Өкінішке орай, 44859 әскери бөлімінің техникалық аумағында жарылыс салдарын жою барысында жанбай қалған, жарылу қаупі жоғары заттар табылуда. Оларды тасымалдау да аса қауіпті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Сондықтан оларды жою жұмыстары үшін әскери бөлімнің техникалық аумағында арнайы орын дайындалған. Бұл орын қауіпсіздік ережелеріне сәйкес ұйымдастырылған. Жарылғыш заттарды өртеу барысында пайда болған қауіптерді төмендетуге керекті арнайы құрылғылар қолданылуда. Өртеу кезінде тек қана дыбыстық әсер мен түтін болады. Жергілікті тұрғындарға төніп тұрған қауіп жоқ»,– деп жазылған хабарламада.
Жоспарға сәйкес жарылғыш заттарды жою жұмыстары күнделікті сағат 8.00 мен 13.00 аралығында жүргізіледі.
«Құрметті қала тұрғындары! Аталған іс-шаралар қаламызды қауіпті оқ-дәрілерден залалсыздандыру үшін атқарылып жатқандықтан түсіністік танытуларыңызды сұраймыз. Залалсыздандыру жұмыстары қорғаныс министрлігінің арнайы мамандарының бақылауында. Қауіпке негіз жоқ. Үрейге бой алдырмаңыздар! Жалған ақпарат таратушылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатындығын назарларыңызға жеткіземіз»,– дейді қала басшылығынан.