Ақтөбеліктер праймеризге белсенді қатысып жатыр
Ақтөбеліктер праймеризге белсенді қатысып жатыр
5,271
оқылды
Құжат қабылдаудың алғашқы күндері Ақтөбе қаласы мен Алға, Мұғалжар, Қарғалы аудандарының тұрғындары белсенділік танытқан. Тіркелгендердің 78-і – әйелдер, 89-ы – ер-азаматтар. 53 үміткердің жасы 35-ке жетпеген. 48 партиялық бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылса, 119 адам өз еркімен қа­тысып отыр. – Праймериз – партияішілік сайлау. Оның мақсаты – Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, оларды мем­лекеттік органдардағы лауазым­дарға ұсыну үшін бәсекелестік күрес негізінде мықты көшбасшы­ларды анықтау, – деді Ербол Данағұлов праймериздің мақсаты мен міндетін түсіндіргенде. Оның айтуынша, осы саяси науқанды өткізу үшін Ақтөбе облысы филиалының қадамдық жоспары әзірленген. Ол 5 негізгі кезеңнен тұратын іс-шараларды қамтиды. Осы қадамдық жоспар бойынша облыста 25 жерде жария дебат ұйымдастырылады. Ол 3 деңгейде: үгіт-насихат  барысында, партияның аудандық, қалалық және облыстық филиалдарының кон­ференциясында өтеді. Барлық кандидаттар түгелімен дебаттарға қатысуы қажет. 1-3 қазан аралығында облыс­тағы 33 мыңнан астам партия мү­шесінің дауыс беруі үшін 136 дауыс беру учаскелері белгіленді. Ин­тернет байланысына қосылмаған 42 участокта дәстүрлі бюл­ле­теньмен дауыс беру,  94 участокта онлайн  дауыс  беру  жоспарланып  отыр. – Праймериз – еліміздің да­муына мүдделі жігерлі, білімді, белсенді азаматтар үшін жаңа әлеуметтік саты іспетті. Ендеше өз күшіне сенімді, елімізді, облы­сы­мызды дамытқысы келетін ақтө­белік­терді праймеризге белсен­ді қатысуға шақырамын, – деді Ербол Данағұлов. Айта кету керек, кандидаттарды тіркеу кезеңі 28 тамызға дейін жал­ғасады. Ақтөбе қаласы тұрғындары Тургенев көшесі, 86 мекенжайы бойынша немесе 54-11-56 теле­фоны арқылы партия филиалына (ұйымдастыру комитетіне) хабар­ласа алады.  

А.ЖАСАНҰЛЫ