Бастық боласың!
Бастық боласың!
386
оқылды
Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқар­масының бұрынғы бастығы  Нұр­дәулет Исабек танысының  қолы­нан  жетелеп, оңашалады. – Бастық боласың ба?–деп сұрады ол. – Жоқ. – Жындысың ба? Анау иығын көтеріп, ойланып қалды. – Қалай сонда? – Мен сені бастың боласың ба деп сұрап тұрмын. – Я, «Мұнысы несі?» деп құ­лағымды бұрап тұрмын. Нұрдаулет Исабек оны жете­леп, тағы оңашалады. Анау түкке түсінбей  танысы болса, тынысы тарылып, желкесін қасыды. – ГКП-ның бастығы боласың. – Ол қандай мекеме? – Орысша: областной исто­рико-краеведческий музей. – Менің мамандығым кел­мейді ғой? – Келтіре сал. – Қайтіп бастық боламын? – Креслоға оырасың, қара­мағыңдағыларды жинап алып, анек­дот айтып бересің. –Болды ма? –Болды. – Е, бастық болмаймын! – Неге ойбай? – Анекдот білмеймін. – Бір анекдотты оқып ал. – Есімнен шығып кете береді. Нұрдәулет танысының ал­қымы­нан алды. – Жүр деймін! – Қайда? – Креслоңа отырғызып кете­мін. – Сосын? Нұрдәулет оның құлағына сыбырлады. – Ақша беремін бе, сізге? – Ақырын сөйле, ойбай! Ол танысының аузын ала­қанымен жаба қойды. – Жоқ, бастық болмаймын! – Неге ойбай? Боласың! – Болмаймын! – Е? – Галстугым жоқ. – Мен-ақ сатып әперейін! – Оның үстіне шіреніп жүре алмаймын, кісімсіп, өтірік күле алмаймын. –Үйреніп кетесің! Қандай адамсың өзің? Жұрт мұндай лауа­зымға өздері жүгіреді ғой? Ал, сен, осырақ қоңыз көргендей қаша­сың. – Бастық болмаймын! Нұрдәулет оның  бетіне шапа­лақпен салып қалды. – Ит адам екенсің ғой? Ол оның бетіне тағы да шапа­лақпен салып жіберді. Ояна кетсе,  түсі екен ғой. Бірақ, өзінің бетін өзі шапалақтап жатыр екен.  Түс түлкінің бірдеңесі дей салайықшы, бірақ өңіндегі оқиға басқаша өрбіді. Ділләр Абдуллаеваны жоғарыда аталған мекеменің бас­тығы  қызметіне тағайындау үшін одан 700 000 теңге алғаны үшін күдіктелініп, ақырында, жеті жылға сотталып кетті.  Ойбай-ай, ойбай, енді кім бастық болады? Сіздің бастық болғыңыз келеді ме? Бірақ бір тиынсыз?  

Ратқұм МІРЕШ