Жиі көмек көрсететін елдер
Еліміз тарапынан тұрақты түрде гуманитарлық көмек көрсетіліп келе жатқан елдер ретінде Ауғанстан мен Тәжікстанды айтуға болады. Мәселен, Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қалыптастыруда Ауғанстанның маңызы зор. Қазақстан аталған мемлекеттің ішкі тұрақтылығына мүдделі. Сол себепті ауған халқына жіберіліп жатқан гуманитарлық көмекті Қазақстанның тұрақтандыру саясатындағы қадамдары деп қарауға болатын шығар. Ал Тәжікстан да азаматтық соғысты басынан өткерген және Ауғанстанмен ортақ шекарасы бар мемлекеттердің бірі. Осы тұрғыдан да тұрақтандыру және материалдық тұрғыдан көмек көрсетіп келеміз. Биылдың өзінде мамыр айында көршілес елдерге экономикалық қолдау көрсету мақсатында жалпы құны 3 млн АҚШ долларынан астам сомаға қазақстандық ұн жеткізілген. Тәжікстанға 5 мың тонна, Қырғыз Республикасына да осы көлемде. Ал маусым айында Қазақстан Ауғанстанға қырық алты вагон гуманитарлық көмек жіберген еді. Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша. онда 1 900 тонна ұн, 500 тонна макарон өнімдері, 4 мың литр күнбағыс майы және 200 мың қоюлатылған сүт банкалары болған. Жақында тағы да көрші елдерге көмек көрсету жөнінде Үкіметтің тиісті шешімі шықты. Ауғанстанға 500 көрпе қап, 50 қысқы шатыр, 500 данадан жиналмалы металл кереует, матрас, жастық тыстары, жастық, көрпе, жылы шалбар және мың дана ақжайма, 400 тоқыма бас киім жіберілсе, ал Өзбекстанға 600 тонна ұн, 250 тонна қарақұмық жармасы, 100 мың литр өсімдік майы, 50 мың сүт консервісі жеткізілмек. Көрші елдерге тұрақты жіберілетін гуманитарлық көмек негізінен азық-түлікке негізделген. Гуманитарлық көмек тек материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да жүретінін ескерген жөн. Мысалы, Қазақстан ауған жастарының ЖОО білім алуына негіз жасап, грант бөліп, оқытып келеді. Сондай-ақ Үндістан елдегі медициналық оқу орындарында келіп білім алуына жасалған. Сарапшылар аталған елдердің ішкі деңгейін көтеруге қосқан үлес деп бағалады. Өткен жылдары Қазақстан Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Бангладеш, Қырғыз Республикасы, Молдова, Моңғолия, Мьянма, Пәкістан, Сербия, Сирия, Түркия, Жапония және басқа да елдерге әртүрлі көмек жіберген екен. Бұдан жалпы гуманитарлық көмек көрсету Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін аңғаруға болады.Өзіне жетпесе де, өзгеге береді
Қазір дүниежүзі коронавируспен күресіп жатқандықтан, пандемияға қарсы тұру мақсатында елдер арасындағы көмек артпаса, азайған жоқ. Қазақстан алғашқылардың бірі болып Қытайға медициналық қорғау құралдарын бірнеше рет жеткізу арқылы әріптестік қолдауын көрсетті. Ал коронавирус індеті пандемияға айналып, Қазақстанда эпидемиялық ахуал нашарлаған тұста, тиісінше бізге де көмек көрсеткен елдер баршылық. Қашықтан оқу кезінде компьютер, аурумен күресу үшін медициналық қорғаныс құралдары, дәрі-дәрмек келді. Тәжірибе алмасып, қазақстандық науқастарды емдеуге жәрдемдесу үшін бірқатар елдің дәрігерлері де ат басын бұрды. Қытай, АҚШ, Түркия, Ресей, БАӘ, Катар, Жапония, Оңстүстік Корея, Грузия, Пәкістан, Өзбекстаннан да медициналық құрылғылар жеткізілді. ДДСҰ да гуманитарлық көмек жіберді. Елімізде коронавирус инфекциясы өршіп тұрған кезеңде, оның үстіне медициналық құрылғылардың жетіспей жатқан тұсында жасанды тыныс алдыру аппараттарын Тәжікстанға жіберу туралы шешім қабылданып, халықтың наразылығын туғызған еді. Ұн мен бидайын жіберсе бір жөн, өзімізге жетпей жатқан аппараттарды өзгеге жіберу қаншалықты дұрыс шешім? Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов мұны ақпараттың дұрыс жеткізілмеуімен байланыстырды. Оның сөзінше, бізде тиісті ведомстволар халық шулағаннан кейін барып қана есеп бере бастайды. «Ресми мәліметке сенетін болсақ, жасанды тыныс алу аппараттары Қазақстанға жеткізілген, аймақтарда таратылып жатқан аппараттарға қатысы жоқ деген мәлімет айтылды. Бұл жердегі мәселе ақпараттың халыққа уақытында жетпеуінде. Ал екіншіден, пандемия тек Қазақстан емес, әлемде болып жатыр. Өздерінде ахуал мәз емес елдер де көмек қолын созды. Сондықтан бұл жерде ақпаратты мейлінше түсінікті, ашық жариялау қажет», – деді Қазбек Майгелдинов.Бейрутке әскери дәрігерлер жіберілді
Қазір әлем назары Ливандағы алапат жарылысқа ауды. Ел астанасы Бейрутте болған жарылыстан жүз елуге тарта адам қаза тауып, жалпы саны бес мыңдай адам зардап шеккен. Оның үстіне, тұрғындар тарапынан билікке қарсы толқулар болып жатыр. Шеруге шығушылар Үкіметтің отставкаға кетуін талап етуде. Полиция мен тұрғындар арасындағы қақтығыстан да көптеген адам қаза болды. Әлем елдерінің, халықаралық ұйымдардың басшылары Ливан халқына көңіл айтып, шұғыл көмек көрсетуге дайын екенін білдірді және гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр. Бұл көмектен Қазақстан да тыс қалған жоқ. Өткен аптада Бейрут портындағы жарылыс салдарынан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету мәселесі Ақордада қаралып, Президент Қорғаныс министріне тиісті тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Қазақстан Қарулы Күштерінің жеке құрамының арасынан құралған топ Бейрутке ұшып кетті. Ливандағы жарылыстан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін барлығы 29 медицина маманы мен 4 аудармашы жіберілді. Қорғаныс министрлігінің ақпаратынша, топ құрамына жоғары білікті хирургтер, травматологтар, нейрохирургтер, анестезиолог-реаниматологтар және хирургиялық бейіндегі орта медицина қызметкерлері бар. Бір ескеретін жағдай, әскери дәрігерлер арасында терапевт, пульмонолог, инфекционист дәрігерлер жоқ. Жарылыстан кейінгі медициналық көмек көрсету болғандықтан, тиісті дәрігерлер ғана аттанды. Бұл біздегі эпидемиялық қиын ахуалды ескере отырып жасалған қадам деп бағалауға болар. Ал Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саиров Бейруттағы жағдайдан біз де қорытынды шығаруымыз керек деген болатын. «Біз демократия мен пікір плюрализмін дамыта отырып, мемлекеттік позицияда нық тұруға тиіспіз» деген саясаттанушы демократияға қарай ілгерілеу мемлекеттік құндылықтарды құнсыздандырмауы тиіс деген ойда. Оның сөзінен түйгеніміз, мемлекеттік құндылық саяси көзқарастар мен қоғамдық артықшылықтардан жоғары тұруы тиіс. Қазақстан Таяу Шығыс аймағына ерекше көңіл бөлуде. 2018 жылдан бері тұрақты түрде әскери бітімгер топтарын да жіберіп келеді. Гуманитарлық көмекке келгенде де аянып қалған жоқ. Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Қазақстанның аймақтағы ахуалға байланысты өз тәжірибесі қалыптасты дейді. «Таяу Шығыс сол аумақтағы көшбасшылыққа таласып жатқан отты аймақ. Соңғы кездегі террористік ұйымдардың іс-әрекеттері, Сириядағы қақтығыстар, оның үстіне Ливандағы жарылыспен қатар, халықтың билікке қарсы толқулары басылмай жатыр. Ливандағы ахуалға нақты болжам жасау қиын. Дегенмен Қазақстанның Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты өз тәжірибесі бар. Қазақстан тарапынан жіберіліп жатқан гуманитарлық көмек Ливандағы жағдайды тұрақтандыруға қосып жатқан үлесі деп айтуға болады», – деді саясаттанушы. Қиналған елге қол ұшын берген, әрине құптарлық іс. Қазақстанның гуманитарлық көмек әрекеті елдер арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға өзіндік ықпалын тигізері сөзсіз. Дегенмен берілетін көмектің мөлшері мен мақсаты жөнінде халыққа барынша уақытылы, ашық ақпар берілсе, халықтың да көңіліне селкеу түспесі анық.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ