Бүгінгі таңда Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға жетіп отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 6,1 пайызға дейін өсуі мүмкін. Еңбек министрлігі осындай болжам жасады. – Бұл болжамға оң және теріс әсер ететін бірнеше фактор бар. Теріс әсері жағына келетін болсақ, бұл ретте пандемияны айтуға болады. Біз қазір пандемияның екінші толқыны болатынын болжап отырмыз. Егер екінші толқын болса немесе карантин шаралары жалғасатын болса, әрине ол динамикаға теріс әсер етеді. Сонымен бірге, оң факторларға келетін болсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» өз нәтижесін беруде, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкенов ОКҚ-да өткен брифингте. Ол сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын және Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру жұмыссыздық деңгейін 5 пайыз көлемінде ұстап тұруға мүмкіндік беретінін айтты. – Жағдайға байланысты аталған мәселе қайта қарастырылуы да мүмкін. Бірнеше әсер етуші фактор бар, біз оларды бақылауды жалғастырамыз. Әзірге, жыл соңына дейін Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызға жетуі мүмкін, – деп сөзін толықтырды вице-министр. Иә, расымен қазір жалғыз Қазақстанда ғана емес, барлық елде жұмыссыздық мәселесі өзекті. Көршілес Ресейде жұмыссыздар саны маусым айындағы мәлімет бойынша 4 млн 606 мың адам болған. Карантин кезінде Украинадағы ресми тіркелген жұмыссыздар саны жарты миллион адамнан асқан. Ал Арменияда жұмыссыздық деңгейі жыл соңына дейін 20 пайызға дейін өсуі мүмкін. Аустралияда жұмыссыздық деңгейі өткен айда 7 процентке артқан. Яғни, небәрі бір айда 16 мыңнан астам азамат жұмыссыз қалған. Бұл туралы сол елдің статистика бюросы хабарлады. Мекеменің дерегіне сәйкес, мұндай көрсеткіш бұл елде соңғы 22 жылда тіркелмеген. Ұлыбританияда да жұмыссыздық деңгейі соңғы 11 жылда болмаған деңгейге жеткен. Оңтүстік Кореяда да коронавирус салдарынан жұмыссыздар қатары көбейіпті. Соңғы бір жылдың ішінде жұмыссыздар саны 0,1 пайыздан 4 пайызға артып, 277 мыңға жеткен. Сондықтан бұл мәселемен барлық мемлекет күресіп, тиісті шараларды қабылдау үстінде.
Жарты миллион жұмыссыз бар
Елімізде қазіргі уақытта жұмыссыз жүрген 400-500 мыңға жуық адам бар екен. Оның басым бөлігі елорда тұрғындары болып шықты. Бас шаһарда табысынан қағылғандар саны 50 мыңнан асып жығылады. Алматы облысында да қол қусырып бос отырғандар қатары көп. Оңтүстік астанада жұмыссыздар қатары 48 мыңға жуықтайды. Ал жыл басынан бері Орал қаласында жұмыссыздық деңгейі 30 пайызға дейін өскен. Бұған мұнай кен орындарында еңбекшілердің жаппай жұмыстан босатылуы себеп болған. Соңғы күндері қалалық жұмыспен қамту орталығында ұзын-сонар кезек пайда болды. Келушілердің бірі жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыға өтініш жазса, енді бірі қолайлы қызмет іздеп келген. Солтүстік өңірде де жұмыссыздардың саны 41 мыңға жеткен. Осы мәселені шешу үшін министрлік алдағы уақытта бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ. Мәселен, биыл қабылданған 11 мемлекеттік бағдарлама дәл осы жұмыссыздықты жоюға бағытталып отыр. Жоспар бойынша 1,2 млн азамат қызметке тұруы тиіс. Оның тең жартысы «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұмысқа тартылады.Жұмыссыздыққа көлеңкелі экономика да әсер етуде
Өкінішке қарай, жұмыссыздық пен көлеңкелі экономиканың бір-біріне байланысы болатын кездер де болады. Дағдарыс кезінде бірқатар компания жалақыны конвертке салып беру арқылы ресми салықтан жалтаруды көздейтіндер ресми статистикадағы жұмыссыздар көрсеткішіне әсер етеді. Дегенмен статистикада көлеңкелі экономикада жүргендер саны 10 пайыз ғана дейтін дерек бар. Бірақ «өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың» қаншасы жұмыссыз қалғанын болжау қиын. Өйткені олар арнайы тіркелуді қажет деп те санамайды. «Дағдарыс жағдайында жалақыны конвертпен беретіндердің үлесінің артуы заңды нәрсе. Себебі шығынға ұшыраған, дағдарыс жағдайындағы кез келген кәсіпорын өзінің шығындарын азайтуға тырысады да, салық төлемей жұмысшыларымен қолма-қол жалақыға келіседі. Бұған бізде арнайы заң қарастырылған. Арнайы әкімшілік жазалау түрі бар. Яғни, айыппұл салынады. Бірақ бұл тиімді әдіс емес. Біздегі салынатын салықтың үлесі, қомақтылығы жайында да көптеген пікір айтылып жүр. Егер Еңбек кодексі бойынша Еңбек келісімшартын жасайтын болсаңыз, онда 30 пайыздан аса айлықты салық ретінде мемлекетке қайтарасыз. Бұл – өте үлкен сома. Сондықтан Еңбек шартына байланысты, салықтан босату бойынша түрлі жеңілдіктер қарастыру керек деп ойлаймын», – дейді Серік Бейсенбаев. Несін жасырайық, жұмыссыздық және оның төңірегіндегі бірқатар проблема күн тәртібіндегі негізгі мәселеге айналды. Әзірге оны шешудің түрлі оңтайлы жолдары қарастырылу үстінде. Әзірге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын және Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін 5 пайыз көлемінде ұстап тұру міндеттелді. Алдағы уақытта бұл бағытта айтылған орынды ұсыныстар ескеріліп, жұмыссыздықпен күрес бойынша нақты шешімдер қабылданса, елдегі жұмысшылар қатары да арта түсер деген үміттеміз.Абылайхан ЖҰМАШ