Жалын орманды жайпап барады
Жалын орманды жайпап барады
179
оқылды
 

Өрт жиі шығатын болды

Мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы – 30058,1 мың гек­тар. Яғни,  республика аума­ғының 11 пайызын алып жатыр. Алайда жыл сайын орман өртінен осынау тоғайларымыз зардап ше­гіп келеді. Бір ғана Шығыс Қа­зақстанда облысында жыл ба­сынан бері жалпы аумағы 4560,74 гектарды алатын 192 орман өрті тіркелген. Соның ішінде ең ірісі – Бесқарағай ауданындағы «Семей орманы» резерватындағы жағдай. Салдарынан 3 500 гектар орман өртенген. Облыстағы мұн­дай жағдайлардың 90 пайызы най­зағай түскеннен болған. Қал­ғаны – адамдардың отқа абай болмағанынан. 2019 жылы 499 оқиға тіркел­се, биыл 559-ға көбейген. Ор­ман өртін шағын аумақтарда анық­тап, дер кезінде сөндіру үшін «Қазавиаорманқорғау» РМҚК күшімен еліміздің 8 об­лысында 8 млн 869 мң гектар ал­қап­та авиация­мен қарауылдау жұ­мыстары жүр­гізіледі. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі коми­тетінің бас сарапшысы Серік Айдабосынның айтуынша, ор­ман қорын ғарыш кеңістігінен бақы­лап отырғанның пайдасы тиіп жа­тыр. «Бұрын кей мекемелер жауапкершіліктен қашып орман өртін жасыратын. Ал қазір мони­торинг жасалатындықтан, қанша аумақты қамтығанын, қай жерде не болып жатқанын біліп отырамыз. Сонымен бірге заңсыз кесілген ағаштарды да бақылаймыз».  

Аумақты сақтайтын ақылды камера

Қазақстанда «Семей орманы» резерваты орман өртін анықтау ақпараттық жүйесіне қосылған. Ол Дүниежүзілік банк қаражатымен іске асырылыпты. Жұмыс істеу принципі мынадай: мұнараларға ақылды камералар орнатылған. Түтін шықса болды, дереу анықтап, қашықтығын, координаттарын көрсетеді. Мұның үлкен пайдасы өртті уақытында сөндіруге көмек­теседі. Себебі неғұрлым ерте ха­барланса, соғұрлым ертерек қи­мыл­дап, көбірек аумақты аман алып қалуға болады. Жауапты комитетке хабар­ласқанымызда, алдын алу және орман өртін азайту шараларына баса мән беріліп отырғанын айтты. Яғни, өрт маусымы басталмай жатып өрт техникалары мен құ­ралдарын дайындап, жанармай қорын бекітіп, оқу-жаттығу, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі екен. Ал сәуірден бастап күнделікті рейд жасалады. Өрт салдарын жеңілдету үшін орман бойына трактормен минералданған жолақ­тар салынып, жер жыртылады. Осының арқасында сырттан келген өрт өтіп кетпейді.  

Себептерін сараласақ..

Әдетте көктемде шаруа қожа­лық­тарының да, қарапайым тұр­ғындардың да ескі шөпті өртейтіні бар. Ондағысы орнына жаңа шөп шықсын дегені. Бақылаусыз жана­тын от орман қорына өтіп кетуі мүм­кін. Бірақ бұл ретте мынаны ескеру қажет: көзге көрініп, жаңа шөп шыққанымен, ол жердегі то­пырақтағы микрофлоралар өле­ді. Сонымен бірге уақыт өте келе топырақ эрозиясына алып келіп, ақыры қасиетін жоғалтуы мүм­кін. Одан бөлек, орман пайда­ланушылардың кесірінен де өрт оқиғалары тіркеледі. Кейде өрттің себебі белгісіз болады. Яғни, өрт сөндіруге барғанда айналасында ешкім жоқ болуы мүмкін. Негізінен, оттың үш түрі бар: жоғарғы, тө­менгі және жер астындағы. Ал­ғашқысынан төнетін қауіп жоғары. Себебі ағаштың үстімен жанып, жылдам таралады. Зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы бастығының орынбасары, аза­мат­тық қорғау полковнигі Ал­тай Мырзабаев табиғи өрттің себептерін тізбелеп берді. «Бұл жерде бірнеше себеп бар. Атап айтқанда, сөндірілмеген темекі, от, жанып жатқан сіріңке, атудан кейін бықсыған шаң, майлы шүберек немесе шүберек, шыны бөтелке, күн сәулесінің сынуы, көлік құ­ралының сөндіргішінен шыққан ұшқын, құрғақ ескі шөпті жағу, найзағай разрядтарынан өрт пайда болады. Елімізде ШҚО 34% (190) мен Павлодар облыстарында 19% (106) орман өрті көп тіркелген. Бұдан мемлекетке материалдық шығын, табиғатқа қайта түзелмейтін залал келеді». Жоғарыда айтқан «Семей орманындағы» өрттің шығыны – 1,8 млрд теңге.      

Өзге елдер қалай күреседі?

Орман өрті бүгінде ғаламдық проблемаға айналып отыр. Мы­салы, Ресейде жыл сайын миллион­даған гектар жер өртенеді. Орман аумағы өте үлкен елдер, тіпті кей жерлерді сөндіруге де тырыспайды. Өйткені экономикалық тұрғыдан оларға сол жаққа барып, техника апарып, сөндіру тиімсіз. Тек қауіп жоғары болған жағдайда сөндіреді. Бұл мәселені жақсы шешкен ел ретінде Финляндия жиі ата­лады. Бұрын ол жақта орман жиі өртенетін. Бірақ қазір шаруа­шылық қызметі өзгеріп, өрт кө­лемі мыңдаған есе азайған. Ша­руа­шылық ормандарын адам­дар пай­даланғанда барынша өртті бол­дырмайтындай етіп өсіреді де­седі. Дегенмен зерттеулер нәти­жесінде өрттің азаюы бұл шара­лардың арқасында емес, бақылау жүйесін ыңғайлы етіп жасағаннан болғаны анықталыпты. Яғни, жер мен орманды пайдаланған кезде отты қолдануға тыйым салғаны оң нәтиже берген деседі.     Түйін:

Адамның абайсыздығынан бо­латын өртті азайту адамның ғана қо­лында. Ал табиғи факторға әсер ету әсте оңай емес. Аустралиядағы ахуалдың зардабы көпшіліктің көз алдында: миллиондаған гектар жер, жан-жануар, адамға залалы тиді. Оны тез сөндіру үшін өрт сөн­дірушілер санының аз-көп болуы маңызды болмады. Тек ауа райының өзгергені күтілді. Байқасақ, бар­лық жағдай бір-бірімен тығыз бай­ланысты. Бүгінде климат өзгеріп жат­қаны жайлы жиі жазылып жүр. Дабыл қағып, ауыр салдарының ал­дын алу шараларына да шақырып жатқандар аз емес. Ал сол климаттың өзгергеніне қуаңшылық пен құрғақ­шылық орнайды. Өз кезе­гінде бұл факторлар орман өртін ту­дырады. Та­биғи «өкпе» саналатын жа­сыл же­лектің өртенгені ешкімге пайдалы емес. Өйткені жан-жануар, адам өміріне қауіп төндіргенімен қоймай, одан шығатын күйенің желмен сонау Арктиканың мұз бен қарына қонып, ерітеді екен. «Табиғат – ортақ анамыз» деген осы болса ке­рек. 

 

Жадыра АҚҚАЙЫР