Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» және «Қазақконцерт» ұйымы бірлесіп, «Ұлы дала елінен» атты қазақстандық әртістердің концертін ұйымдастырады. Концерттің мақсаты – музыкалық өнер арқылы ұлттық бірегейлікті сақтау, қазақ диаспорасына рухани қолдау көрсету, шетелдегі қандастармен байланысты нығайту.
Осы игі жоба аясында 22 тамыз күні сағат 21.00-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) әлемге әйгілі «TURAN» этнофольклорлық ансамблінің онлайн концерті өтеді. Ансамбль қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын жаңғыртып, ұмыт бола бастаған төл аспаптардың сүйемелдеуімен өздерінің үздік туындыларын орындайды.
«TURAN» ансамблі ұлттық музыкалық аспаптардың дыбысын қазіргі заманға сай лайықтап, жаңа форматта ұсынып жүр. Он жылдық тарихы бар өнер ұжымы қазақ музыкасын әлемге әйгілеп, 70-тен астам шет мемлекетте 600-ден астам жеке концерт берген. Ансамбльдің құрамында Серік Нұрмолдаев, Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев сынды талантты мульти инструменталист музыканттар бар. Қазақ халқының отыздан астам ұлттық музыкалық аспабы болса, музыканттардың әрқайсысы солардың бірнешеуінде ойнауды меңгерген.
Онлайн концерт Otandastar channel YouTube арнасында көрсетіліп, баршаға қолжетімді болмақ. Бұл бастама ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасымен жүзеге асырылады.