Коронавирус балаларға қаншалықты қауіпті?
Коронавирус балаларға қаншалықты қауіпті?
© сурет интернеттен алынды
284
оқылды
Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының пульмонолог дәрігері Татьяна Маршалкина коронавирустың балаларға қаншалықты қауіпті екенін айтты. Дәрігердің айтуынша, бала ағзасы коронавирусты оңай жеңе алады. Егер балада созылмалы немесе басқада инфекциялық ауруы болса, онда індет ауыр өтуі мүмкін.
"Коронавирус инфекциясының ең жиі тараған белгілері дене қызуының жоғарылауы, құрғақ жөтел және шаршағыштық жатады. Сирек белгілеріне буын мен бұлшықеттердегі ауру сезімі, мұрынның бітуі, бас ауруы, конъюнктивит, тамақтың ауруы, диарея, иіс және дәм сезудің жоғалуы, саусақтар мен бармақтар терісінің түсінің өзгеруі мен бөртпелер. Бұл белгілер көбіне ересек адамдарда кездеседі. Вирус балалардың жоғарғы тыныс жолдарына әсер етеді - бұл мұрын, ауыз және тамақ. Сондықтан көбінесе суық тию белгілеріне ұқсас келеді. Балаларда иіс пен дәм сезбеу сирек кездеседі", - дейді ол.
Татьяна Маршалкина вирус жаңа туған сәбилерге де қауіпті екенін айтады.
"Жаңа туған нәрестелер де коронавирус жұқтырады. Бала кішкентай болған сайын қауіп соншалықты үлкен. Өйткені дүниеге келген сәбиде індетке қарсы иммунитет жоқ. Кішкентай шақалақтарды түрлі инфекциядан анасының антиденелері қорғайды. Бірақ короновирусқа қарсы анасында антиденелер қалыптаспаған", - дейді ол. 
Пульмонолог дәрігер коронавирусты жұқтырмау үшін балалар да ересектер сияқты маска тағып, әлеуметтік қашықтық сақтауы керектігін айтты.