TikTok-тың кесірінен жараланды
TikTok-тың кесірінен жараланды
210
оқылды
Жалпы, облыстық Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, жәбірленуші жанжалды шығарған баланың пышақ сіл­тегенін, одан кейін ол оқиға орны­нан қашып кеткенін айтқан. «Бұл факті Тараз қаласының полиция бөлімінде тіркеліп,  Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі, яғни «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы Тараз қаласының 15 жастағы тұрғынын ұстап, бол­ған оқиғаға қатысты барлық қа­жетті шараларды қабылдауда, соның нәтижесі бойынша алдын алу шарасын таңдау мәселесі ше­шілетін болады» делінген департамент хабарламасында. Алайда аталған балалар кім­дер? Пышақ­талған баланың қа­зіргі жағдайы қандай? Ұсталған баланың ата-анасымен қандай жұмыстар жүргізілуде? Бұл са­уалмен облыстық Білім бас­қармасына хабарластық. – Негізі бір топ жасөспірім  TikTok-қа видео түсірмек болып, «Жеңіс» саябағына барған.  Сол сәтте арасындағы қыздың телефонына жігіті қоңырау ша­лып, арғы жақтан бөтен бір­еу­лердің дауысы шығып жат­қанын естіген. Содан «қасыңдағылар кімдер, телефонды берші» деген. Қыз жақын тұрған баланың біріне телефонды ұстата салған. Ерегіс осыдан туып, әлгі пышақтаған бала бұларды «Ақбұлақ» ша­ғынауданындағы «Балжан» дү­кенінің қасына шақырған. Осы жерде телефонмен сөйлескен екі жігіт ерегісіп тұрғанда үшіншісі  келіп ажыратпақ болады. Сол сәтте «сөйлесуге» шақырған бала қал­тасынан пышақ шығарып, әлгі баланың жамбасына сұғып алады. Содан кейін бала қашып кеткен. Пышақтаған бала негізі мек­теп оқушысы. Ал жәбірленуші колледждің студенті. Пышақ­қа іліккен бала дереу аурухана жет­кізіліп, оған дер кезінде көмек көрсетілді. Қазір ем қабылдап жатыр. Өміріне төніп тұрған еш қауіп жоқ. Жасөспірімге қатысты іс болғандықтан, біз балалардың есімі мен оқу орнын айта ал­маймыз. Мұның бәрі тергеу амалдары аяқталғаннан кейін белгілі болады. Алайда біз пы­шақтаған мектеп оқушысының ата-анасымен кездесіп, түсінік­теме алдық. Сонымен қатар психолог мамандар тү­сін­дірме жұмыстарын жүргізді. Негізгі іс «Бұзақылық»  бабы бойынша қаралып жатқандықтан, қылмыс жасаған  баланың болашағы туралы ештеңе айта алмаймыз. Ақ-қарасын құзырлы орган анық­тайды, – дейді облыстық Білім басқармасының маманы Мұхтар Амангелдіұлы. Міне, осылайша қарапайым TikTok-қа түсу  төбелеске, арты пышақтасуға апарып отыр. Енді небәрі 15 жасар мектеп оқушысының болашағы не болары белгісіз? Екінші тарап кешірім берсе де, бұл іс сотта қаралатын түрі бар.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы