Қала әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәлімдеуінше, орталық еңбекке қабілеті бар барлық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыспен қамту саласында бірнеше мемлекеттік қызмет түрін ұсынады. Атап айтқанда, жұмыспен қамтуға ықпал ету, кәсіби даярлау, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға, жаңа бизнес-жоспарын дамытып грант алуға, арнайы жұмыс орнын құру сынды қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, жалпы І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедек жандар жұмысқа жарамды анықтамалары арқылы жұмысқа орналаса алады. І, ІІ топтағы мүгедек жандарға толық емес жұмыс уақыты белгіленген, яғни 8 сағат емес 6-сағат жұмыс істеуге құқылы. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 38 124 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның 3 681-і – І топтағы мүгедектер, 16 мыңнан астамы – ІІ топтағылар, ал 12 283-і – ІІІ топтағы мүгедектер.
Жалпы, биыл қала әкімінің тапсырмасына орай «Жастар практикасы» бағдарламасымен 3 042 жас жұмыспен қамтылуы тиіс. Жыл басынан бері кезеңде 1 976 азаматқа жұмыс орындарына жолдама беріліпті. Яғни, бүгінге дейін жоспардың 65 пайызы орындалған. Статистикалық мәліметтер жастар практикасы бойынша жұмыс істейтін мамандарға техникалық, медицина және педагогика салаларында сұраныс жоғары болып тұғанын көрсетеді. Мұнан өзге қаланың 4 403 тұрғыны ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Жыл соңына дейін 6 мыңға жуық адамды қоғамдық жұмысқа тарту көзделіп отыр екен.
Сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындарына 283 азамат орналасып, жылдық жоспар артығымен орындалғанын айта кеткен жөн.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында кәсіп бастаймын деген жандарға қолдау білдірілуде. Бүгінде үшінші мегаполистің 3 549 тұрғыны «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгеру бойынша оқытудан өткен. Оның 2 820-на оқуды аяқтағаны туралы сертификат берілсе, 729-на қатысқаны туралы сертификат табысталған.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мамандарының хабарлауынша, кәсіпкерлік негіздерін меңгерген түлектерге оқу аяқталған соң тест тапсыруға үш мүмкіндік беріледі. Егер осынау мүмкіндіктерден мүлт кетсе тек оқуға қатысқаны жөнінде ғана сертификат беріледі. Ал тесттен жақсы нәтиже көрсетсе, оқуды бітіргені жайлы сертификат алып, грантқа үміткер болады. Грант қайтарымсыз, бірақ мониторинг тобы арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Яғни, бұл – әлеуметтік көмек емес, кәсібін бастаушы кісілерге бизнес-жоспарын іске асыруына жасалып жатқан мүмкіндік, – дейді олар.
Арнайы құрылған комиссияның қорытындысынан кейін жобасы мақұлданған бағдарламаға қатысушылар мемлекет тарапынан берілетін 200 АЕК көлеміндегі грантқа қол жеткізеді. Осынау жобаға қатысушылар ең алдымен халықты жұмыспен қамту орталығынан жолдама алуы тиіс. Ары қарай «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына келмей-ақ, оқуға онлайн тіркеле алады. «Әлеуметтің әлеуетін жақсартуға бағытталған бұл игі шараның бәрі халық үшін», – дейді әкімдік мамандары.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы