«Мықты лидер – мықты партия» қағидасын басшылыққа алған саяси доданы мұнайшылар да қолдап отыр. Мұны сала өкілдері «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешовамен болған кездесуде айтты.
– Қазір праймериз қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Ашық, бәсекелестік негізінде өтетін партияішілік іріктеуге үміткер ретінде тіркелушілердің саны 500-ге жуықтады. Олардың арасында елге танымал спортшылар, дәрігерлер, ұстаздар және түрлі сала өкілдері бар. Өңіріміздің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған мұнай саласы өкілдерінің қолдап, қызығушылық танытуын біз қуанышпен қабылдаймыз. Себебі елімізді дамыту үшін әр салада мықты мамандардың болуы қажет. Біздің міндетіміз осы праймериз арқылы нағыз лидерден партияның кадрлық резервін жасақтап, жергілікті деңгейдегі мәслихатқа, Мәжіліске өз белсенділерімізді
ұсыну, – деді облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова.
Кездесу барысында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары партияішілік іріктеудің негізгі ережелері, үміткерлерге қойылатын талаптар, үгіт-насихат жұмыстары, праймериз ақпараттық жүйесінің артықшылықтары туралы айтты.
– Елдегі пандемияға байланысты азаматтардың денсаулығы мен амандығы үшін «Nur Otan» партиясы Төрағасының тікелей тапсырмасымен веб-портал мен мобильді қосымшадан тұратын «Праймериз» ақпараттық жүйесі әзірленді. Бұл жүйе партияішілік іріктеудің барлық кезеңін өткізуге мүмкіндік береді. Яғни, үміткерлерді тіркеуден бастап, үгіт жұмыстары, дауыс беруге дейін онлайн режимі қарастырылған әрі қолдануға да жеңіл. Сондықтан іс-шараның басым бөлігін біз осы мүмкіндікті пайдалана отырып өткізуге тырысудамыз, – деп түйіндеді сөзін Л.Төрешова.
Жиында мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы сөз болды. Өз кезегінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның бөлім басшысы Тілеуберген Шаутай елдегі мұнай өндіру көлемінің азаюына қарамастан, пандемия кезінде мұнайшылардың айлық жалақылары сақталып тұрғанын айтты. Сонымен қатар халық қалаулысы праймеризге түсетін азаматтар жеке бас мүддесін ғана емес, партия мүддесін ойлау қажет екенін тілге тиек етті.
Кездесу соңында партияішілік іріктеудің қыр-сырына қанық болған мұнайшылар саяси доданың сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.