Ақтөбеліктер праймеризге белсенді қатысып жатыр
Ақтөбеліктер праймеризге белсенді қатысып жатыр
170
оқылды
«Nur Otan» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов жастармен онлайн кездесу өткізді. Кездесуге қатысқан қала мен аудан жастары партияішілік сайлау туралы пікір алмасып, сұрақтарын қойды. Олардың көбі партияішілік сайлаудың келесі кезеңдері қалай өтетінін білгісі келеді. Мәселен, байғаниндік Айтуған Тәжімұратов дауыс беру үрдісі туралы сұрады. –Праймериздің бірегейлігі – дауыс беру онлайн-форматта өтетіндігінде. Мұндай шешім пандемияға байланысты қабылданды. Өйткені «Nur Otan» үшін азаматтар денсаулығының қауіпсіздігі басты орында. 1 -3 қазан аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беруді өткізу жоспарланып отыр. 3 қазан, яғни дауыс берудің соңғы күні бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернеті жоқ елді мекендерде тұратын партияластар осындай сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады, – деді Ербол Данағұлов. Ол облыста 136 дауыс беру учаскелері белгіленгенін атап өтті. Оның интернет байланысына қосылмаған 42 учаскеде дәстүрлі бюллетеньмен, 94 участокта онлайн дауыс беру жоспарланып отыр. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары жастардың сұрағына орай партияның облыстық филиалының қадамдық жоспары 5 негізгі кезеңнен тұратын іс-шараларды қамтитынын мәлімдеді. Кандидаттар 31 тамыздан 6 қыркүйек аралығында үгіт-насихат науқанына дайындалады. Ал 7-30 қыркүйек аралығында осы жұмыстарды жүргізеді. Дауыс беру 1-3 қазан аралығында өтпек.  width= Айтуған Тәжімұратов өз сөзін праймеризге қатысудағы негізгі мақсатымен жалғастырды. Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жастар бизнестен қалыс қалмауы керек. Ол партия көшбасшыларының қатарынан табылса, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Кітап оқу мәдениетін арттырып, Еуропадағыдай қоғамдық кітап сөресін енгізгісі келеді. Кездесу барысында Мәртөк аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы, қоғамдық бірлестік төрағасы Рүстем Ерімбетов дебаттар қалай өтетін сұрады. Ербол Данағұлов 14-30 қыркүйек аралығында облыс бойынша 25 жерде жария дебат ұйымдастырылатынын айтып түсіндірді. Ол 3 деңгейде: үгіт-насихат барысында, партияның аудандық және қалалық филиалдарының конференцияларында және партияның облыстық филиалының конференциясында өтеді. –Біздің мақсатымыз – Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға алда болатын сайлауларға айқын партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін жаңа лидерлерді анықтау. Бұл үшін Елбасының шешімімен 35 жасқа дейінгі жастарға Nur Otan-ның партиялық тізімдерінде арнайы 20 пайыздық квота көзделген. Праймериз барысында өз ауданы, қаласы, облысы үшін ең лайықты өкілдер таңдалып алынатынына сенімдімін. Олар белсенді түрде жастардың мүддесін қорғайтын болады. Өңіріміздегі жаңа леп, жаңаша ойлайтын жастардың праймеризге қатысқаны маңызды, – деді Ербол Данағұлов. Айта кету керек, праймеризге Ақтөбе облысынан тіркелген кандидаттардың 29 пайызы – 35 жасқа толмаған жастар.