«Ғалымдардың әлеуеті бар, қаржысы жоқ»...
Премьер-Министрдің ресми сайтында берілген мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда Қазақстанда фармацевтика саласында 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 33-і – дәрі-дәрмектер, 41-і – медициналық бұйымдар, ал 22-сі медициналық техника бойынша жұмыс істейді. Биылғы 7 айдың қорытындысына келсек, пандемия кезінде фармацевтикалық кәсіпорындардың өндіріс көлемі 23,2 пайызға артып, 70,2 млрд теңгеге дейін өскен. Қазақстанның фармацевтикалық кластерінің өсу қарқыны Алматы, Шымкент қалаларымен қатар, Алматы, Қарағанды облыстарында жоғары. 80 жылдық тарихы бар Шымкенттегі «Химфарм» АҚ «SANTO компаниясы» сауда белгісімен танымал, ол еліміздегі ең ірі фармацевтикалық кәсіпорын болумен қатар, халықаралық Polpharma тобының құрамдас бөлігі болып саналады. Алдағы жылдары компания Қазақстан дәрігерлерінің емдеу хаттамасына сәйкес, отандық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін 50 жаңа препаратты қолданысқа енгізбек. Бір айта кетерлігі, SANTO көптеген дәрі-дәрмекті жеке R&D-талдамасы, яғни өздері ойлап тапқан өнімдер аясында шығарады. Қазақстанның фармацевтикасы кенжелеп қалған жоқ па? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «егер отандық фармацевтикалық сала ішкі сұранысты 50 процентке дейін жаппаса, онда бұл ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін» баса айтқан еді. Сол себептен отандық дәрі-дәрмек шығаратын компаниялардың ендігі міндеті – ұлттық мүдделерді қорғаумен қатар, ел азаматтарының денсаулығына жауапкершілікпен қарау, шетелден импортталатын дәрі-дәрмектердің орнын басуға тырысу. Отандық ғалымдар да елдің шетелдік дәрілерге тәуелділігін азайту мақсатында тың жобаларды қолға алып, сәтті жұмыс істеп келеді. Десе де, салада қордаланған мәселелер де жоқ емес. Елімізде жантақ пен кермек өсімдік түрлерінен алхидин және лимонидин отандық препараттарының жасалуына жетекшілік еткен химия ғылымдарының докторы, профессор Жарылқасын Әбілов қандай да бір дәрі шығару үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалуы тиіс деген ойда: – Қазақстанның дәрі шығару потенциалын арттыру үшін тек ғалымдар ғана емес, дәрігерлер де күш біріктіруі керек. Атап айтсақ, Білім және Ғылым, Денсаулық сақтау министрліктері тарапынан тиісті қаражат бөлінсе, маңызды жұмыстарды бірлесе атқаруға болады. Елімізде елеулі медициналық мекемелер баршылық, соның бірі – Александр Ильин басқаратын «Инфекцияларға қарсы препараттардың ғылыми орталығы» АҚ. Бұрын жасалған немесе жасалып жатқан дәрі-дәрмектерді алатын болсақ, біздің ғалымдарымыздың өзінде шаң басып сөреде жатқан препараттар жетерлік. Солардың бәрін жинап, әрқайсысын жеке-дара қарастыру керек. Өкінішке қарай, ғалымдардың потенциалы бар, ақшасы жоқ, – дейді. Ғалымның айтуынша, қазіргі кез – химиктер, биологтар мен медицина қызметкерлерінің бас біріктіретін уақыты. Медициналық өнім шығарудың төрт фазасы бар, яғни оны зерттеп бастаудан адамға егуге дейінгі процестің өзі біраз уақыт алады. Профессор қандай да бір жаңа өнім шығарарда, әсіресе оның зиянды, кері әсерлерін бағамдап, аса ұқыпты жұмыс жасау керегін еске салады. Бұл орайда, Жарылқасын Әбілов: – Қазір біреулер «біз вирусқа қарсы дәрі жасадық, клиникаға дейінгі шараларды бітірдік», – дейді. Бұл шындап келгенде, «тышқандармен жұмыс жасап біттік» деген сөз ғой. Яғни, адамға қандай әсері боларын зерттеу үлкен жұмыс. Шетелдің өзінде дәрі-дәрмек жасау ісі ұзақ процесс. Біздегі жағдай одан бөлек. Дәрі шығару аздау. Жалпы, дәрі-дәрмек шығару үшін қаражат бөлуден бөлек, технологиялар мен реактивтер керек. Шындап келгенде, соның барлығы қолымызда бар деп айта алмайтын шығармыз. Егер шетелдегідей жағдай жасалса, мүмкіндік ашылады, – деп ойын түйіндейді. Бүгінде отандық фармацевтикалық компаниялар алдына екі мақсат қояды. Біріншісі – көбірек отандық өнім шығарып, онымен халықты қамтамасыз ету. Екіншіден, көршілес нарыққа шығып, пайда табу. Бұл өз кезегінде бұл салаға инвестицияны көптеп тартуға мүмкіндік туғызады.Пандемия салаға қалай әсер етті?
Әлемді жайлаған коронавирус індеті адамзатты жаңа санитарлық-гигиеналық талаптармен өмір сүруге мәжбүр етті. Бетперде тағып, қолды антисептик, санитайзерлермен жиі-жиі тазалап отыру – күнделікті қалыпты жағдайға айналды. Мамандар елімізде өндірілетін дезинфекциялық өнімдердің кейбірі стоматологиялық құрал-жабдықтарды тазалауға әлі де икемделмегенін алға тартады. Стоматологиялық клиника директоры Марианна Сахно: – Өкінішке қарай, стоматология саласында қазақстандық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер жоққа тән. Болмаса отандық өнімге не жетсін?! Мәселен, құрылғыларды Германия, Франция, Аустриядан аламыз. Ал емдеу материалдары Жапония, АҚШ, Испания мен Кореядан әкелінеді. Қазақстандық өндіріске келсек, бетперде мен бірреттік халаттарды алғанбыз. Бірақ отандық бетперденің сапасы төмен. Мәселен, құлаққа ілетін бауы жиі түсіп қалады. Енді осы майда-шүйденің бәрін Малайзиядан алуға тура келеді. Антисептиктерге келсек, отандық және француз өнімдерін салыстырып жатамыз. Енді қараңыз, отандық өнімнің сапасы төмендеу, бағасы еуропалық деңгейде. Әрине, отандық өндірушілерді барынша қолдауға тырысамыз, бірақ сапа жағына мән берсе екен деген тілегіміз бар. Себебі медициналық құрылғыларды тазалауға отандық өнімді қолданған орта буын мамандарымыз аллергиялық реакция болғанын айтады. Яғни, әлі де тазалау концентраттарын дайындауда сапа мен баға жағына мән берген жөн, – дейді. Жалпы, пандемияға дейін елімізде санаулы ғана дезинфекциялық өнімдер шығаратын компаниялар болған. Бірақ жағдайдың қиындауына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау комитеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен стандартына сәйкес елімізге теріге арналған антисептиктерді тіркеуге рұқсат берген. Сол себептен қазір олардың түрлері 100-ден асып, тіпті алаяқтық фактілері де тіркеліп, «эталон мен глицериннен антисептик» жасап сатып жүрген пысықайлар да табылып жатыр. Егер пандемия дезинфекциялық өнімдер шығаратын компанияларға табыс әкелсе, фитоөнімдер шығаратын отандық кәсіпорындарға жаңа талаптарды мойындап, жаңаша жұмыс істеуге итермелеген. Қарағандыдағы «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ-ның бас директоры Серғазы Әдікенов өзінің Facebook парақшасында: – Карантиндік шараларға қарамастан, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен «Фитохимия» холдингі мен Қарағанды фармацевтикалық зауыты бірлесе отырып, вирусқа қарсы жаңа фитопрепараттармен қатар, дезинфекциялық, бактерияға қарсы өнімдер шығару ісін кеңейте түсті. Бұл қиын-қыстау кезеңде бәріміз әлеуметтік жауапкершілікті терең сезіп, коронавируспен күреске әрқайсысымыз үлес қосуымыз керек, – деген еді. Айтпақшы, бүгінде Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты коронавирусқа қарсы отандық QazCovid-in вакцинасын адамдарға егіп, зерттеу барысынан өтіп жатыр. Бүгінде әлем елдері пандемияның ушығуына байланысты жаңа препаратты бекітудің төрт фазасынан емес, екі фазасынан өтіп, жаппай иммундау кезеңіне аяқ басып жатыр екен. Жақында отандық сайттардың біріне сұхбат берген профессор Александр Ильин де өзі басқаратын ғылыми орталықтың FS-1 вирусқа қарсы препаратының дайындалғанын сүйіншілеген еді. Егер QazCovid-in вакцинасын ДДСҰ мақұлдап үлгерсе, COVID-19-ға қарсы FS-1 өнімін ел ішінде тіркеудің өзі ұзаққа созылып кетіпті. Мамандар ел ішінде бәсекелестіктің болғанын жөн санайды, себебі бұл сапалы өнімнің шығарылуына бірден-бір себеп болмақ.Кәмшат ТАСБОЛАТ