Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Жамбыл облысы әкімінің жаңа орынбасары болып Талғат Мамаев тағайындалды. Ол экономика және қаржы салалары бойынша жетекшілік ететін болады.
Талғат Шариұлы Мамаев 1977 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген.
1998 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2000 жылы Жамбыл ауданы бойынша салық комитетінің маманы ретінде бастап, 2003-2006 жылдары Жамбыл облысы бойынша Салық комитетінің бөлім бастығы, басқарма бастығы, төраға орынбасары сынды қызметтерді атқарған. 2006-2008 жылдары Қазақтан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитетінің әкімшілендіру және ірі салық төлеушілерді мониторингілеу басқармасының басшысы, 2008-2012 жылдары Шығыс Қазақстан облысы бойынша салық департаментінің бастығы, 2012-2014 жылдары Қарағанды облысы бойынша салық департаментінің басшысы, 2014-2017 жылдары Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы, 2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры лауазымында болды.
2019 жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етті.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың барлық орынбасары толық болғандықтан Талғат Мамаев Сенатқа кетіп бара жатқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың орнына келген секілді. Бірақ, Талғат Шариұлы облыс әкімінің бірінші орынбасары бола ма, жоқ па ол жағы әзірге белгісіз.
Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы