Тараздағы түзеу мекемесінде сотталушылардың конституциялық құқықтары барынша қорғалуда. Жазасын өтеушілерге қатысты зорлық-зомбылық және басқа да адамның ар-намысына нұқсан келтіретін әрекеттерді болдырмауға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл ретте түрмеде жатқан азаматарды жұмыспен қамту, кәсіптік білім беру, тіптен арнаулы орта оқу орнына түсуге де мүмкіндік жасалған.
Бұдан өзге ЖД-158/7 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілердің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау аясында бірқатар міндетті іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен сотталғандарға медициналық қызмет көрсету мен тұрмыстық жағдайын түзеу жұмыстары жан-жақты қаралған. Тек жыл басынан бері Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/7 мекемесінде жазасын өтеуші сотталғандарға оннан аса әртүрлі деңгейдегі ота жасалды. Ал мерейлі мереке Ата заңымыздың 25 жылдығына орай тағы да бір түзелу жолына түскен жанның қуанышы еселенді. 2003 жылдан бері тірек қимыл сүйегі зақымданып, сал ауруына шалдыққан А.Т.Шириновқа Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мұрындық болуымен су жаңа мүгедектер арбасы тапсырылды.
– Әрине біздің қылмысымыз құптарлық емес. Соған қарамастан мұнда қолдан келгенше лайықты жағдай жасалуда. Қылмыскер деп ешкім өзектен теппеді. 15 жылдан астам төсекке таңылып, денем ырқыма көнбей жатқан болатын. Алайда Үкімет тарапынан қажетті дәрі-дәрмек, жөргек, өзге де заттар тегін берілуде. Тіпті бүгін арнайы арбаға да қол жеткіздім. Қуанышымда шек жоқ. Конституциямыздың 25 жылдық мерекесі құтты болсын! Жасай берсін Қазақстан!, – дейді сотталушы Ширинов.