«Жиделі» су қоймасы қауіпті жағдайда тұр. Жыл басында Сыр өңіріне ат басын тіреген Nur Otan Партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Бәйбекке ауыл тұрғындары осылай шағым айтты. Нысанның жағдайымен толық танысқан партия басшылығы сол кезде мәселені шешуді жергілікті әкімдік пен тиісті сала мамандарына тапсырып, тікелей бақылауға алған болатын. Жақында Nur Otan партиясының араласуымен тұрғындар өтініші оң шешімін тапты. Республикалық бюджеттен 450 млн теңге қаржы бөлініп, су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
– «Жиделі» су қоймасы Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылдық округінде орналасқан. Қыстай «Түлкілі» өзені мен таудан аққан қар суынан мұнда 10,5 млн текше метр су жиналады. Дәл қазір су көлемі соншалықты көп емес, бірақ апаттың айтып келмейтіні белгілі. 40 жылға жуық күрделі жөндеу көрмеген қоймадағы су, бөгетті бұзып кетуі әбден мүмкін, – дейді Жаңақорған аудандық «Сушар» өндірістік учаскесінің басшысы Әбдімәжит Ахметов.
«Жиделі» су қоймасы 1983 жылы салынған. Жайылма, Сүттіқұдық ауылдық округтері тұрғындары ауыл шаруашылық мақсатта яғни, егіс пен мал суатына пайдаланып отыр. Су қоймасының бөгеті, 4,5 шақырым су құбыры (лоток) апатты жағдайда. Егер су бөгетті бұзса 1,5 мыңнан астам тұрғыны бар екі елді мекенді су басып қалатын еді. Енді қауіп сейілді. Nur Otan партиясының басшылығына алығысымызды айтамыз.
Стратегиялық нысанның жалпы ұзынды 830 метрді құрайды. Қазіргі таңда ұзындығы 520, ені 25 метр бөлігіне мердігер «Г.С.Г Высотник» ЖШС-і күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Біз қазір бірінші бөгетті нығайту жұмыстарын жасап жатырмыз. Ыза су мен су толқыны бөгетті шайып кетпес үшін, мұнда арнайы ылғал ұстағыш материал мен габионды сетка пайдалынылып жатыр. Олар қиыршық тастармен толтырылатын болады. Тас жергілікті жерден алынып отыр. Одан бөлек 4,5 шақырым су құбыры ауыстырылады. Арнайы су мамандары үшін басына тұрғын үй де салдық. Бұл жұмыстарға 5 техника мен 15 адам жұмылдырылып отыр. Алда қосымша жұмыспен қамтудың Жол картасы аясында 27 жергілікті азаматты жұмысқа тартпақпыз. Жалпы жөндеу жұмыстарын жоспарда көрсетілген 2 ай мерзімде 1 қарашаға дейін аяқтаймыз, – дейді учаске бастығы Рахматулла Ерназаров.
Қаржы бөлінді, жұмыс басталды. Құрылыстың сапасы мен мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуы да Nur Otan партияcының жіті бақылауында. Мұны жұмыс барысына арнайы мониторинг жүргізіп келген Қызылорда облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Алтынбек Жарылқасыновта мердігер мекеме басшыларына нықтап айтты.
– Бұл халықтың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Сондықтан мерзімі мен құрылыс сапасы да стандартқа сай болуы қажет. Сіздердің жұмыстарыңыз партияның ғана емес, жергілікті тұрғындардың да бақылауында болады, – деді Алтынбек Жарылқасынов.