Кемшіліктерді Ұлттық жол сапа орталығының мамандары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінен құралған арнайы мониторингтік топ анықтады.
Құрылыс нормаларын өрескел бұзған компанияның жұмысын комиссия дер кезінде тоқтатып, заңды талап қойды. Отар – Сұлутөр – Көктөбе бағытындағы автожолдың сапасы талапқа сай болмай шыққан. 14 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік бюджеттен 302 миллион теңге қарастырылған. Алайда мемлекеттік тапсырысты жеңіп алған компанияның жұмысы құрылыс нормаларына сәйкес келмейді. Оны Ұлттық жол сапа орталығының мамандары сынама алып, зертханалық сараптама арқылы дәлелдеп берді.
Қадіржан Мырзаев, ұлттық жол активтері сапасы орталығының инженері: «Тексердік. Асфальтті сараптамаға алдық. Өтпей қалды. Жабындыны, яғни 1,5 шақырымды толық алып тастау керек», – дейді.
Асфальт қалыңдығы жоба бойынша 5 сантиметр болуы тиіс жерге 4-4,5 жарым сантиметр ғана төсеген. Жолды жөндеп беруді мойнына алған компания кеткен кемшілікті мойындап отыр.
Сапасыз жол құрылысына қатысты тексеру, қадағалау жұмысы қатаң қадағаланады.
Айта кетейік, Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жолға қатысты 109 рет тексеру жүргізіліп, 300-ден астам сынама алынған. Нәтижесінде 25 кемшілік анықталып отыр.