Көлік саласындағы бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабыловтың тиісті қаулысы бойынша, пойыздағы вагон –мейрамханалар жолаушыларға қайта қызмет көрсетеді.
Атап айтқанда, жолаушылар пойыздарында жұмысын қайта бастайтын вагон-мейрамханалар (буфет) жолаушылардың алдын ала тапсырысы бойынша жеткізіп беру қызметін көрсетеді және әлеуметтік арақашықтық сақтай отырып, тамақтану залында 50 пайыз ғана жүктемемен жұмысын бастайды.
Сондай-ақ тамақтану орнындағы қызметкерлер маска тағып, қолғап киіп, ауысым алдында термометриядан, яғни ауру белгілері бойынша тексеруден өтуі керек.
Аталмыш нысанда міндетті түрде санитарлық және дезинфекциялық режимді сақтап, дайын тағамды тапсырыс берушіге (жолаушыға) орап жеткізуі керек.
Сондай-ақ жолаушылар 1 метр әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтап, вагондар арасында еркін жүре алады.
Айта кетейік, COVID-19 бойынша қалған шектеу талаптары күшінде қалады.