Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғиният коронавирусқа шалдыққандар саны артқан жағдайда Қазақстандағы мектептер карантинге жабылатынын айтты.
Бұған дейін елімізде қыркүйектен бастап студенттер мен оқушылар қашықтан оқыса да, алыс ауылдардағы балалар мектепке бара алатыны туралы хабарланған.
«Балалар мектепке барғанда ауырып қалуы мүмкін. Мектептерде санитарлық талаптар сақталады. Балалардың денсаулығы бақылауда болады. Қызуы көтерілген, мазасы болмай, ЖРВИ белгілері байқалған балалардың мектепке келуі шектеледі. Біз науқастану, азаматтардың медициналық ұйымдарға жүгіну көрсеткіштерін қарап отырамыз. Егер аурулар саны көбейіп кетсе, аталған мектептер карантинге жабылады», - деді А.Ғиният.
Дегенмен карантинге қатысты нақты шешімді санитар дәрігерлер шешеді.