Тәжірибе көп жерде қажет
Тәжірибе көп жерде қажет
5,227
оқылды
Ол алғаш рет 2008 жылы депутаттық корпусқа кіруге деген талпынысының сәтсіз аяқтал­ғанын айтады. Алайда екінші мәрте 2012 жылы халқы­мыздың жақсы өмірі үшін қо­ғамдық шараларға атсалысу мақ­сатында тағы да бағын сынаған. Сол жолы мандат иесі атан­ған Бекайдар Мұсаұлы көп­теген игі істің басы-қасында жүр­генін айтады. «Біз партия мүше­лерімен бірге мем­лекеті­міздің экономикалық және әлеуметтік саясатының жоғары деңгейде дамуын қамтамасыз ету үшін көп жұмыс істедік. Ол кез­дері партия қатарында 18 мың­дай азамат болса, бүгінде олар­дың саны 24 мыңнан асты. Мен депу­тат ретінде қаламыздың өзекті мәсе­лелерін әлі де шеше алаты­ныма сенімдімін. Депутат болу жоспарланған іс-шаралар мен қабылданған шаралар туралы хабардар болуға мүм­кіндік береді», – дейді ол. Праймеризге қатысушы өзі­нің жас қарсыластарына төтеп бере алатындай тұжырымды пікірлері бар екеніне сенімді. Сонымен қатар ол нұротандық­тармен бәсекелес болмайтын­ын, керісінше, олардың барлық бастамасына қолдау білдіруге әрқашан дайын екенін жеткізді. «Мен жастардың тал­пынысына ризамын. «Жас келсе – іске» дегендей, өзім негізінен сауатты және белсенді жастармен жиі араласамын. Ал өзім пар­тиялық жұмысқа жетілген, өндірісте жұмыс тәжірибесі бар, еңбекші халықтың ортасында жұмыс істейтін адам ретінде осы қадамға бел будым. Сондай-ақ қазіргі сәтте сауатты жастар алға ұм­тылып, үлкен жетістіктерге жетуі керек деп санаймын. Әрине, кадр­лық саясатты өзгерту керек, бірақ бұл елді тек жастар басқару керек деген сөз емес. Мемлекеттік жұмыстарға отан­дық өндірісте шыңдалған және қазақстандық экономика мен саясат жүйесін білетін нағыз мамандарды тарту қажет», – дейді Бекайдар Мұсаұлы. Оның сайлауалды бағ­дар­ламасының негізгі ба­ғыты – Шымкент қаласын өндіріс пен ғылым, мәдениет пен дәстүр, қа­жылық пен туризм әлеуетін рес­пуб­ликалық және аймақтық дамыту орта­лығына айналдыру. Айта кетейік, Шымкент қа­ласында осы уақытқа дейін праймеризге қатысуға 124 адам өтініш білдірген. Олардың 31-і қыз-келіншектер болса, 7-уі көпбалалы аналар, 44-і жас буын өкілдері. Депутат болуға бақ сынағандардың қатарында 11 мәслихат депутаты бар. Өтініш білдіргендердің 26-сы кәсіпкер, 16-сы білім және ғылым өкілі болса, 6 дәрігер, 5-еуі мәдениет және спорт саласының өкілдері, 13 азаматтық альянс және бес БАҚ өкілі бар.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы