Бірнеше сағат ішінде «Nur Otan» праймеризіне қатысуға 500-ге жуық адам өтініш берді
Бірнеше сағат ішінде «Nur Otan» праймеризіне қатысуға 500-ге жуық адам өтініш берді
333
оқылды
Партияішілік іріктеу – «Nur Otan»ың праймеризіне қатысушыларды тіркеу басталды. Алғашқы бірнеше сағат ішінде 500-ге жуық адам праймеризге қатысуға ниет білдірді. 157 өтініш жолдаған Қостанай облысындағы партиялықтар белсенділік танытты. Ақмола облысындағы партия мүшелерінен 110 өтініш келіп түсті. Бастауыш партия ұйымдары 129 адамды ұсынса, 342 адам (72,6%) – өзін-өзі ұсынған кандидаттар. Праймеризге қатысу үшін өтінішті https://primaries.kz/ сайтында «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн жолдауға немесе аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өтініш беруге болады. Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады. https://www.youtube.com/watch?v=Yv7az0pCwOM&feature=youtu.be Еске сала кетейік, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Nur Otan» праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі. Кандидаттар праймеризге бастауыш партия ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысуы мүмкін. Бұл ретте партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер бола алады. Ол үшін праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін «Nur Otan»-ның қатарына қосылу керек. Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау.

Сонымен, кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамыздан басталып, 28 тамызға дейін жалғасады. Үміткерлерге үгіт-насихат жұмыстарына дайындалу үшін 7 күн беріледі – 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін.

7 қыркүйектен 3 қазанға дейінгі аралықта кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын, оның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өтеді. Пікірсайыстар «Праймериз» арнайы ақпараттық жүйесі арқылы өтіп, партияның ресми аккаунттарында таратылады. Осыған байланысты партия Төрағасының тапсырмасы бойынша онлайн-форматта дауыс беру үшін платформа әзірленді. «Праймериз» жүйесі тұрғындармен кері байланысты барынша күшейтуді, жалпы жұртшылықтың пікірлерін ескере отырып, түрлі бастамалар мен заң жобаларын онлайн-талқылау мүмкіндігін көздейді. 1 қазан (сағат 00:00) мен 3 қазан (сағат 14:00) аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беруді өткізу жоспарланып отыр. Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет жоқ елді мекендерде осындай сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады. Үміткерлердің рейтингі көрсетілген праймериз нәтижелері 5 қазанда жарияланады. Айта кетейік, бұған дейін «Nur Otan» партиясы праймериз өткізу, сондай-ақ, кандидаттарға ұйымдастырушылық және құқықтық қолдау көрсету мәселелері бойынша 8 (800) 080 4441 арнайы желіні іске қосқан болатын. Соңғы 2 айдың өзінде аталған желіге 15 мыңға жуық қоңырау түскен. Олардың ішінде өтініш білдіргендердің жартысынан көбі 30 бен 44 жас аралығындағы азаматтар.