Айта кету керек, бүгінде Түркістанды дамыту ісі түрлі бағытта өріс алып келеді. Солардың бірі, тек түркістандықтар емес, барша еліміз үшін қажеттілігі басым, пайдасы мол жеңіл өнеркәсіп саласын да өркендету ауадай қажет. Осыған сай, іргетасы қаланып отырған тігін фабрикасының еліміз үшін пайдасы мол болмақ.
Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Өзбекстан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің қатысуымен тігін фабрикасының құрылыс алаңында капсула салынды. Жаңа өндіріс ошағы Turkistan индустриалды аймақта орналасқан. Жобаға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің өзі қызығушылық танытып, екі ел арасында бірлесе қолға алынып отыр.
Өңір басшысы бірлескен жобаның әлеуметтік маңызы мен тиімді тұстарын атап өтті. Фабрикада әртүрлі жастағы 1000-нан астам жұмыс орны ашылып, аз қамтылған отбасылардан шыққан қыз-келіншектер мен мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыспен қамтамасыз етіледі.
«Өзбекстандық әріптестерімізбен бірлесе салатын бұл тігін фабрикалары өңіріміздің экономикалық көрсеткіштерінің жоғарылауына үлес қоспақ. Бүгінде өңірімізде өзбек капиталының қатысуымен 40-тан астам жоба жүзеге асуда. Бұл тігін фабрикасы кезекті сәтті жоба және екі елдің бірлескен ынтымақтастығының лайықты нәтижесі болатынына сенімдімін», – деді Өмірзақ Естайұлы өз сөзінде.
Өндіріс орны айына 15 000 дана тоқыма өнімін шығарады. Барлық мамандар кәсіби деңгейде оқытылады. Олар Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде білімін жетілдіре алады. Жоба инвестицияларды тарту және экспортты дамыту жөніндегі Turkistan Invest өңірлік агенттігінің қолдауымен және «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі. Жаңа кәсіпорын алдағы қазан айында іске қосылады.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы