Алыс-жақын елдерден көшіп келген отандастарымызбен праймериз өткізу барысы талқыланды
Алыс-жақын елдерден көшіп келген отандастарымызбен праймериз өткізу барысы талқыланды
299
оқылды
«Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев праймериз бойынша алыс-жақын елдерден көшіп келген отандастарымызбен Zoom конференциясында бас қосып, келелі мәселелерді көпшілікпен бірге талқылады. Жиынды журналсит Айдос Жұқанұлы жүргізіп отырды.  Алдымен партия хатшысы Арман Қырықбаев партияішілік праймериздің халықтың үмітін қаншалықты ақтайтынына тоқталды. – Біз бұл праймеризге үлкен үміт артамыз. Бұл науқан «Nur Otan» партиясы депутаттарының санын жаңғыртудың тиімді жолы. Осыны іске асыру үшін елдің алдына шығып халықпен кездесетін, өзінің сөзіне жауап бере алатын, талап қоя алатын, уәде беріп қана қоймай, соны орындай алатын азаматтар керек. Елбасының тапсырмасы бойынша біз қазіргі уақытта праймеризді бастап кеттік. Дода болғаннан кейін, бұл жерде талас, тартыс жүреді. Әр аймақтың өз серкелері бар, ықпалды күштері, топтары бар. Ол енді бесенеден белгілі. Олардың қай-қайсысы болмасын осы праймеризде жеңіске жеткісі келеді. Праймериздің жоғары деңгейде, мейілінше әділ өтуі барлығымызға байланысты. Елдің алдында жүрген, қоғамға пайдасы тиетін азаматтар науқанға қатысса, праймериз де жақсы өтеді. Ал біз өз тарапымыздан қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді партия хатшысы. Конференция кезінде «Nur Otan» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімшесінің кеңе  сшісі Ауыт Мұқибек праймеризге қатысатынын айтты. – Праймериз бұл батыста бар дәстүр. Оған бүгінде халықтың арасында да үлкен қызығушылық бар. Қазақстанда ауқымды іс-шараны өткізу туралы әңгіме айтылған кезден бастап елеңдеп жүрген азаматтардың бірімін. Оның екі себебі бар. Бірі оған қатысушы азамат ретінде, екіншісі партияның қызметкері болғандықтан оның сәтті өтуіне өз үлесімді де қосқым келеді, – деді Ауыт Мұқибек. Маркентиг және PR маманы Назгүл Жарданбек те аталған науқаннан тыс қалмайтынын әңгіме барысында айтып қалды. – Мемлекеттік басқару жүйесіне шетелдік үздік тәсілдерді кіргізгеніміз бізге мемлекеттік қызметтерді жеңілдете түседі. Соның бірі осы праймериз өткізу. Қазіргі кезде елімізде белсенді жастар көп. Олардың талпынысы жоғары. Партия ішінде праймериз арқылы осындай белсенді азаматтарды іріктеп шығару жұмыстары жүргізілуде. Осы сәтті біз оңтайлы пайдалана білуіміз керек. Сондықтан мен қолымды сілтеп, бұл мүмкіндіктен қалыс қалғым келмейді. 30 жыл бойы істеген жұмысымның нәтижесін енді мемлекет қызметіне арнағым келеді, – деді ол. Өз кезегінде Ғазиз Тастаев «Nur Otan» партиясы енгізіп жатқан жаңашыл қадамдар мен өзгерістерді қуана құптайтынын айтса, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төраға орынбасары Жәнібек Лесбеков алдағы уақыта елімізге көшкісі келетін қандастардың мәселесін партиямен бірге қарастыру керек екенін тілге тиек ете келе, праймериз кезінде партия сайлауға ұсынылатын өз ісіне берік, ел сенетін тұлғаларды іріктеп алатынына сенетінін жеткізді. «Отандастар қоры» ҚеАҚ қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заут мемлекетті әрмен қарай дамытуға атсалысу үшін ел азаматтарын праймеризге қатысуға шақырды. «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңыздылығын айта келе, партия мен халқымыздың алдында тұрған сыннан сүрінбей өтуді тіледі. Ал С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Экономикалық теория және құқық кафедрасының аға оқытушысы Қайрат Бодаухан праймеризге қатысушыларға елдегі демографиялық мәселелерді көтеруге, ауылшаруашылығын жандандыруға күш салу керек деген ұсынысын білдірді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Шығыстану кафедрасының профессоры Тұрсынхан Зәкенұлы Парламентке жергілікті қазақтар мен шет елдегі ағайынның мұң-мұқтажын ойлайтын, халыққа жаны ашитын азаматтардың келетініне сенетінін айтты. «Ерке-Нұр» ЖШС бас директоры Фарида Мерхамитқызы көші-қон мәселелеріне белсенді түрде араласып, атсалысқанын тілге тиек етіп, елдің саяси өмірінде халықпен бірге келе жатқанын, сондай-ақ мәслихатта істеген жылдарында жинақтаған тәжірибесін ары қарай праймеризге қатысып, жоғары деңгейде жұмыс істеуге бар күшін салатынын сөз етті. Ақын, жазушы Әскерхан Ақтай праймериз – партияішілік іріктеу елге жаңа леп әкелетін оңды қадамдардың бірі екеніне тоқталды. – Менің мақсатым – қандастарымыздың экономикалық-әлеуметтік, рухани мәселесіне қолдау көрсету, елдегі түйткілді мәселелерді шешу. Прамериз әділ өтеді деп ойлаймын. Елдің болашағына елеулі үлес қосатын азаматтардың праймериздің нәтижесінде сайланатынына сенемін, – деді Әскерхан Ақтай. ҚР Білім және ғылым мнистрлігі Ғылым комитетінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы мен «Daco motors KZ» ЖШС директоры Нұрымбек Тау да праймеризге қатысатынын айтып, өздерінің алдағы уақытта атқарар мақсат-жоспарларымен бөлісті.

Әбілмансұр ЖАСАН