Дамушы елдер де жеткізбей кетті
Бұл мәлімдеме Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жасалды. Жалпы, Қазақстан экономикасының дамуын халықаралық рейтинг агенттіктері оң бағалауда. Мысалы, Moody's және FitchRatings республикамыздың рейтингін «инвестициялық сенімділік» деңгейінде растады. Биылғы 21 тамызда FitchRatings агенттігі елімізге «тұрақты» болжамы бар «BBB» деңгейінде рейтинг берді. Әйтсе де, жиында жария етілген «Қазақстанның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы» бұрынғы жылдардағы пессимистік сценарийге көбірек ұқсайды. Бірақ мұнысы енді базалық сценарий екен. Ол сценарийге сәйкес, ЖІӨ нақты өсімі 2021 жылы 2,8 пайыз деңгейінде ғана болжанып отыр. 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,6 пайызға жетеді. Еске сала кетсек, экономистердің есептеуінше, Қазақстан дамыған елдерді қуып жетіп, қатарына қосылу үшін оның экономикасы ғасыр ортасына дейін жылына кем дегенде 5 пайыздан көп өсуі тиіс. Атаулы ЖІӨ көлемі 2021 жылы 76,7 триллион теңгені, ал 2025 жылы 104,8 триллион теңгені құрайды. Теңгенің тұрақты түрде құнсыздануы кесірінен осы көрсеткіш 2025 жылы шетелдік валютадағы сомасы 182,6 млрд доллар ғана болады. Халықаралық валюта қорының рейтингі бойынша, Қазақстан бұл көрсеткішімен бесжылдықта әлемдегі елулікке де кіре алмайды. Ұлттық валютасының «салмақ жоғалта» беруі кесірінен республикамыз ұзақ жылдан бері бір орынды таптаудан басқа қауқар көрсете алмауда. Басты экспорттық тауарымыз – мұнай қымбат болған 2017 жылы атаулы ЖІӨ – 163 млрд, 2018 жылы 173 млрд долларға жетті, дегенмен өзге елдердің өрлеуі нәтижесінде бәрібір 154-орында қалды. Кейінгі 2 жылда одан төмен құлдырап кетті. Ал 2025 жылы 182 млрд межесін алса, 53-орынға көтерілуі ықтимал. Әзірге дүниежүзілік рейтингте Қазақстан атаулы ЖІӨ-і көлемі бойынша Чехия (245 млрд доллар), Вьетнам (241 млрд), Румыния (240 млрд), Ирак (224 млрд), Катар (191 млрд), Алжир (174 млрд) секілді дамушы елдерден де төмен тұр. Базалық сценарийде 2021 жылы мұнай өндіру 86 млн тоннадан 2025 жылы 100,7 млн тоннаға дейін өседі деп жорамалданған. Пессимистік сценарий саланың ахуалы одан нашар болатынын аңғартады.Қазына триллиондарға кеміді
Жаңа сценарийге сәйкес, алдағы 3 жылдың басты қаржылық құжаты да қайта жазылып шықты. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, 2021-2023 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде келесі болжамдар қолданылды: біріншіден, ЖІӨ 2021 жылы – 2,8 пайыз, 2022 жылы – 3,7 пайыз және 2023 жылы 4,6 пайызға өсуі керек. Бұрын кем дегенде 5 пайыздап өсу міндеті қойылған. Екіншіден, 2021-2022 жылдары инфляция – 4-6 пайыз, 2023 жылы – 4-5 пайыз болмақ. Бұрынғы меже 3-5 пайыз болып еді. Үшіншіден, 2021-2023 жылдары мұнай бағасының 1 баррелі 35 доллар болады деп белгіленді. Бұрынғы бюджеттер 55 долларға құрылған. Төртіншіден, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы – 6 трлн 926 млрд теңгені, 2022 жылы – 8 трлн 566 млрд теңгені, 2023 жылы 9 трлн 217 млрд теңгені құрайды делінді. Пандемияға дейін бюджет кірісі 2021 жылы – 8 трлн 636 млрд теңге, ал 2022 жылы – 9 трлн 44 млрд теңге көлемінде болжанған-тын. Яғни, келесі жылдары бюджет жыл сайын 1-2 триллион теңге жоғалтпақ. Бесіншіден, Үкімет «көрпеге қарай көсіл», яғни қанша тапсаң сонша жұмса қағидасын бұдан әрі де ұстана алмайтынға ұқсайды. Себебі шығыны кірісінен екі еседей артық. Республикалық бюджеттің шығыстары 2021 жылы – 14 трлн 49 млрд теңге, 2022 жылы – 13 трлн 873 млрд теңге, 2023 жылы 13 трлн 889 млрд теңге көлемінде болжануда. Жетпейтін қаржы мұнай-газ және металл экспортынан түскен валюта құйылатын Ұлттық қордан тартылады және шетелден қарызға алынады. – Кепілдендірілген трансфертті тек әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыру үшін жұмсау көзделген. Тиісінше, даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту үшін 2021 жылы Ұлттық қордан тағы 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тарту ұсынылады, – деді еліміздің бас экономисі Р.Дәленов.Ұлттық қордағы ақша азайып келеді
Еліміздің бас банкирінің даусы да жабырқаңқы шықты. Биылғы жыл соңына қарай экономика көрсеткіштері нашарлауы ықтимал екен. – Ұлттық банктің қазақстандық кәсіпорындарға жүргізген сауалнамасы көрсеткендей, биыл 3-тоқсанда экономикалық белсенділіктің төмен қарқыны күтіліп отыр. 2020 жылы төлем балансының ағымдағы шотының тапшылық дефициті қалыптасады. Бұған 2020 жылы мұнай бағасының жалпы төмендеуі және мұнай өндіруді қысқарту бойынша OPEC+ мәмілесінің талаптарын сақтау ықпал етеді. Биылғы жыл қорытындысында депозиттердің әлсіз өсуі күтілуде, өйткені халықтың нақты табысы төмендеді, – деді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев. Ол биыл іскерлік белсенділіктің баяулауы экономикаға берілетін несиелердің азаюына соқтыратынын жеткізді. Бизнеспен айналысқысы келетіндер, компаниялар саны азайса, олар кредитті де кем тұтынады. 2020 жыл басталғалы банктер 13,9 трлн теңге несие беріпті. Мұнай бағасының құлауы, одан түсетін түсімнің күрт кемуі, бюджет шығындарының еселеп артуы ақыр соңында Ұлттық қордың азаюына әкелді. Заңнамада Ұлттық қордағы қазына көлемі ЖІӨ-нің 30 пайызынан кем болмауы тиіс деген міндет бекітілген. Ел Үкіметі осы «қауіпті табалдырықтан» аттауға жақын қалыпты. – Бюджет тапшылығы, республикалық бюджеттің жобасы Ұлттық қордан трансферт түрінде алынатын қаражат көлемінің едәуір артуын көздейді. Нәтижесінде, болжам бойынша 2023 жылдың соңына қарай Ұлттық қор қаражаты ЖІӨ-нің 30,8 пайызын ғана құрайды. Демек, ЖІӨ-нің 30 пайызынан кем болмайтын қалдығын бұзуға жақындайды. Осыған байланысты Ұлттық қордың жинақтау функциясын сақтау және мұнай тапшылығын азайту үшін шаралар қабылдауымыз қажет! 2021 жылы қордан бюджетке алынатын кепілдендірілген трансферт көлемі – 2,7 трлн теңге, 2022 жылы – 2,4 трлн теңге, 2023 жылы 2,2 трлн теңге болады. Сондай-ақ 2021 жылға 1 трлн теңге көлемінде қосымша нысаналы трансферт көзделген, – деп ескертті Е.Досаев. Қордың жинағын көбейте алар жаңа шаралардың қандай екені белгісіз. Ол қабылданғанша, Үкімет жуықтауға болмайтын әлгі межеге тоқтаусыз таяй бермек: сонда Ұлттық қорда 2020 жылдың соңында 27,3 трлн теңге немесе ЖІӨ-ге шаққанда 38,5 пайыз көлемінде қаржы қалады. Ал 2021 жылы – 26,6 трлн теңге, 2022 жылы – 26,9 трлн теңге, 2023 жылы 27,6 трлн теңге қаражат қана қалады. Бұл ЖІӨ-ге шаққанда – 30,8 пайыз. 3 жылдан кейін жағдай өзгермесе, шенеуніктер 30 пайыздық меже шекарасын бұзып өтпек.Елдос СЕНБАЙ