 2 реттен өткізу жөнінде өзгеріс енгізген абзал.
Қытай Халық Республикасындағы жағдай да осыған ұқсас. 2017 жылғы халық санағы бойынша аталған елде 1 миллион 600 мың қазақ тұрады. Ұлттық мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытылады, бірақ сағат саны аз, бағдарламасы жүйелі емес. Қазақ тілінің грамматикасын мүлдем өтпейді, ал әдебиет пәніне қазақтың Абайдан бастап белгілі 5 қаламгері ғана енгізілген. Қазағы қалың аймақтарда ана тіліміз ақсап тұрмаса да, миллиардтар елінде «табиғи қысымға» ұшырап, қолданыс аясының тым тарыла түскені тағы шындық.
Ал Америка Құрама Штаттары, Шығыс Азия мен Еуропа елдеріндегі этникалық қазақтардың ана тілін меңгеру деңгейі күн санап күрмеуі көп күрделі мәселеге айналып барады. Сондықтан да аталған елдердегі ұлттық мәдени орталықтар жанынан қазақ тілін оқытып-үйрететін үйірме немесе арнайы кластар мен курстар ашу мәселесі өзекті екенін ерекше ескеру керек.
Осыған орай «Отандастар қоры» Үкімет жанындағы шетелдегі отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шетелдегі отандастарды қолдау мәселелері бойынша толыққанды ақпарат жолдап, кеңестің кезекті отырысында бірқатар келелі мәселені қарауды ұсынған болатын.
Атап айтсақ, шетелдерде «Қазақ мәдени-іскерлік үйлерін» құрудың жоспары ұсынылды. Сонымен қатар аталған жоспарға сәйкес алдағы кезде қазақтар қалың шоғырланған шетелдерде ашылатын «Қазақ мәдени іскерлік үйлері»желісінің қызметін контенттік толықтыру үшін «Қазақ тілін үйрену бойынша оффлайн-курстар» жобасын іске асыру бастамасы да көтерілген болатын. Осы мақсатта әлемнің 5 елінен шетелдік 10 мәдени орталық іріктеп алынды. Сәтін салса, биылғы жылдың аяғына дейін барлық «Қазақ мәдени іскерлік үйлерімен» «Қазақ тілі курстарын ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету туралы» тиісті келісімшарттарға қол қойылуы тиіс.
Қазіргі уақытта шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарында түгендеу шарасы жүргізілді және олардың қызметіне мониторинг жасалды. Жүйелі жұмыстар негізінде Ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған қоғамдық құрылымдар арасынан неғұрлым тиімді ұйымдар анықталып,сараланды. 2020 жылғы 15 маусымға дейін ұзынсаны 57 меморандумға қол қойылды.
Бүгінде алыс-жақын шетелдердегі отандастарымызға қазақ тілін оқытып-үйретуге жете мән берілуде. 2019 жылы «Отандастар қоры» қазақ тілін оқыту бойынша «Қастерлі қалам» оқу-әдістемелік құралдарын тарату жобасын жүзеге асырды.Жобаны іске асыру шеңберінде 12 елде қазақ тілін оқыту бойынша 31 онлайн-сынып ашылды, сондай-ақ қазақ-орыс, қазақ-ағылшын, қазақ-парсы және қазақ-қытай тілдерінде бейімделген оқулықтар әзірленді. Сабақтар Teams қосымшасы арқылы көрсетіліп, осы озық үлгіде 180 студиялық сабақ өтті. Ағымдағы жылдың мамыр айында аталған курстың алғашқы семестрі аяқталды. Қазақ тілін оқыту бойынша екінші семестр ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталады. Барлық сабақ өңделіп, YouTube-дегі Otandastar Сhannel арнасына жүктелді.
Қорыта келе айтарымыз, алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыз қазақ тілін мейлінше жетік меңгеріп, соның нәтижесінде ұлттық әдебиеті мен мәдениетін, сан ғасырлық салт-дәстүрі мен төл тарихын терең танып-білуі үшін Қазақстан Үкіметі мен құзырлы министрліктер тарапынан пәрменді шаралар қолданылып, жаңашыл қадамдар жасауға барынша ұмтылған жөн. Әйтпесе, ұтылғанның көкесін тіл жұтылған кезде көруіміз бек мүмкін.
Серік ӘБДУӘЛІ,
«Отандастар қоры» КеАҚ
мәдени-гуманитарлық жобалар
департаментінің бас менеджері