Мәжіліс депутаттары мен Сенат депутаттары арасында айырмашылық бар. Біріншісі – өкілеттік мерзімі. 1998 жылға дейін жоғарғы палата депутаттарының өкілеттігі тек 4 жылға созылатын. Кейін 1998 жылдың қазанында ұлттық заңнамаға өзгеріс енгізіліп, сенаторлар енді өз орынтағында 6 жыл бойы отыратын болды. Салыстыру үшін айтсақ, Мәжіліс депутаттарына мандат тек 5 жылға ғана беріледі. Екіншіден, қызметі. Журналистер не шенеуніктер: «Үкімет жаңа заң жобасын Парламентке енгізді» деп хабарлап жатады. Шынында, жаңа заңдар жобаларын тек Мәжіліс қабылдап алады, Үкіметпен біраз жұмыс істейді, тым шикі болса, кері қайтарады, кейде Мәжіліс депутаттары үкіметтік нұсқаны қайта жазып шығады. Қызылкеңірдек айтыс-тартыстар да негізінен сонда жүреді. Ақыры заң жобасы дайын болды-ау дегенде, төменгі палата оны жалпы отырыста қарап, мақұлдап, жоғарғы палатаға жібереді. Сенаторлар жобаны бір пысықтап, қабылдайды да Президенттің қол қоюына жолдайды. Кейде уақыт қысқанда бір отырыста бірнеше заңды бірден екі оқылымда құптай салатын кездер де жетерлік.
Сенаттан енді кімдер кетеді?
Парламент депутаттарының өкілеттігі сессиямен есептеледі. Тиісінше, Жоғарғы палата 1 қыркүйекте ашылатын 6-шы сессияға жаңарған құраммен кіріспек. Сенаттың сайланатын 33 депутатының (Шымкенттен әзірше 1 сенатор) жартысы – 17-сі әр үш жыл сайын жаңарып тұрады. Тиісінше, осы жолғы сайлауда 2014 жылы мәслихаттар таңдауынан өткен сенаторлардың мандаты бөліске салынды. Ал 2017 жылғы 28 маусымдағы сайлауда жеңген сенаторлар 2023 жылға дейін отырады. Айта кету керек, 2014 жылғы 1 қазанда өткен сайлауда жоғарғы палатаның 16 депутаты жеңіске қол жеткізді. Атап айтқанда, Ақмола облысынан – облыс әкімінің бірінші орынбасары Рашит Әкімов, Ақтөбе облысынан – облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымов, Алматы облысынан – облыстың экс-әкімі Аңсар Мұсаханов, Атырау облысынан – 2008 жылдан бері іс басындағы сенатор, оған дейін Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болған Сәрсенбай Еңсегенов, Шығыс Қазақстан облысынан – ШҚО әкімінің орынбасары Сергей Плотников, Жамбыл облысынан – облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев, Батыс Қазақстан облысынан – 2008 жылдан бері депутат, оның алдында БҚО әкімінің аппарат жетекшісі болған Ерболат Мұқаев, Қостанай облысынан – облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов, Маңғыстау облысынан – облыс әкімінің орынбасары Михаил Бортник, Оңтүстік Қазақстан облысынан – ОҚО әкімінің орынбасары Әли Бектаев. Енді бір тобы мәслихатқа жетекшілік еткен: Алматы қаласынан – қалалық мәслихаттың хатшысы Төлеубек Мұқашев, Павлодар облысынан – облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы болған Манап Көбенов, Қызылорда облысынан – ертеректе Жаңақорған ауданының әкімі, облыс мәслихатының хатшысы болып қызмет істеген Бекмырза Еламанов Сенатқа келді. «Сайлау-2014» жеңімпаздары арасында әкім не мәслихат басшылығында қызмет атқармаған 3 тұлға ғана болды. Бұлар: Қарағанды облысынан – «Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы директоры Сергей Ершов, Солтүстік Қазақстан облысынан – СҚО статистика департаментінің директоры Ольга Перепечина (белгілі аграршы бизнесмен, «НовокаменкаАгро», «Широкое» секілді агроқұрылымдар қожайыны Юрий Перепечиннің жұбайы), Астанадан – «Цесна» корпорациясының басшысы Серік Жақсыбеков. Сенатор болып сайлану үшін кандидаттың жергілікті мәслихат депутаты болғаны жөн. Сондықтан осы жеңімпаздың бәрі сондай мәртебе иеленген. 2014 жылы аты озған сенаторларға бертінде, тура бес жыл өткенде, 2019 жылғы қазанда 17-ші болып Айгүл Қапбарова қосылды. Себебі 2018 жылы Елбасы Жарлығымен Шымкент мегаполис ретінде танылып, жеке отау тікті – республикалық маңызы бар қалаға айналды. Тиісінше, Оңтүстік Қазақстан облысы тарап, орнына Түркістан облысы құрылды. Жаңа өңірдің мәслихаты облыстан бөлек өз сенаторын таңдады. Жергілікті депутаттар журналист, Шымкент ақпарат орталығының директоры-бас редакторы А.Қапбарованы елордаға жіберуді ұйғарды. Енді биылғы сайлау нәтижесінде осы 17 сенатордың төртеуінен басқасы Парламентпен қош айтысады.Сенатқа кімдер келді?
2014 жылы жеңіс дәмін татқан депутаттар арасынан төртеуі биылғы додаға қайта түскен болатын. Барлығы да дегеніне жетті. Нәтижесінде Түркістан облысынан – Бектаев Әли Әбдікәрімұлы, Қарағанды облысынан – Ершов Сергей Михайлович, СҚО-дан – Перепечина Ольга Валентиновна, Шымкент қаласынан – Қапбарова Айгүл Жарылқасынқызы ары қарай да сенатор болып қала береді. Қалған 11 облыс және Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары Парламенттің жоғарғы палатасындағы өкілдерін жаңартты. 2020 жылғы 12 тамызда болған сайлау қорытындысына және Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, өзге 13 өңірде келесі тұлғалар сенатор атанды: Ақмола облысынан – Бекенов Нұрлан Жексембайұлы; Ақтөбе облысынан – Қаниев Бауыржан Нұралыұлы; Алматы облысынан – Дүйсембинов Сұлтан Мырзабекұлы; Атырау облысынан – Лұқпанов Сағындық Есенғалиұлы; Батыс Қазақстан облысынан – Рысбекова Ләззат Тұяқбайқызы; Жамбыл облысынан – Орынбеков Бекболат Серікбекұлы; Қостанай облысынан – Карплюк Сергей Алексеевич; Қызылорда облысынан – Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы; Маңғыстау облысынан – Алдашев Сүйіндік Тасеменұлы; Павлодар облысынан – Нұхұлы Алтынбек; Шығыс Қазақстан облысынан – Булавкина Ольга Александровна; Алматы қаласынан – Мәкежанов Сұлтанбек Алмасбекұлы; Нұр-Сұлтан қаласынан – Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы.Бұл кісілер кімдер?
Жаңа сайланған сенаторлар арасында да әкімқаралар мен мәслихат жетекшілері жетерлік. Алматы қаласында Медеу ауданының әкімі, жасы 60-қа қараған Сұлтанбек Мәкежановқа 30 таңдаушының бәрі бірауыздан дауыс берген. Ақтөбе облысында Шалқар ауданының әкімі, 1958 жылы туған Бауыржан Қаниев 143 таңдаушының немесе 79,9% дауысты иеленді. Алматы облысында облыс мәслихатының хатшысы, 1959 жылғы Сұлтан Дүйсембинов 264 таңдаушының (92,6%) қолдауымен жеңді. Жамбыл облысында облыс әкімінің бірінші орынбасары, 1957 жылы туған Бекболат Орынбековке 163 таңдаушы (92,1%) дауысын берді. Қостанай облысында облыс әкімінің орынбасары, 1968 жылғы Сергей Карплюк 225 таңдаушының (87,2%) демеуімен алға озды. Шығыс Қазақстан облысында былтыр ғана Бородулиха ауданының әкімі болып тағайындалған, оған дейін Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болған 1972 жылғы Ольга Булавкина 255 таңдаушының (93,1%) дауысын қанжығасына байлап, қарсыластарын шаң қаптырды. Өзге жаңа сенаторлардың лауазымы өзгеше: Қызылорда облысында – «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 1971 жылғы Ақмарал Әлназароваға дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың 102-сі (77,9%) сенім артты. Атырау облысында Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. компаниясының басқарушы директоры, 1960 жылғы Сағындық Лұқпановтың еншісінде – 86 таңдаушы немесе 82,7%. Батыс Қазақстан облысында Орал гуманитарлық колледжі жекеменшік мекемесінің қаржы директоры, 1976 жылғы Ләззат Рысбекова «128 таңдаушы немесе 70,3%» көрсеткішіне қол жеткізді. Маңғыстау облысында Қаражанбасмұнай бірінші вице-президенті, 1963 жылғы Сүйіндік Алдашев үлесінде 87 таңдаушының (87%) дауысы бар. Павлодар облысында Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, 1962 жылғы Алтынбек Нұхұлын 150 таңдаушы (82%) жақтапты. Елордада «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ-ның басқарма төрағасы, бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі, 59 жастағы Ақылбек Күрішбаев 15 таңдаушының (75%) дауысын жинады. Ақмола облысында 89,5% немесе 213 мәслихат депутатының дауысына қол жеткізіп, жеңіс тұғырына көтерілген 59 жастағы қаржыгер, аудитор Нұрлан Бекенов 2018 жылдың 5 мамырынан бастап облыстық Тексеру (ревизия) комиссиясының төрағасы болған. Осылайша, Сенатқа негізінен 1961-1962 жылы туған адамдар келіп отыр. Жаңа сенаторлар арасындағы ең жасы – 44-те. Ең егдесі – 63-те. Сенат аламанында, негізінен қалалық не аудандық мәслихаттар ұсынған кандидаттар жеңді. Ал талдықорғандық Сұлтан Дүйсембинов, оралдық Ләззат Рысбекова – өзін-өзі ұсынғандар. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, бұл жолы сенатор мандаты үшін 46 кандидат өзара бәсекеге түсті. Сайлау бюллетеньдеріне осынша үміткердің аты жазылыпты. Алайда тіркеуден кейін 12 адам өз кандидатурасын алып тастайтынын мәлімдеген. Мәслихаттардағы барлық 3 мың 69 депутаттың 2 мың 889-ы немесе 94,1 пайызы таңдаушы құқығын пайдаланып, дауыс беруге қатысыпты. Барлық сайлау бюллетенінің тек 15-і ғана «жарамсыз» деп танылды. ОСК төрағасы Берік Имашевтің айтуынша, сайлау науқанының ерекшелігі сол, бұл жолы сенатор қызметіне ынтыққан әйелдердің үлесі жоғары болды. Нәтижесінде сайланған 17 депутаттың 5-і – әйел. Бұл 29,4%-ды құрайды. 2014 және 2017 жылдардағы сайлауда аталған саяси көрсеткіш тек 6% болған. – Дауыс беру сайлау заңнамасының талабына сай өтті. Сайлау күні Ортсайлаукомның сайты арқылы таңдаушыларды тіркеуді және дауыс берудің алдын ала қорытындысын шығаруды онлайн байқау сервистері жұмыс істеді. Сол арқылы сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етілді. Дауыс беру рәсімін және сайлау қорытындысын шығаруды 242 жергілікті және 5 халықаралық байқаушы бақылады. Сайлау өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды және санитарлық қауіпсіздік бойынша барлық қажетті шараларды сақтай отырып өткізілді, – дейді Берік Имашев.Елдос СЕНБАЙ