Министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, «Алматы» университеті, «Қайнар» академиясы, Алматы экономика және статистика академиясы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті және Silkway халықаралық университетін қайта тексеру қорытындысы бойынша білім беру саласындағы заңнама нормаларының бұзылуы анықталды.
Осыған байланысты министрліктің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті «Алматы» университеті, Алматы Экономика және статистика академиясы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін лицензиясының күшін тоқтатты. «Қайнар» академиясы мен Silkway халықаралық университетінің ісі тексеру қорытындысына шағымдануына байланысты сотта қаралып жатыр. Сот процесі аяқталғаннан кейін тиісті шара қабылданады.
Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «құқық» даярлау бағыты бойынша (бакалавриат) лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылды. Осыған байланысты БҰМ талапкерлерді заңнамаға сәйкес білім беру қызметін жүргізуге лицензияның қолданылуы тоқтатылған жағдайда жоғары оқу орны жаңа 2020-2021 оқу жылына қабылдай алмайтынына назар аударуды сұрап отыр.