Қашықтан оқыту форматында басталатын биылғы жаңа оқу жылының басында «Білім» тарифі іске қосылады. Бұл туралы «Күнделік» ЖШС бас директоры Мұхтар Ілиясов айтты.
«Жетекші ұялы байланыс операторлары «Білім» тарифін әзірледі. Құны - 990 теңге. Ол жаңа оқу жылының басында қолжетімді болады. Біз бұл мәселені шешуге белсенді қатысқан едік. Бұл тарифтен Kundelik.kz ресурсына мегабайт жұмсалмайды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Естеріңізге сала кетсек, арнаулы тарифтің іске қосылатындығы осы жылдың шілде айында белгілі болған еді. Аталған тарифтік жоспар барысында оқушылар мен ұстаздар бір-бірімен тегін сөйлесе алады.
Мұнан бөлек, отандық білім ресурстарын тегін қолдануға болады. Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі 380 ресурсты қолдап отырғаны белгілі.