Еден жуушы өзінің алып жүрген жалақысы құжатта көрсетілгеннен әлдеқайда аз екенін айтып сотқа шағымданды - деп хабарлады Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты.
Ведомствоның мәліметінше, ол өзінің талап арызында 2013 жылдың қаңтарынан бастап «Ф» ЖШС-де еден жуушы болып жұмыс істегенін көрсетті. 2019 жылдың тамыз айында ол жаңадан жұмысқа қабылдаған бухгалтер арқылы алып жүрген жалақысы өзіне белгілеген жалақымен сәйкес келмейтінін білді. Ай сайын ол қолына 50 000 теңге алған, ал құжаттарда 93 000 теңге деп көрсетілген. Оның жұмысы мен жалақысы туралы мәлімет пен құжаттарды беру туралы өтінішіне жауапкер жауап бермеген, жұмыстан шығу туралы өтінішіне қол қоймай, еңбек кітапшасын қайтармаған.
"Сот мәжілісі барысында тараптар медиативті келісім арқылы дауды шешу туралы өтініш білдіріп, келісімнің шарты бойынша талапкер өзінің талабынан толығымен бас тартып, алдағы уақытта жауапкерге ешбір талабы болмайтынын айтты, ал жауапкер талапкерге 400 000 теңге ақшаны банктік шотына аудару арқылы төлеуге, сондай-ақ сот ұйғарымы күшіне енген уақыттан бастап 3 жұмыс күні ішінде еңбек кітапшасын қайтаруға міндеттелді, - делінген хабарламада.
Сот ұйғарымымен медиативті келісім бекітілді. Ұйғарым заңды күшіне енді.