Басымды қатырма!
Басымды қатырма!
468
оқылды
«Басымды қатырма!» деген сөз әр жерде әр қилы: –Адам емессің, есексің! – дейді әйелі. –Есек емес, атпын! – дейді күйеуі. –Саған короновирус та жұқ­пайды екен! –Не деген пәле, мына қатын ештеңені ұқпайды екен! –Свинья! –Қазақша қарға деймін, мемлекеттік тілде! –Орангутан! –Басымды қатырма деймін! Ал базарда: –Костюм шалбар қанша тұрады? –Қырық мың. –Жеңімен бірге сатылады ма? –Ия да! –Қалталарында ақша жоқ па? –Қандаай адамсың өзің? –Түймелері неге домалақ? –Басымды қатырмашы, а?! Ал, шенеуніктердің дө­рекілігі ше? «Басымды қатырма!» деп, алдына келгенде сөзбен сілкілеп, қолымен желкелеп шығаратындар да бар ғой? Керек десеңіз, жер-жебіріңе жетіп:  «Қайда барсаң, онда бар!» деп айқай салатынын қайтерсің? «Алдыма адам келді ғой, мен солар үшін мәдениетті жауап беруім керек шығар?» деп ой­ланса қанеки? Мысалы, Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов өзінің ал­ғашқы  жұмыс күнінде-ақ, Талдықорған тұрғындарының зәресін алды. Куәгерлердің сөзінше жиналғандвармен сөй­лескен ол қалшылдап, діріл­деп, шалқасынан жата кетпесе де, түсін суытып: «Бала­ларды тамақтандыру керек екенін түсінемін, несие бар, анандай, мынандай. Мен не бірінші жылы тұрмыстамын ба? Болды, басымды қатырмаңдар! Сен неге түсіріп тұрсың? Осын­дайлардан кейін бәрі басталады!» – деді Сыдыманов сызданып.  «Хаби­би» серіктестігінде жұмыс істей­тін кәсіпкерлер мен өкілдер басшыдан мұндай майы сор­ғалаған сірне сөздер естіиміз деп келмесе керек. «Басымды қа­тыр­маңдар!»  деген сөз өз басына пәле болды. Оның сөзі Ден­саулық сақтау минис­трлі­гінің ресми өкілі Бағдат Қожах­метовтің құлағын дыңыл­датты. Тіпті, министр Цойдың да құлағын шыңылдатты. Шынын­да, «Басымды қатыр­маңдар!» деген сөз қатар отырып сыра ішіп отырған желөкпе жігіттер арасындағы  бір бұзақыны елестетеді емес пе? Енді не болды? Айтылған сөз, атылған оқ. Қызметтік тексеріс жүр­гізілетін болды. Өй, мұндай жағдайлар Шымкентте де болып жатады. Қарамағындағысын қуырдақтай қуырып, құлағынан қыл суырып, әке–шешеден сыбап алатындар, тіпті жұ­дырығын  ала жүгіретін шенеу­ніктерді де көргенбіз.Олар қызметтік этика заңын білмейді дейсіз бе, біледі, тек қызметтік лауазым буы ғой оларды тым еркелетіп жіберетін. Қалай десек те, шенеуніктер халықтың арқасында шенеунік. Анаау бетпақдалада, жалғыз өзі креслода шалқайып отырып, құрт-құмырсқалар мен кесірт­келерге айқайлап, кісі бола алмайды ғой?  Олай болса, ей, шенеуніктер, басты қатыр­маңдар!  

Мұхтар ШЕРІМ