Таяуда The New York Times басылымының бірінші бетінде қазақстандық журналист Ақсәуле Әлжанның пандемия кезінде Калифорния балаларының тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккені туралы мақаласы жарық көрді.
Мақала авторы коронавирус пандемиясы салдарынан әлеуметтік қызметкерлер ондаған мың американдық балаларды қорғай алмай отырғанын мәлімдеген.
«Вирус бүкіл елде тарала бастағандықтан, балаларды әлеуметтік қорғау қызметінің өкілдері қауіп-қатер тобындағы балалармен үнемі жеке қарым-қатынас жасауы өте маңызды. Пандемия көптеген балаларды мұғалімдермен, кеңесшілермен және дәрігерлермен күнделікті қарым-қатынас жасау мүмкіндігінен айырды, олар заң бойынша қатыгездік немесе немқұрайлылық белгілері туралы хабарлауға міндетті», делінген мақалада.
Сонымен қатар, мақалада жазбалар мен сұхбаттар нәтижесінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған көптеген балалар бірнеше ай бойы «жоғары» немесе «өте жоғары» қатермен өмір сүргені туралы жазылған.
АҚШ-тағы кедей балалар көп шоғырланған Калифорнияда балаларға арналған жедел желінің маңызы зор. Ақсәуле Әлжанның зерттеуі көрсеткендей, бұл штатта бес жасқа дейінгі әрбір жетінші бала туралы жедел хабар келіп түседі. 90 000-ға жуық бала аудандық қызметтердің бақылауында тұр.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің артуы Қазақстанда да жыл сайын түйіткілді мәселеге айналып отыр. Ресми статистикаға сәйкес, жыл сайын елде балаларға қатысты 2000-нан астам қылмыс жасалады және зорлық-зомбылықтың 60% -ы отбасында орын алады.
Мәселені шешу үшін қыркүйек айында «Nur Otan» партиясы балалар құқықтарының бұзылуы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлауға болатын тәулік бойы байланыс орталығы іске қосылды.
Егер тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалардың құқықтарының бұзылуы туралы білген жағдайда және баланың көшеде, үйде, көлікте жалғыз қалғаны туралы, оның өміріне және денсаулығына қауіп төнген жағдайда т.б күдікті әрекеттер орын алғанын байқаған кезде «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған «111 жедел қызмет» байланыс орталығына хабарласу керек.
Осы ретте барлық өтініштер құпия және тегін болады. Қызмет тәулік бойы жұмыс істейді және әр өңірдің полиция департаменттерімен байланыс орнаған. Қоңырау шалған адамға болған оқиға бойынша қандай шаралар қабылданғаны туралы ақпарат беріледі.
«Егер сіз кішкентай баланың қараусыз қалғанын, оған қауіп төніп тұрғанын көрсеңіз, сондай-ақ балаға немесе әйелдерге қатысты қатыгездік, зорлық-зомбылық әрекеттері қолданылуы мүмкін екенін білсеңіз, олардың құқықтары бұзылса, «111» нөміріне бірден қоңырау шалуды сұраймыз. Ең бастысы барлығымыз осы мәселеге барынша қатысуымыз қажет. «111» нөмірі балалардың, отбасы мен әйелдердің құқықтарын қорғауға байланысты барлық мәселелер бойынша өтініштер қабылдайды», − дейді «Қамқорлық» бастамасы жобалық кеңсесінің басшысы Динара Закиева.
Оның айтуынша, маусым айында өңірлермен бірлесіп, жол картасы аясында жедел әрекет ету топтарын ашу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 2 182 жедел әрекет ету тобы ашылған. Топтардың міндеті − өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты анықтау, көмекті ұйымдастыру және нәтижені бақылау.
«Білім министрлігі «Nur Otan» партиясы жанындағы Кеңестің 6 ақпандағы Хаттамалық тапсырмасына сәйкес, біздің 220 елді мекендегі жұмысымыздың қорытындысы бойынша, басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, зорлық-зомбылықты анықтау және алдын алу бойынша мектептер үшін бірыңғай тәсілді әзірлеуі тиіс. Мерзімі – қыркүйек айы», − дейді Динара Закиева.