Белгілі ақын Бауыржан Қарағызұлы Абай күнін мерекелеу мәніне үңіліп, ақынға арналған өлеңдер топтамасының біреуін оқырманға ұсынды.
"Ізгіліктің нұры дегеніміз – шынайылық. Шынайылық жүрген жерде құдірет қарапайым ғана қалпымен сізге келіп, иіліп сәлем береді. Сіз сол сәлемді қалай қабылдайсыз?) Әңгіме сол жерде.Мен үшін шынайы сөз – шырқыраған мың пафостан артық. Қазақ баладай қуанса да, данадай қамықса да ұлы Абайдың шынайы сөздеріне жолығады. Шындық пен шынайылық дауысынан өзінің жан-дүниесінің есімін естиді. Біз сондықтан ұлы Абайды ұстаз тұтамыз, сондықтан қадір-қасиетімізге балаймыз. Әулие тұтамыз!
Шынын айтайын, айналаңды аты жаман дерт үрейімен үркіткен уақытта, ел Президеті Үкіметке тапсырма беріп 10 тамыз – «Абай күні» деп белгілетіп, мерекелер тізбесіне қосып, ұлттық идеологияның алтын ұстыны ретінде бағалап, бірнеше рет арнайы мақала жазып, мемлекеттік деңгейде ғұламаны әлемге таныту жолында нақты қадамдар жасап жатқаны қарапайым қазақ ретінде, ақын ретінде мені шын қуантады.Қайран ғана қазағым әр нәрсеге абай болса екен деп, ұлы Абайдың ұлағатын естен шығармаса екен деген тілектің бесігінде тербетеді.Қай уақытта да айғай сөзден ақыл сөз артық. Жан-жағыңды бажайлайсың, мынау аласапыран заманға байыппен қарайсың.Абай бізді ұрыншақ ұраннан құтқарады, сабырлы ақылға жүгіндіреді.Абай ұлттың ұлы ақыны, кемеңшгер ойшылы ғана емес, біздің әділ, шынайы, кұретамырымыздан жақын сыншымыз. Хәкім уақытан тәуелсіз тұлға. Уақыттың қай нүктесінде де біздің қасымызда. Абай тек қазаққа ғана тиеселі данышпан емес, ол әлемдік деңгейдегі данышпан.Бүгін – Абай күні.Бүгін – ақыл күні.Бүгін өзіміздің рухани келбетімізге шынайы көзімен қарау күні! Кемшілігімізді мойындайтын күн.Кетігімізді толтыратын күн!Абайдың туған күні Рухымызға дем берсін, Дәтімізге қуат берсін! Сөзімізге дес берсін, Ес берсін!
Абай күні құтты болсын!", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.