Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Кіші Қоскөл көлінде балық қырылды, деп хабарлайды СҚО экология департаменті баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, өлген балық Кіші Қоскөлдің солтүстік-батыс жағалауынан табылған. 500 келі өлі балық жиналған. Мамандар судың сынамасын зерттеуге алды. Ал өлген балықты ветеринарлық зертханаға жіберді. Ол жерде мөңкенің неден өлгенін анықтау үшін сараптама жасалады. Ал көлді жалға алушы оны тазартып, өлген балықтарды жоюы керек.
Көл басына экологтармен бірге облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының өкілдері, Антонов ауылдық округінің әкімдігі және Айыртау ветеринарлық стансасының мамандары барды.
Бұған дейін Тайынша ауданындағы Шағлытеңіз көлінде балық қырылған болатын. Арнайы құрылғы суқоймасы маңында күкіртсутектің мөлшерден көп болғаны анықталды.Балықтың нақты қырылу себебін ведомствоаралық комиссия анықтайтын болады.
Мамыр айында М.Жұмабаев ауданындағы Питное көлінде де балық қырылған еді. Ол жолы 500 келі мөңкенің қырылуына күкіртсутектің көп мөлшерде бөлінуі себеп болды.