Минск көшелеріне ақ көйлек киіп, қолдарына гүл ұстаған 250 әйел шығып, күш қолдануға қарсы флеш-моб ұйымдастырды. Олар орталықтағы Тәуелсіздік көшесінің бойымен жүріп өтті. Автокөлік жүргізушілері оларды қолдады. Ал полиция бұл флеш-мобқа араласпай, сырттай бақылап тұрды.
Беларусьтің Ішкі істер министрлігінің өкілдері күн санап ереуілдердің күші қайтып жатыр деп мәлімдеді. Соған қарамастан, ереуілдің төртінші-бесінші күндері ел азаматтарына қарсы көз жасаурататын газ, резина оқтары қолданылған. Ал ІІМ өкілдері автокөлік иелерінің полиция қызметкерлерін қасақана қағып өткенін жеткізді. Күштік құрылымның баспасөз-релизінде қарсылық акциясында 103 құқық қорғаушының зардап шегіп, оның 28-інің ауруханаға түскені жазылған. Әлеуметтік желілерде керісінше автөкөлік иелерінің емес, полиция қызметкерлерінің күш көрсетіп жатқанын айғақтайтын видеолар таралып жатыр. Батыс БАҚ-тары жексенбі күні дауыс беру аяқталғаннан кейінгі ереуілдерден кейін жалпы саны 7 мыңнан астам азаматтың қамалғанын жеткізіп отыр.
Еуроодақтың Сыртқы істер министрлері бас қосып, Беларусь елінде өткен президент сайлауы мен ереуілдерді басу әрекеттерін, сондай-ақ Лукашенко мен бірқатар шенеунікке қарсы санкцияларды қайта қолдану бастамасын талқылады. Екінші жағынан, еуропалық қауымдастық бұл шешімнен кейін Беларусьті Ресей «құшағына баса ма» деп қорқады. Англияның Беларусь еліндегі бұрынғы елшісі Найджел Гулд-Дэвис оппозицияны қудалауға бастамашы болған лауазымды тұлғаларға қарсы жеке санкциялар қолдану қажет дейді. Өз кезегінде экс-елші:
– Беларусь елінде болашақта не боларын біз білмейміз, бірақ қазіргі жағдай – артқа шегініс: тек наразы топты репрессиялау ғана емес, Светлана Тихановскаяны елден кетіріп, арнайы мәлімдеме жасатуының өзі керітартпалық, – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ел халқына кері әсер етуі мүмкін экономикалық санкцияларды қолдануға болмайды.
Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылға дейін ЕО Лукашенко мен биліктегі 200 тұлғаға қарсы тұлғалық санкция енгіздірген еді. Қазір сарапшылар Беларусьті Ресейге итермелемейтін қысым жолдарын қолдануға болмайды деген ұстанымда.
Кәмшат ТАСБОЛАТ