Ең әуелі Байзақ аудандық орталық ауруханасына тоқталсақ. Биыл 4 шілдеде аурухананың провизорлық бөлімінде пневмония диагнозымен А. есімді азамат қайтыс болады. Алайда мәйіттің денесі 9 сағат бойы ауруханада қалып қойған.
– Мәйітті кешке дейін ұстап, тек 9 сағаттан кейін шығарғаны бойынша Байзақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Р.Сапарбековке қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза белгіленді.
Қазіргі таңда Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы Ересектерге арналған оңалу орталығында мәйітхана ашылды. Оған штатпен 2 санитар беріліп, аудан әкімдігінен мәйіт тасымалдайтын бір автокөлік бөлінді. Мәйіттер уақытында жеткізіліп, уақытша сақталу жұмысы заңнамаға сәйкес жүргізілуде, – дейді Хамит Мырзақасымов.
Карантин кезінде Шу қалалық ауруханасынан да шу шықты. Емханада емделіп жатқан Р.Анлаусова әдеуметтік желі арқылы медициналық мекеменің уақытша оқшаулау бөлмесі санитарлық-эпидемиялық талаптарға сәйкес келмейтінін қатаң сынға алды. Алайда Денсаулық сақтау басқармасының бұл жайтқа қатысты айтар өз уәжі бар.
– Науқас Р.Анлаусова Шу қалалық ауруханасына жедел жәрдем бригадасы арқылы қабылдау бөліміне жеткізілген. Түскен кездегі шағымы – дене қызуының жоғарылауы, ентігу, жөтел. Науқасты кезекші дәрігер И.Латифов қарап, бақылау бөліміне оқшаулаған. Аурухананың қабылдау бөлімінде науқастардың полимеразалық тізбекті реакциясы дайын болғанша науқастарды уақытша бақылу бөлімшесі ұйымдастырылған. Ал арнайы 10 төсек-орынға арналған провизорлық стационар жұмысы басқарма басшысының №435-ө бұйрығы негізінде 9 шілдеде ашылды.
Науқас оқшаулау бөлімінде ауызсудың жоғы, дәретхананың істен шыққаны және жатын бөлмелердің ластығы туралы шағымданған. Алайда ауруханада жазғы мерзімде жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты ауызсу кесте бойынша берілуде. Оның науқастарға кедергісі жоқ. Себебі кесте бойынша ауызсу берілгенде бөлімшеде су қоры дайындалады, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Пандемия кезінде байзақтық медицина маманы Ф.Жанбатырова тіпті Мемлекет басшысына бейнеүндеу жолдады. Ол шағымында аудандық арухананың бас дәрігері заңсыз ақша жинап жатқанын жайып салады. Бұл дерекке қатысты Хамит Мырзақасымов нақты қабылданған шараларды айтты.
– Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа жолдаған Ф.Жанбатырованың бейнеүндеуінде көрсетілген мәселелерді зерделеу мақсатында облыс әкімі аппаратының басшысы 2020 жылғы 30 маусымда жұмысшы топ құрып, жергілікті жерге шығу арқылы тексеру жұмыстары жүргізілді. Зерделеу барысында Жуалы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Б.Алпысбай, орталық аурухана бас дәрігерінің экономика ісі жөніндегі орынбасары А.Байтөреев, орталық аурухананың әкімшілік бөлімінің басшысы Х.Оманов және орталық аурухананың касса қызметкері Э.Мырзалиевадан түсініктеме алынды.
Жұмысшы топ аурухана қызметкерлерімен кездесу барысында жасырын сауалнама жүргізіп, сауалнама нәтижесі бойынша 37 қызметкердің 21-і ақша жинау фактісін растады. Сонымен қатар аурухана қызметкерлері Тілеуберді Бақытжан, Ырысалды Оразбакова, Жанар Исмайлова аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің экономика ісі жөніндегі орынбасары Абзал Байтөреев және әкімшілік бөлімінің басшысы Хамза Оманов тарапынан ай сайын 29 000 теңгеден 150 000 теңгеге дейін ақша жинау фактілері болғаны туралы ашық мәлімдеді.
Ф.Жанбатырова орталық аурухана бас дәрігерінің экономика ісі жөніндегі орынбасары Байтөреевтің айтуымен касса қызметкері Эльмираға Мырзалиеваға осы жылдың сәуір айындағы үстемеақысынан 39 000 теңге бергенін, ал мамыр айындағы үстемеақысынан 150 000 теңге сұраған кезде қарсы болып, беруден бас тартқанын айтты.
Жоғарыдағы мәселелерді қорытындылай келе, аталған өтініш бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Орталық аурухана бас дәрігерінің экономика ісі жөніндегі орынбасары Абзал Байтөреев жұмыстан босатылды, – деді Хамит Саттарқұлұлы.
Естеріңізде болса, оқиға болған тұста Жуалы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Б.Алпысбай да жұмыстан босатылатыны туралы айтылған болатын. Алайда бас дәрігер дәл қазір соттасып жатқан көрінеді. Сол себепті Хамит Мырзақасымов ол туралы ештеңе айтпады.
Меркі ауданындағы дәрігерлер дауын да көпшілік ұмыта қойған жоқ. Әлеуметтік желі арқылы жанайқайын білдірген медицина мамандарының шағымы толықтай дәлелін тауып, жұмыс тобының жүргізген қорытындысы бойынша Меркі аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Д.Нүсіпбаевтың №135-ө бұйрығымен бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жаңыл Шойбекова мен бас есепші Замира Мұқаева қызметінен босатылды. Ал Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен бас дәрігердің міндетін уақытша атқарушы, бас дәрігердің экономика жөніндегі орынбасары Данияр Нүсіпбаевтың өзі жұмыстан шығарылды.
Міне, осылайша әлемдік пандемияның алғашқы толқыны медицина саласындағы біраз былғары орындықты шайқады. Күні кеше өз еркімен қызметтен кеткен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловты бұл тізімге қоссақ, шынында, коронавирус өңір медицинасын аямағанын аңғару қиын емес. Енді медицина мамандары пандемияның екінші толқынына дайындық үстінде. Бұл кезең Жамбыл облысы үшін жеңіл өтіп, ақ халаттылардың арызы да азаяды деп үміттенеміз.