«Абайға оралу» атты онлайн концерті өтті
«Абайға оралу» атты онлайн концерті өтті
221
оқылды
Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Ular» этно-фьюжн ансамблі «Абайға оралу» атты онлайн концерт өткізді. ЖОО өнерпаздары осылайша бүгінгі мерекеге үн қосты.
«10 тамыз – Абай күніне орайластырылып ұйымдастырылған шарада өнерпаздар ұлы ақын һәм ойшылдың көпшілікке танымал, шоқтығы биік музыкалық шығармаларын орындады. Олардың қатарында Абайдың «Көзімнің қарасы...», «Айттым сәлем, Қаламқас» сынды әндері мен «Желдірме», «Торжорға» сияқты күйлері бар», – деді оқу орнының баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.
Онлайн концертте орындалған туындылар Қыздар университетінің әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Айта кетейік, «Ular» этно-фьюжн ансамблі 1987 жылы құрылған. 30 жылдан астам уақыт бойы қазақ музыкалық шығармашылық өнерін жаңғыртуға үлес қосып келе жатқан өнер ұжымы сондай-ақ ұлттың ұмыт бола бастаған көптеген музыкалық аспаптарын қайта жандандырды. Өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына ие болған ансамбль Қытай, Моңғолия, Түркия, Ресей, Өзбекстан және тағы да басқа алыс-жақын шет елдерде гастрольдік сапарлар жасап, қазақ өнерін насихаттауға зор септігін тигізіп келеді.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ