Праймериздегі байқаушыларға арналған НҰСҚАУЛЫҚ
- Осы Нұсқаулық «Nur Otan» партиясының праймеризін өткізу ережесіне сәйкес әзірленді және праймериздегі байқаушылардың өкілеттіктерін айқындайды.
- Кандидаттың мүдделерін білдіретін, праймериздегі дауыс беру барысын байқауды жүзеге асыратын партия мүшесі байқаушы болып табылады.
- Праймеризге қатысушы кандидат өзінің сенім білдірілген адамдары қатарынан байқаушыларды айқындайды.
- Ұйымдастыру комитеттерінің, есеп комиссияларының, партиялық бақылау комиссияларының мүшелері байқаушылар бола алмайды.
- Кандидат ұйымдастыру комитетіне праймеризге қатысуға арналған құжаттарды беру кезінде дауыс беру күні дауыс беру учаскелерінде байқаушы ретінде оның мүдделерін білдіре алатын өзінің сенім білдірілген адамдарының тізімі мен олар туралы мәліметтерді ұсынады.
- Байқаушылар дауыс беру күні дауыс беру учаскесі ашылған сәттен бастап дауыс беру қорытындылары шығарылғанға дейін дауыс беру учаскесінде бола алады.
- Дауыс беру учаскесіне келген байқаушы өзінің жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі қажет. Учаскелік есеп комиссиясы учаскеде байқаушының қатысуы туралы журналға белгі қояды.
- Дауыс беру учаскесіне қатысып отырған байқаушылар:
1) дауыс беруге, оның ішінде үй-жайдан тыс дауыс беруге қатысқан партия мүшелерінің саны туралы ақпарат алуға; 2) дауыс беру барысын, дауыстарды санау және учаскедегі дауыс беру қорытындыларын рәсімдеу процедурасын қадағалауға; 3) тасымалданатын урналардың қасында жүруге, сонымен бірге оларды тасымалдайтын көлік құралының ішінде болуға; 4) есеп комиссияларының мүшелеріне өзінің байқаулары, анықталған бұзушылықтар туралы хабарлауға, ұсыныстар енгізуге; 5) тиісті есеп комиссиясының және (немесе) оның мүшелерінің шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздіктері) туралы бақылау комиссияларына шағымдануға; 6) учаскелік есеп комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған бюллетендерді санауы мен жоюы кезінде қатысуға; 7) дауыс беру және оның қорытындыларын шығару барысына кедергі келтірмей фото және бейнежазба жасауға; 8) учаскелік есеп комиссиясының дауыс беру қорытындылары туралы хаттамаларын жоғары тұрған есеп комиссиясына беру рәсімін қадағалауға; 9) дауыс беру өткізілгеннен кейін есеп комиссияларының қағаз жүзіндегі бюллетеньдері бойынша дауыс беру қорытындылары туралы хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға құқылы.
- Дауыс беру учаскесіне қатысып отырған байқаушылар:
1) өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттарын алып жүруге; 2) дауыс беру, дауыстарды санау және дауыс беру қорытындыларын рәсімдеу процесіне араласпауға; 3) учаскелік есеп комиссиясының және басқа да байқаушылардың жұмысына кедергі келтіретін әрекеттер жасамауға; 4) өз ескертпелерін құжаттамаланған, іс жүзіндегі және тексеріле алатын фактілермен негіздеуге (оның ішінде фото және бейнежазбалар); 5) дауыс беру өткізіліп отырған үй-жайда үгіт жұмысын жүргізбеуге міндетті.
- Байқаушылардың өтініші бойынша ұйымдастыру комитеттері бюллетендерді қайта санауды жүргізе алады. Бюллетендерді қайта санау бір рет өткізіледі.
- Байқаушы осы Нұсқаулықтың 9-тармағын бұзған жағдайда, учаскелік есеп комиссиясының төрағасы байқаушыны дауыс беруге арналған үй-жайдан комиссияның барлық мүшелері қол қоятын актіні жасай отырып, шығарып жібере алады.
- Партиялық бақылау комиссиялары Праймериз өткізу ережесін, партия Жарғысын және Партия мүшесінің Этика кодексін бұзғаны үшін байқаушылардың дербес жауапкершілігін қарауға құқылы.
- Дауыс беруге арналған үй-жайда дауыс берушілердің орындары бюллетендердің берілуін, құпия дауыс беруге арналған кабиналарды және дауыс беруге арналған тұрақты урнаны қадағалау мүмкіндігі қамтамасыз етілетіндей етіп белгіленеді.
- Дауыс беру күніндегі бұзушылықтарға мыналар жатқызылады:
1) дауыс беруді белгіленген уақыттан тыс өткізу; 2) партия мүшелерінің тізімдерінде көрсетілмеген адамдарға бюллетендер беру; 3) басқа адамдар үшін дауыс беру; 4) учаскелік есеп комиссиясы мүшесінің дауыс беруге арналған бюллетенде қолтаңбасының болмауы; 5) дауыс берушілерге жеке басын куәландыратын немесе партиядағы мүшелігін растайтын құжатын тексермей бюллетеньдер беру; 6) дауыс беру өткізіліп отырған үй-жайда үгіт жүргізу; 7) дауыс беруге кедергі жасау; 8) дауыс беру құпиялығын бұзу; 9) құжаттарды (есеп комиссияларының хаттамалары, бюллетендер және өзге де құжаттар) жалған жасау; 10) дауыстарды дұрыс санамау; 11) «Nur Otan» партиясының праймеризін өткізу Ережесін және осы Нұсқаулықты бұзатын өзге де әрекеттер.
- Байқаушы бұзушылық фактісі анықталған жағдайда бұл туралы есеп комиссиясының мүшелеріне хабарлайды. Бұзушылық жойылмаған немесе учаскелік есеп комиссиясы негізделген бас тартуды ұсынбаған жағдайда, байқаушы аумақтық партиялық бақылау комиссиясына шағым жасауға құқылы. Шағым дауыс беру күнгі жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00-ге дейін берілуі мүмкін. Партиялық бақылау комиссиясы шағымдарды дауыс беру күнгі сағат 20:00-ге дейін қарайды.
- Егер дауыс беру барысында немесе дауыстарды санау кезінде дауыс беру нәтижелеріне әсер етпейтін бұзушылықтар орын алса, онда партиялық бақылау комиссиясы партияның Жарғысына, партия мүшесінің Этика кодексіне және партияның ішкі құжаттарына сәйкес бұзушыны партиялық жауапкершілікке тарту туралы шешім шығарады.
- Учаскелік есеп комиссияларының үй-жайларында аумақтық және аймақтық партиялық бақылау комиссиясы мүшелерінің байланыс деректері көрсетілген ақпарат болуы (міндетті түрде тегі, аты және әкесінің аты, ұялы телефон нөмірі және партияның жедел желісінің Call-орталығының нөмірі көрсетілген) қажет.