Кеңес Төрағасы Қ.Мәми осы кітапқа жазған өзінің кіріспе сөзінде «Конституциялық Кеңес «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы шеңберінде қоғамдық сананың құрамдас бөлігі ретінде азаматтардың конституциялық мәдениетін жаңғырту бойынша шаралар қабылдап келеді. Осы мақсатта оқушы жастармен де мақсатты жұмыс жүргіземіз. Соңғы жылдары олардың қатысуымен бірқатар конкурс, іскерлік ойындар, кездесулер, ашық есік күндері өткізілді, оқушы жастар кеңестің отырыстарына және басқа шараларға шақырылды. Конституцияның 25 жылдығын мерекелеу аясында жалпы білім беру мектептері оқушыларының арасында сурет салудан республикалық тақырыптық интернет-конкурс ұйымдастырылды» деп көрсетіпті.Жинақтың құндылығы балалардың таза сезімімен бейнеленген Ата заңға құрметі ешкімді бейжай қалдырмайды. Өрендер жазған Негізгі заңға үміт, сенім бізде конституциялық демократияның қанат жаю мөлшерін байқатады. Ұлы Абай айтқандай, «Мен кешегінің соңы, сен ертеңгінің басы» екенін мойындатады. Қостанайдан Жаннұр Шәкірованың салған суретінде ақша бұлттың фонында үш би өткеннің, ата дәстүр, ұлттық құқықтық әділеттілігінің императив ескерткіші болса, Конституцияға 25 жылды көрсетіп тұрған жас қыз туындап келе жатқан конституциялық демократияның өкілі. Аспандағы ақ бұлт – туар тәуелсіздіктің үміті, алтын күн мен қыран – жарқын дербес елдің символы. Теміртау қаласынан 13 жасар Айсана Жаумитова салған суретте Қазақстан аумағын көк Ту бүркеп, бабалардың қанымен суарылған қызыл түсті алтынданған Конституция көсіліп тұр. Мұнда еліміздің, жеріміздің үстемдігі құламайтын Туымыз, тұғырымыз Конституция екенін бала жүрек қалай терең сезінген?! Ата заң ұлттық сананың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін. «Конституция заңмен өрнектелген жалпыұлттық идея», деп жазыпты 10-сынып оқушысы Ботагөз Қажыбекова.
«Менің өмірімнің баға жетпес қазынасы еліміздің Конституциясы деп толық негізде айтар едім. Себебі туғанымнан бастап құқықтарым мен бостандықтарым әбден қорғалған. Тегін орта білім, тегін медициналық жәрдем пайдаланамын. Мемлекетіміз талантты балаларға толық қамқорлық жасаған. Мен робототехникадан республикалық, қалалық сайыстарға, әртүрлі бағдарламамен қатысып жеңімпаз атандым» депті 11-сынып оқушысы Рамазан Тұтқабаев.Конституция қанатына байлап, шаңырақта қалқып тұрған қыранды салған қостанайлық 12 жасар Романова Елизаветаның Отанын қалай сүйетініне риза боласың. Жас өрендер Ата заңды халқымыздың өткен тарихымен сабақтастықта қарастыруы да қызығушылық тудырады. Әулиекөлдің Құсмұрынынан 12 жастағы Драгун Романның суретінен байқаймыз, ашылған Конституция бетінің бір өңірінде көне түрік, Алтын Орда, Кенесары хан, ал ашылған бетінде қазақ елі, Тәуелсіздік монументі, Бәйтерек пен Ақорда, Әнұран, желбіреген көк Туымыз бейнеленген. Өткен мен бүгінгі тарих ұрпақ санасында Конституция қуатымен қабылданады. Демек, конституциялық мәдениет балалардың санасына жол табуда, олардың дүниетану талғамына заң үстемдігі деген ұғым берік бекиді деген сенімдеміз. Елімізде конституциялық заңдылықтың қанат жаюы, қоғамдық өмірде оның нормаларына сүйеніп, ол баянды еткен еркіндікті сезіну, оның қорғаушылық қуатының арта түскенін де көрсетіп отыр. Өткен жиырма бес жылда Қазақстан Конституциясы қоғамды алға сүйреуші, оның бірлігі мен ынтымағын жарастырушы, ұлттық идеясының қайнар көзі, мемлекеттілігімізді нығайтушы құжат болып қалыптасты. Оны балалар шығармашылығынан да айқын көруге болады.
Ардақ СҰЛТАН