Қазақстан өз аумағына азаматтары еш рұқсатсыз, визасыз келе алатын мемлекеттердің тізімін арттыруға бел буды. Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті ол тізімге қандай елдер қосылатынын жариялады. Олардың арасында наркокартельдер қан-қасап қырғын салған, «Кокаин республикасы» атанған мемлекеттің де болуы таңдандырады.
Айта кету керек, Қазақстан Үкіметі мұның алдында азаматтарына елімізге визасыз кіруіне рұқсат етілген шет мемлекеттердің санын EXPO-ға байланысты арттырған болатын. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, барлығы 45 мемлекет үшін республикамыз біржақты түрде визасыз тәртіп орнатты. Сол кезде аталған шешім елімізге келетін шетелдік туристер санын күрт арттыру үшін қабылданғаны мәлімделді.
Ендігі шешім басқа негізге – инвестиция тартуға құрылып отыр.
Осыны көздейтін Үкімет қаулысы жобасының атауы ұзын болып келеді: «Көшіп келушілердің Қазақстанға келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстаннан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, ҚР аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстанның аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Үкіметтің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 қаулысына өзгеріс енгізу туралы».
Құжат қолданыстағы 45 мемлекет сыртында тағы 12 елдің азаматтарына қазақ жеріне емін-еркін кіріп, бір ай бойы ен жайлауға жол ашпақ. Яғни, бұл мемлекеттің азаматтарына бұрынғыдай Қазақстаннан арнайы шақырту күту, құзырлы құрылымдарымыздың құптауын алу қажет болмай қалмақ. Тек шекарадағы өткізу бекетінде тіркеуден немесе әуежайлардағы кедендік бақылаудан өтсе, жеткілікті.
«Егер Қазақстанда болу кезеңі ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік 30 күннен аспаса, Бахрейн, Ватикан, Вьетнам, Индонезия, Қатар, Колумбия, Кувейт, Лихтенштейн, Оман, Сауд Арабиясы, Таиланд және Филиппин азаматтары Қазақстанға визаcыз келеді және Қазақстаннан визасыз кетеді», – делінген Үкіметтің жаңа қаулысы жобасында.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, құжат 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.
Дегенмен біріншіден, осы тізімге жаңадан қосылатын елдердің негізінен дамыған елдерге жатпайтыны назар аудартады.
Екіншіден, бұрын Үкімет визасыз режім орнату кезінде ондай мемлекеттің озық дамыған, саяси тұрақты және қауіпсіз болуын басшылыққа алатын. Алайда жаңа тізімде өткен ғасырдың 80-ші жылдарында әлемдік есірткі тасымалының 80%-ына дейін өз бақылауында ұстаған Пабло Эскобар мен оның «Медельин картелінің» (Cartel de Medellin) мұрасымен күні бүгінге дейін күресіп жатқан Колумбияның барлығы қайран қалдырады. Халықаралық ұйымдар дерегінше, 2017 жылы Колумбиядағы заңсыз кокаин егістігінің ауқымы жаңа рекордтық көрсеткішке – 171 мың гектарға жеткен. 2012-2013 жылдары тек 48 мың гектар болған-тын. Осыған орай, Колумбияның жаңа сайланған президенті Иван Дуке 2019 жылдың наурызында Конституциялық сот алдында сөз сөйлеп, есірткі шаруашылығымен және есірткі трафигімен радикалды, қатал күрес жөніндегі жаңа саясатты жария етті. Оның не нәтиже берерін, сарапшылар тілімен айтқанда, әлемді «колумбиялық індеттен» құтқарарын, не болмаса, алдыңғы президент Мануэль Сантостың саясатындай, есірткі бизнесінің ары қарай өрістеуіне соқтырарын тек уақыт көрсетеді.
Өз кезегінде қазақстандық құзырлы органдар егер Колумбия азаматтарына бізге еркін келуге мүмкіндік берілсе, республикамызда онсыз да ушығып тұрған есірткі саудасы одан әрмен өршіп кетпеуі үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет.
Үшіншіден, СІМ түсіндіруінше, бұл жолы визасыз тәртіпке қатысты өзгерістерді қабылдаудағы басты өлшемшарт – инвестиция тарту. Әйтсе де, қазақстандық экономикаға құйылып жатқан шетелдік қаражат құрамындағы әлгі 12 елдің үлесі тым мардымсыз екені айқындалды. Нақтылай кетсек, 2005-2018 жылдар аралығында осы елдердің барлығын қоса алғанда, Қазақстанға жалпы алғанда небәрі 876,3 миллион доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылыпты. Рас, Үкімет Катар, Кувейт, Оман, Сауд Арабиясы секілді бай елдерден келетін инвестиция көлемін еселеп арттырудан үмітті.
Бұдан бөлек, тізімге қосуға ұсынылғандар арасында мұнайлы елдердің қарасы басым екені байқалады. Бұл мұнайға басы байланған Қазақстанның осы стратегиялық секторындағы жергілікті кадрлар жағдайының нашарлауына соқтырмауы маңызды. Әйтпесе, 30 күнге дейін визасыз келуге мүмкіндік алса, «қара алтын» өндіруде мол тәжірибесі бар аталған мемлекеттердің білікті мұнайшы мамандары және мұнай-сервистік компаниялары Қазақстанға ағылып, біздің мұнайшылар мен бизнесмендерді онсыз да азая түскен нәпақасынан айыруы, аузынан жырып әкетуі әбден мүмкін. Бұған Үкімет дайын ба? Әлде инвестиция келсін деп біржақты қарастырып, мәселенің басқа қырларын қаперден шығарып алды ма?
Үкімет қаулысы жобасына түсіндірме жазбада Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов жоба «теріс әлеуметтік, экономикалық немесе құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайтынына» сендіреді.
«Саяси, экономикалық және инвестициялық орындылығын, сондай-ақ Қазақстанның әлем елдерімен өзге де мүдделерін назарға ала отырып, Үкімет аталған тізімді кеңейту және 12 ел азаматтары үшін Қазақстан аумағында 30 күндік мерзімге дейін визасыз болу тәртібін енгізу мәселесін қарастырды. Сыртқы істер министрлігі ұсынған бастаманы ҰҚК, Ішкі істер, Мәдениет және спорт, Ұлттық экономика, Қаржы, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму, Энергетика министрліктері, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және «Атамекен» ҰКП қолдады. Қазақстанның құзыретті органдарының ұстанымдарына сәйкес аталған елдердің азаматтары үшін 30 күндік мерзімге дейін визасыз тәртіпті енгізу көші-қон қатерін тудырмайды және еліміздің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейді», – дейді министр.
Бұған қоса, «СІМ-нің пікірінше, осы ұсынысты біржақты негізде жүзеге асыру аталған елдерге бару үшін біздің азаматтарымызды тепе-теңдік негізде визалық талаптардан босату бойынша жүргізілетін келіссөздер барысында дәйекті негіздеме болады».