Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық барысы қаралған болатын. Алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық аясында елімізде 8 энергетикалық блокты, 59 қазандық пен 44 турбинаны жөндеу, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін нарықта көмірдің болуын қамтамасыз ету көзделді. Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне алдағы жылыту маусымына сапалы дайындық шараларын күшейтуді, барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау және әлеуметтік саланың барлық нысанының жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне алдағы жылыту маусымына дайындық барысына пәрменді бақылау мен мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Қазіргі кезде елордада жылу кешендері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын жылыту маусымына дайындау бекітілген жоспар бойынша жалғасып жатыр. Бұл туралы брифингте Нұр-Сұлтан қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсадықов мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, қаладағы жылу электр стансаларындағы жөндеу жұмыстары 85 пайызға аяқталған. ЖЭО-2 80 пайыз пайдалануға дайын. «Астана энергия» аудандық қазандықтарының дайындығы 95 пайыз. Стансалар стандартты 20 тәуліктік жанармай қорын жинаған. Көмір қоры 427 076 тонна, оның ішінде ЖЭО-1 –103 4999 тонна; ЖЭО-2 – 323,577 тонна мөлшерінде. – Орталықтандырылған жылу жүйесіндегі жылу желілерінің қолжетімділігі 94 пайызды құрайды. Жалпы ұзындығы 1 150 метр магистральдық жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 4 700 метр болатын жылу тарату желілеріне жөндеу жүргізілуде. Жылу оқшаулауды қамтамасыз ететін 966 шаршы метр желіні қалпына келтіру бойынша жұмыстар аяқталды, – деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары. Көппәтерлі тұрғын үй қорының дайындығы 93% деп бағаланып отыр. Атап айтқанда, 2 671 үйдің 2 476-сы дайын. Сонымен қатар халық үшін көмір қоры да қамтамасыз етілген. Алматы облысында да алдағы жылыту маусымына дайындық басталды. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жылыту маусымына дайындық аясындағы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүреді. Облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш жұмыстарды жүргізу мақсатында бюджеттен 9,5 млрд теңге бөлінген. Оның 521,4 млн теңгесі жылу жүйесін жөндеуге және құрал-жабдықтар алуға, ал 9 млрд теңгесі көмір, мазут, дизель отынын сатып алуға қарастырылған. Сонымен қатар қосымша 2,1 млрд теңге кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен берілді. Жалпы, жаңа жылыту маусымына 35 орталық қазандық дайындалуы тиіс. Қорыта айтқанда, биылғы жылыту маусымы да еш қиындықсыз өтуі үшін дайындық жұмыстарын жергілікті облыс басшылығы басты назарда ұстап отыр. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары Түркістанда да қарқынды жүргізілуде. Облыстық Энергетитика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірде «2020-2021» жылдардың жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоғары деңгейде. Жылыту маусымына дейін Түркістан қаласында Отырар шағынауданындағы №2 қазандықты кеңейту және әкімшілік іскерлік орталығында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлерге жылу беретін 5 жеке қазандығын орнатып, жылу жүйелерін жүргізу жұмыстарын аяқтау көзделуде. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, тұрғындар арасында шаһарда тұрғын үйлер мен өзге де нысандарды табиғи газға көшірудің тиімділігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал облыс бойынша қазір аудан, қала халқына жылу жеткізетін 35 қазандықтың 23-і аязды қысқа сақадай-сай тұр. Қалғандарында дайындық жұмыстары басталып кетті. Өңірде 1 522 көпқабатты үй болса, оның 586-да орталықтандырылған жылумен қамту жүйесі орнатылған. Тұрғын үйлердің 80 пайызға жуығы қысқа дайын. 2 623 бюджеттік мекеменің 2 214-і жылыту маусымына толық әзірленген. БҚО-да да дайындық барысы қадағалануда. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков жуырда «Батыс су арнасы» ЖШС-нің жылыту маусымына дайындығын тексеріп қайтыпты. Ол алдымен ашық су жинағыштағы сорғы стансасында болып, аталған серіктестің ғимаратында барлық мердігердің, тиісті сала мамандары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізді. Серіктестік директоры Қайырғали Имашев жылыту маусымына дайындық кезеңінде 250 млн теңге игеру қажет екенін айтты. Ал «Батыс су арнасы» ЖШС бас директорының орынбасары Арман Кенжебаевтың айтуынша, биыл апатты жағдайлар едәуір азайған. Ақтөбеде жылыту маусымы 15 қазанда басталады. Шаһардағы дайындықты қала әкімі Ілияс Испанов пысықтады. Бүгінгі таңда аталған өңірде 2 мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй бар. 1 600-ден астамы басқару формасына ие. Қазір қалада жылыту маусымына дайындық қарқынды жүргізілуде. Көпқабатты тұрғын үйлерге жауаптылар инженерлік жылыту жүйелерін тамыз, қыркүйек айларына дейін жөндеп бітуі керек. Қызылордада да жылу маусымына дайындық барысы пысықталды. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетовтің айтуынша, аймақта алдағы жылу беру маусымында 1 185 әлеуметтік сала нысандарына 39,5 мың тонна қатты және 26 мың тонна сұйық отын, ал жергілікті тұрғындарға 163,6 мың тонна көмір отыны қажет. Бүгінде тұрғындарға қажетті 25 мың тонна көмір отыны жеткізілген. Қала және аудан тұрғындары үшін көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында көмір өндіретін кәсіпорындармен тікелей келісімшарт жасау жұмыстары басталған. Облыс бойынша 19 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын газ отынына бейімдеу жұмыстары жоспарланған. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова басқарма басшысына жылыту маусымы кезеңіне дейін қажетті шараларды кезең-кезеңімен іске асырып, жылу жүйелері талапқа сай уақытылы дайын болу керектігін тапсырды. Бұл ретте қысқа дайындық мәселелері облыстық штабтың тұрақты бақылауында болады. ШҚО Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәулет Батырбаев та өңірдегі әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтқан болатын. Оның сөзінше, Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау нысандары – 79 пайыз, білім беру нысандары – 76 пайыз, әлеуметтік қорғау нысандары – 82 пайыз, тұрғын үйлер 63 пайызға дайын екен. Өңірде ең бастысы, жылу көздері мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын отынмен қамтуға баса назар аударылуда. Облыстағы ЖЭО мен жылу көздерінде 342 мың тонна немесе 165 пайыз эксплуатациялық қор жиналған. Тұрғындарды жылыту маусымында көмірмен қамтамасыз ету үшін 1123,6 мың тонна қажет. Қазір 695,8 мың тонна көмір немесе 62 пайыз жеткізілді. Жалпы айтқанда, бұл аймақта да жылыту маусымына дайындық үнемі бақылауда тұр. Айтпақшы, биыл Павлодар облысында жылу жылдағы мерзімінен бұрын берілуі мүмкін. Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында облыс әкімінің есеп беруінен кейін депутат Владимир Берковский өңір басшысына осындай ұсыныс жасапты. Ал Әбілқайыр Сқақов бұл мәселе аудандық және қалалық ауруханаларда қарастырылып жатқанын айтып, бұл мәселені бірінші кезектегі күн тәртібінде ұстайтынын жеткізген. Әкімдіктердің деректері бойынша қазіргі уақытта республика көлемінде жылыту маусымына дайындық шамамен 70 пайызды құрайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де жергілікті атқарушы органдардың алдағы жылу беру маусымына дайындығын қадағалап отыр. 2020-2021 жылғы күзгі-қыс кезеңіне дайындық жоспарына сәйкес биылғы 1 қыркүйекке дейін елімізде білім беру объектілері 100 пайыз дайын болады екен. Барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала объектілері 2020 жылғы 15 қазанға дейін дайындалады. Жалпы алғанда, жылу беру маусымына дайындық жұмыстары тұрақты режимде жүргізіліп жатыр.