Тігін фабрикасының алғашқы қазығы қағылды
Тігін фабрикасының алғашқы қазығы қағылды
286
оқылды
Айта кету керек, бүгінде Түркіс­танды дамыту ісі түрлі бағытта өріс алып келеді. Солардың бірі, тек түркістандықтар емес, барша еліміз үшін қажеттілігі басым, пайдасы мол  жеңіл өнеркәсіп саласын да өркендету ауадай қажет. Осыған сай, іргетасы қаланып отырған тігін фабрикасының еліміз үшін пайдасы мол болмақ. Бүгін Түркістан облысының әкі­мі Өмірзақ Шөкеев пен Өзбек­стан Республикасы төтенше жағ­дайлар министрлігі өкілдерінің қатысуымен тігін фабрикасының құрылыс алаңында капсула са­лын­ды. Жаңа өндіріс ошағы Turkistan индустриалды аймақта орналасқан. Жобаға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің өзі қызығушылық танытып, екі ел арасында бірлесе қолға алынып отыр. Өңір басшысы бірлескен жо­ба­ның әлеуметтік маңызы мен тиімді тұстарын атап өтті. Фабри­када әртүрлі жастағы 1000-нан астам жұмыс орны ашылып, аз қамтылған отбасылардан шыққан қыз-келіншектер мен мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыспен қам­тамасыз етіледі. «Өзбекстандық әріптестеріміз­бен бірлесе салатын бұл тігін фаб­рикалары өңіріміздің эконом­ика­лық көрсеткіштерінің жо­ғарылауы­на үлес қоспақ. Бүгінде өңір­імізде өзбек капиталының қа­тысуымен 40-тан астам жоба жүзеге асуда. Бұл тігін фабрикасы кезекті сәтті жоба және екі елдің бірлескен ынтымақтастығының лайықты нә­тижесі болатынына сенім­дімін», – деді Өмірзақ Естай­ұлы өз сөзінде. Өндіріс орны айына 15 000 дана тоқыма өнімін шығарады. Барлық мамандар кәсіби деңгейде оқытылады. Олар Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде білімін жетілдіре алады.  Жоба инвес­тицияларды тарту және экс­портты дамыту жөніндегі Turkistan Invest өңірлік агенттігінің қолдауымен және «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі. Жаңа кәсіпорын алдағы қазан айында іске қосылады.  

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы