Осы бір жауапкершілігі жоғары сәтте еліміздегі әлеуеті жоғары саяси күш болып табылатын
«Nur Otan» партиясының өз қатарындағы қайраткер тұлғаларды анықтауда праймериз жариялауы республика саяси өміріндегі айтарлық оқиға болды. Әлемдегі демократиялық елдерде сыналған бұл өркениетті өнеге біздің саяси мәдениетімізді көтеруге, партия саясатының ашықтығы мен идеялар бәсекелестігін дамытуға ықпал етеді деп сенеміз.
Міне, осындай сындарлы сәтте еліміздегі саяси жағдайға сырттай бақылаушы болғаннан, іштей араласып, «ыстық-суығына күйіп көрейік» деген ниетпен партияның қатардағы мүшесі ретінде құқымды пайдаланып, праймеризге қатысуға құжат тапсырдым. Тілегіміз тоғыссын, ағайын!
Праймеризге қатыса отырып, мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға, әлеуметтік әділеттілікті арттыруға лайықты үлес қосуды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар біздің саяси мәдениетіміздің дамуына, партиялық саясаттың ашықтығына және идеялар бәсекелестігінің, ғылым мен білімнің дамуына, денсаулық сақтауды реформалауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға, ұлттық құндылықтың өзгеруіне ықпал етемін деген ойдамын.
Дәл қазір әрбір қазақстандық азамат үшін білекті сыбанып, белді бекем буып, ұлт үшін қызмет ететін уақыт келді. Жұдырықтай жұмылып, жұртымыздың жағдайын жақсартуға жұмыс істейік, ағайын!
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы,
ҰҒА корреспондент-мүшесі