Донорлыққа апарар жол
KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қызметі – кедей елдердің дамуына ықпал ету үшін көмектесу. Яғни, өзге мемлекеттерге қаржылық, техникалық не басқа да көмек түрін ұйымдастырумен айналысады. Әлбетте, жағдайы бізден мүшкіл елдерге ғана. Бұл агенттіктің құрылатыны туралы сөз қозғалғанына көп болды. Бірақ нақты шешім биылғы шілденің соңында қабылданды. «Ашық НҚА» порталында Президент жарлығы жобасы жарияланды. Осылайша, еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары белгіленді. 2021-2025 жылдарға арналған даму жобасы аясында енді көрші елдерге ресми көмек көрсетіледі. Жаңа жобаны қыркүйектің ортасына қарай іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы, кедей елдерге көмек беру үрдісі халықаралық тәжірибеде кеңінен таралған. Пайда болғаны да кеше не бүгін емес. Қолдан келгенше көмек беріп, бір-біріне қарасады. Мұның астарында әлем елдері арасында жағымды бейне қалыптастыру жататыны белгілі. Қолдан келген көмекті аямаған жөн-ақ. Десе де, дәл қазір Қазақстанның Атымтай жомарт рөлін алғаны қаншалықты қисынға келеді? Әрі Мемлекет басшысы холдингтер санын азайту керегін айтқан. Ендеше Сыртқы істер министрлігінің бұл бастамасы Президент тапсырмасына қайшы келіп отырған жоқ па? БҰҰ құрамында көмек берумен айналысатын жүздеген халықаралық ұйым бар. Дегенмен соның саусақпен санарлығы ғана шын мәнінде әлеуметтік ахуалды реттеуге септігін тигізіп отыр. Ал экономикалық жағдайы көңіл қуантпай тұрса да, Қазақстан донор-ел бейнесін біртіндеп қалыптастырып келеді. Өйткені ортаазиялық аумақта мұндай бастама жасап отырған тұңғыш ел болып отырмыз. 2014 жылы құқықтық негізде «Дамуға ресми көмек беру туралы» заңға қол қойылып, іргетасы қаланған.Агенттік жұмысына қарсы шығу – таяздық
Жақында ғана сыртқы саясат доктринасы қабылданды. Оның ішінде сыртқы көмекті жиілету мәселесі қарастырылған. Пандемияның кезінде мұндай қадам жасалғанына қатысты түсініспеушілік туындауы мүмкін. Бірақ меніңше сыртқы саясаттың негізгі үрдісі қоғамның ішінде қолдау тауып отыруы керек. Яғни, бүге-шүгесіне дейін болмаса да, негізгі ұстаным мен нақты біздің досымыз бен қасымыздың кім екенін қазақ қоғамы дұрыс түсінуі керек сияқты. Бұл ретте, Сыртқы Істер министрлігі тек сыртта емес, өз ішімізде де түсіндірме жұмыстарын дұрыс жүргізуі тиіс. Түрлі алаңға жиі шығып отырып, осы сияқты мәселелерді айтып отыруы қажет. «Өз елімізде кедейшілік барда басқаға несіне көмектесеміз» деген әңгімеге қатысты айтарым, бұл таяздық деп ойлаймын. Өйткені аталған ұйым құрылмай тұрып-ақ Қазақстан халықаралық жағдайда көп еңбек атқарып, бітімгерлік операцияларға қатысып келді. Айналамыздағы елдерге көмектесу – міндет. Міне, осындай жұмысты жүйелеп, дайын отыратын ұйым керек-ақ. Одан кейінгі екінші мәселе – біздің басқа елдердегідей кедейшілік көріп отырғанымыз шамалы. Даму жөнінен орта шептеміз. Еліміздің тұрақтылығы, тыныштығы айналамызға тікелей байланысты. Пандемия кезінде бізге басқа елдер көмектескенде «рақметтен» басқа ештеңе айтпадық. Сол сияқты Ауғанстан, Тәжікстан сияқты елдерге техникалық және басқалай көмек беруге араласуға міндеттіміз. Осы жағынан алғанда, жаңа құрылған ұйымның нақты тұжырымдамасы болуы керек деп есептеймін. Оның ішінде қай елдерге, не себепті қолдау білдіріп жатқанымыз айқындалуы тиіс. Осындай үлкен жұмыстарда аймақты интеграцияны есте ұстау керек. Бұл – болашағымыз бен қауіпсіздігіміздің мәселесі. Сондықтан ТМД не басқа елдерден гөрі, Ортаазиялық интеграциялық жоба қажет. Болашақта осы аймақта көшбасшы болудың құны – бүгін осындай қолдау көрсету. Байқасаңыздар, соңғы кездері АҚШ пен 5 Орта Азия елі, Қытай мен 5 Орта Азия елі деген сынды «5+» жобалар көбейіп кетті. Бұл аймақта сөзсіз екі көшбасшы болады. Ол – Қазақстан мен Өзбекстан. Енді сол көшбасшылардың өзінен кедейлеу көршілеріне көмектесуі қалыпты. Әрі жобаның аясында тек ақша тарату көзделмейді. Ал енді офшорға жол ашуы мүмкін дегенмен келіспеймін. Себебі агенттік – есепшоты бар, Қаржы министрлігі мен Есеп комитеті сынды ведомстволардың қадағалауында болатын мемлекеттік ұйым. Мұндай пікірді саясаттан, дипломатиядан хабары жоқ адамдар айтады деп ойлаймын.Дәл қазір қолға алынуы тиіс бастама емес
Агенттік құрылғанда ол жерде екі басым бағыт болған. Біріншісі – Қазақстан шекарасы периметрі шеңберіндегі көршілермен қарым-қатынасты күшейту. Екіншісі – шетел мемлекеттерімен саяси, экономикалық, білім, ғылым, мәдениет, қоғамдық байланысты жаңа деңгейге көтеру. Әрине, ұлттық компания ашып, оның бюджетін бөлу оңай-ақ. Бірақ бұл жердегі мәселе KazAID-тің болашақта көршілес елдерге қандай деңгейде көмек көрсетіп, соның нәтижесінде ол елдегі әлеуметтік жағдайды көтере алатынымызда. Сонымен қоса, осы арқылы Қазақстанның көмек беруші ретінде имиджін қаншалықты қалыптастыра алатыны да маңызды. Міне, осыны зерттеуіміз қажет деп есептеймін. Ал жалпы алғанда, кедей елдерге көмек беру – «жұмсақ» саясатты іске асырудың құралы. Бірақ аталған ұйым өз стратегиясында қандай дәрежеде нақты прагматикалық мақсаттарды жүзеге асыруды көздейді? Осы жағына баса мән беруіміз қажет. Егер жай ғана имидж үшін жасалып, берген 4 тонна ұны мен 10 млн долларды көрсете беретін болсақ, одан оңтайлы әсер болмайды. Әлбетте, еліміздің гуманитарлық көмек көрсетуге әлеуеті жететінін көрсететін имидж қалыптастырады. Дегенмен бізге ұзақмерзімді стратегияға назар аударған дұрысырақ. Қарап отырсақ, 29 жылда 500 млн доллардай көмек көрсетіппіз. Мүмкін, расымен сол көмектің бәрін жүйелейтін институт болуы тиіс шығар. Бірақ дәл қазір ол қаншалықты қажет? Тағы бір айта кететін жайт: өзіміздегі әлеуметтік міндеттемелерді толық атқармай жатып, сыртқа беру дұрыс па – осыны ойлану керек. Айтпағым, біз берген көмек қаншалықты пайдалы болады? Біз оны тек атымызды шығару үшін бермейміз. Мақсаты бойынша, ол көмек кедей елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге септігін тигізуі тиіс. Ал егер одан еш пайда болмаса, «қайырға берілген ақша болғаны ма» деген заңды сұрақ туады. Себебі бұл ұлттық компания мемлекет бюджетінен құрылып отыр. Яғни, біз бен сіздің салығымыздан жиналады. Ендеше салығымыз қаншалықты дұрыс жұмсалады? Әбден мән беретін мәселе. Меніңше, Қазақстанның қазіргі экономикалық ахуалы сыртқа көп ақша шашатындай жағдайда емес. Егер ішімізде бәрі жақсы болып жатса, көрші мемлекеттерге көмек бергеніміз дұрыс. Өйткені болашақта су мәселесінен бастап энергетикаға дейін аймақтық деңгейде шешіледі. Сол тұрғыдан алғанда, жағдайы жетіп тұрған көшбасшы елдің көмектесуі моральдық жауапкершілік іспеттес болар еді. Бірақ пандемия жағдайында дамыған елдердің өзі глобализмнен ұлттық мүдделерді жоғары қоюға көшіп жатқан кезде бұл бастаманы қазір қажет деп ойламаймын. Түйін: Қазақстан біреуге – донор, біреуге – реципиент. Салыстырмалы түрде өзінен кедей елге көмек беруі заңды. Сол жұмысты жүйелі түрде жүргізетін ұйымның бекітілгені де дұрыс. Бірақ толықтай республикалық бюджеттен қаржыландыратын ұйымның жұмысын алға сүйреу үшін бөлінетін қаржы бұрын жоспарда болмаған. Демек, халық салығына «көз тігетін» тағы бір ұйым дүниеге келді деген сөз. Бұл бастаманы елдегі жағдай тұрақталғанын күтпей, тездетудің қажеті қанша? Кейінге шегерілмейтін жедел істен жағымды әсер болса болғаны.Жадыра АҚҚАЙЫР